Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаға суық тигенде оны қалай емдеу керек

Опубликовано:

бала
Балаға суық тигенде оны қалай емдеу керек: pixabay.com

Балалар жылына 6-10 рет суық тиіп, ауыруы мүмкін. Мұрыннан су ағу, түшкіру, тамақ ауыру сынды белгілер суық тиюден басқа да аурулардың белгілері болуы мүмкін. Суық тиюді басқа вирустардан қалай ажыратуға болады? Бұл сұраққа жауапты Кэрол ДерСаркисян мен Хайдер Абдул-Латиф Муса есімді ғалымдар тауып көрді.

Балаға суық тиюдің белгілері мен ерекшеліктері

Балалардағы суық тиюге шығу тектері әр түрлі болатын, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары жатады. Жалпы жеткіншектерге суық тиген жағдайда, ол көбінесе оңай және қандай да бір асқынусыз өтеді. Оның белгілері 1-1,5 аптаға созылуы мүмкін. ЖРВИ (жедел респираторлық вирустық инфекциялар) деп аталатын барлық вирустық аурулар басқа аурулармен ортақ белгілер мен айырмашылықтарға ие болуы ықтимал.

Баланың суықтап қалуының қандай белгілері бар? Төменге назар аударыңыздар:

  • тамақтың ауыруы;
  • мұрыннан су ағу;
  • мұрынның бітелуі;
  • түшкіру;
  • әлсіздік;
  • жеңіл жөтел;
  • дене температурасының көтерілуі.

Алғашқы белгілер вирус ағзаға енгеннен кейін 1-4 күнде белгілі бола бастайды. Олар ағзаға тез таралып, аурудың 4-10 күнінде жұмсақ жөтелге айналуы мүмкін. Суық тиген кезде кейде дене температурасы 37-37,5 °C дейін көтеріледі. Егер тамақтың ауруы кетпесе, керісінше тамақпен бірге құлақ ауыра бастаса, мұрыннан су ағу күшейеді, ал температура 38°C және одан жоғары болса, міндетті түрде дәрігерге бару керек.

Көп жағдайда суық тиюді тұмаумен шатастырып жатады. Айта кетерлігі, аурудың екі түрі де тыныс алу жолдары мен өкпеге әсер ететін вирустардан пайда болады. Олардың көптеген жалпы белгілері болғанымен, суық тию ағзаға әлдеқайда қауіпсіз болып табылады, ал тұмаудың соңы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Медицина ғылымдарының докторы Кэрол Тер Саркисян суық тиюді тұмаудан қалай ажыратуға болатынын түсіндірді

1. Балаға суық тиген уақытта оның денсаулығы біртіндеп нашарласа, ал тұмау тиген кезінде — бірден, бір күнде баланың денсаулығы әлсізденуі мүмкін.

2. Суық тию 7-10 күнге созылып, оның белгілері өздігінен жоғалуы мүмкін. Тұмау 1-2 аптаға созылып, оны уақтылы емдемесе, ауру асқынып кетуі мүмкін.

3. Суық тиген жағдайда балада тек әлсіздік байқалады, ал тұмауратқан кезде — дене ауырсынып, қалтырап, тіпті бала аздап салмақ тастауы да мүмкін.

4. Тұмау тиген сәтте, құрғақ және ауыр жөтел болса, суық тиген уақытта жөтел дымқыл болады, кей жағдайда тіпті болмауы да мүмкін.

5. Бала тұмауратқан кезде температура бірден 39°C-қа дейін, кейде тіпті одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Ал суықтап қалғанда 37-37,5 °С мөлшерінде сақталады, тек кей жағдайда 38°с жетуі мүмкін.

Ауру белгілері пайда болғаннан кейін, әр екі күн сайын аталған белгілер өзгере бастайды. Суық тиген уақытта алдымен баланың тамағы ауырса, кейін бірнеше күннен кейін тамағының ауырғаны басылады, бірақ мұрыннан су ағу басталады. Мұндайда баланың көңіл-күйі қалыпты болып, әдеттегідей серуендейді немесе ойнай алатын жағдайда болады. Ал тұмау тиген кезде бала әлсіреп, көңіл-күйі жақсы болмауы мүмкін.

тұмау
Балаға суық тигенде оны қалай емдеу керек: pixabay.com

WebMD басылымы басқа жедел респираторлы вирустық инфекцияларды (ЖРВИ) суық тиюден қалай ажыратуға болатынын айтты:

  • Риновирус. Күздің алғашқы айларында, көктемде және жазда асқынады. Олар суық тиюге қатысты аурулардың 10-40% -ын құрайды. Аурудың басты белгісі - мұрыннан су ағады. Риновирустың басқа белгілері көп бола бермейді.
  • Коронавирус. Балалар оны қыста және көктемнің алғашқы айларында жиі жұқтырады 20%-ға жуық суық тию ауруларына себеп болады. Температура күрт көтеріліп, ас қорыту жүйесінің жұмысы бұзылуы мүмкін, баланың иіс және дәм сезу қабылеті төмендейді.
  • Парагрипп. Суық тиюге қатысты аурулардың 20%-ын құрайды. Кейде бұл пневмония сияқты ауыр инфекцияларға әкеп соқтыруы мүмкін. Аурудың басты белгілері мұрыннан су ағады, бала қатты жөтеледі, температура көтеріледі, конъюнктивитпен ауырады.
  • Аденовирус. Вирус температураның күрт көтерілуінен басталады. Аурудың басты төрт белгісі бар: мұрыннан су ағады, тамақ жұтындырмай ауырады, конъюнктивит және безгек. Бұған қоса балада әлсіздік пайда болып, тәбеті жоғалады. Балаға суық тигенде, оны дәрі-дәрмектерсіз емдеуге болады, бірақ бала тез жазылу үшін, үй жағдайында кейбір ем-шараларды қолға алуға болады.

Суық тиюді қалай емдеу керек?

Суық тиюді дәрілерсіз-ақ емдеуге болатындықтан, баланы аурудан емдеу екі негізгі мақсатты көздейді: баланың хал-жағдайын жақсарту және шығу ағзадан вирустың тездетіп шығуына ем жасау. Ол үшін:

  • Баланы барынша демалдыруға тырысыңыз. Оны бақшаға немесе мектепке апармаңыз, төсек демалысын және ұзақ ұйқыны қамтамасыз етуге тырысыңыз.
  • Балаға сұйықтықты көп беруге тырысыңыз. Себебі мол жылы сусын вирусты ағзадан шығаруға, интоксикацияны жеңуге, тамақтағы қатты ауырсынуды жеңілдетуге көмектеседі.
  • Тамақты тұзды сумен шайыңыз және мұрынды шайыңыз. Егер тамақтағы ауырсыну қатты өткір болмаса, онда тамақтың шырышты қабығына қатты суық тимеген деген сөз және тұзды ерітінді тамақтағы микробтарды жоюға және ісінуді жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен бірге ол мұрынның шырышты қабаты үшін де пайдалы болып табылады.
  • Терезелерді ашып, бөлменің ауасын тазартып отырыңыз.
  • Ауаны ылғалдандырып отырыңыз. Құрғақ ауада вирустар көбейеді, сол себепті ылғалдандырғыштарды қолдануыңыз керек. Бөлмедегі температура тым қатты ыстық болмауы керек.
  • Балаға майлы, тұзды тамақ бермеңіз, оны керісінше жеңіл сұйық тамақпен тамақтандырыңыз. Балаға сорпа, көкөністер мен жемістер, сүт өнімдерін беріңіз.

Балада суық тиюдің алғашқы белгілері байқалса, оны қалай емдеу керек? Ол үшін төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:

  • Бал. Ыстық шай мен бал тамақтағы ауырсынуды азайтады әрі ондағы микробтарды жоюға көмектеседі. Ол сондай-ақ, дәрумендер мен пайдалы құрамдас бөліктердің көзі болып табылады. Шайға балмен қоса лимонды да қосуға болады.
  • Тұз қоспасы. Оны тамақ пен мұрынды шаюға пайдаланыңыз. Ол тамақтағы қабынуды азайтып, антисептикалық әсерге ие.
  • Түймедақ, жалбыз және календуланың тұнбасын пайдаланыңыз. Бұл дәрілік шөптер ансиптикалық, тыныштандырғыш қасиетке ие. Сол себепті тамақтың ауырсынуын басады. Бұған қоса тыныс алу жолдарындағы бактерияларды жояды.
тұмау
Балаға суық тигенде оны қалай емдеу керек: pixabay.com

Дәрігер Хайдер Абдул-Латиф Муса суықты емдеу үшін маото шөбі, мия тамыры, антивей, Солтүстік Америка женьшені, эхинацея, анар, гуава шайы тиімді деп танылды деп жазады. Сол сияқты мырыш та суық тиюдегі ауырсынуларды жойып, баланы тез емдеуге жәрдемдеседі, алайда оны пайдаланбастан бұрын, міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Сол сияқты С дәрумені бар қоспаларды үнемі қабылдау суықтың аурудың ұзақтығы мен ауырлығын азайтуға септеседі.

Егер балаға суық тиіп қалса, ал үйіңізде дәрілік шөптер, бал және басқа да құралдар болмаса, оған бөлме температурасында таза, газдалмаған су беріңіз. Сұйықтықты кқп ішу интоксикацияны тездетеді және вирустың ағзаға ену мүмкіндігін азайтады. Егер баланың жағдайы 2-3 күннің ішінде жақсармайтынын байқасаңыз, дәрігермен міндетті түрде кеңесіңіз.

Сонымен бірге мұрыннан су ағып, балада диарея, құсу, безгек және әл-ауқаттың нашарлауы сынды белгілер болса, міндетті түрде медициналық көмек қажет. Суық тиюді тамақтағы ауырсынудан, жеңіл жөтел мен мұрыннан су ағу арқылы білуге болады. Әдетте, мұндайда балалардың көңіл-күйі сол күйі сақталады, ал кейбір жағдайда әлсіздік пен ұйқышылдық білінеді. Баланың ағзасын тез қалпына келтіру үшін, науқасты демалдырып, жылы сусын және жеңіл тамақ беріңіз. Аурудан кейін денені қалпына келтіру үшін педиатрмен бірге балалар дәрумендерінің кешенін ішу керек.

Назар аударыңыз! Материал тек танымдық сипатта ұсынылып отыр. Дәрігердің кеңесінсіз жоғарыда аталған ұсыныстарды пайдалануға болмайды.

Дереккөздер:

1. Carol DerSarkissian. Is It a Cold or the Flu? // WebMD. — 2017. — 26 February. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/allergies/sinus-nose-tool/cold-or-flu Carol DerSarkissian.

2. What's Causing My Cold? // WebMD. — 2021. — 05 May. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/cold-and-flu/cold-guide/common_cold_causes

3. Haider Abdul-Lateef Mousa. Prevention and Treatment of Influenza, Influenza-Like Illness, and Common Cold by Herbal, Complementary, and Natural Therapies // PubMed. — 2017. — 22(1):166-174. — Қолжетімділік режимі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/27055821/

4. Sabrina Felson. Understanding Common Cold -- Treatments // WebMD. — 2021. — 22 April. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/cold-and-flu/understanding-common-cold-treatment

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1976930-balaga-suyq-tigende-ony-qalai-emdeu-kerek/

pixel