Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешбір ананы баламен сынамасын": 19 жастағы жігіттің анасы құрбан айт қарсаңында елден көмек сұрады

Опубликовано:

Әлішер Жақсылық
фото: Жеке мұрағат

19 жастағы Әлішер Жақсылық 9-сыныптан бері қатерлі ісікпен күресіп келеді. Ол өз қатарластарымен бірге мектеп бітіру кешіне барып, сыныптастары секілді жоғары оқу орынында студент атанған жоқ. Бағдарламашы болуды армандаған жігіттің жастық шағы аурухана қабырғасында арпалысқа толы күндерге ұласты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлішерге алдымен "күрделі лимфообласты лейкоз" диагнозы қойылды. Алайда араға аз уақыт салып, жұмыртқаның қатерлі ісігі табылды. Бұл оның ата-анасы үшін үлкен соққы болды. Бірнеше ай бойы мыңдаған доллар жинап, үйі мен дүние-мүлкін сатқан олар ұлын құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Әлішер 2021 жылдың сәуірі мен 2022 жылдың сәуірі аралығында Түркия ауруханасында жатты. Бір жылдың ішінде ол екі рет химиотерапия, 30 рет радиотерапия алды. Қатерлі ісікті алып тастау үшін ауыр ота жасалып, бәрі сәтті аяқталған. Талдықорғандық жігіт сәуірде үйіне оралып, туған-туыстарымен қайта қауышты. Бірақ дәрігерлер оның тұрақты түрде Түркияға келіп, тексеріліп тұруы қажеттігін қатаң түрде ескерткен.

Қазіргі таңда Әлішердің жағдайы бірқалыпты. Анасы Гүлнардың айтуынша, Түркияға барып тексерілуі үшін бүгінде еш қаражат болмай тұр.

"Бірінші Алланың, екінші халықтың қолдауымен ұлымның беті бері қарады. Барлығына шүкірлік етемін, көмектескен жандарға алғысым шексіз. Алғашында Әлішерді елде емдетіп, үйге шыққан болатынбыз. Бірақ рак жасушалары қайтадан оянып, Түркияда өте ауыр әрі қиындыққа толы бір жылды өткіздік. Осы аралықта бар дүниемізді сатып, барлық жақын адамдарымыздан ақша сұрадық. Қазір мен ұлымдағы дерт тағы қайталанбаса екен деген оймен таң атырып, кеш батырамын. Бізге қайтадан түрік дәрігерлеріне барып, тексеруден өту қажет. Бірақ соңғы бір жыл қаржылық тұрғыдан үлкен соққы болған соң, Түркияға баруға қаражат таппай отырмыз. Құрбан айт қарсаңында мейірімді жандардан Алла разылығы үшін тағы да көмек сұрауға мәжбүрмін. Біздің отбасымызда болған сынақты ешкімге де бермесін, ешбір ананы баламен сынамасын", - дейді Әлішердің анасы Гүлнар Жомартбаева.

Талдықорғандық Әлішер Жақсылықтың отбасына көмектесем деушілер үшін реквизит төмендегідей:

Kaspi Gold: 8 705 366 81 10, Жомартбаева Гүлнар Тоқтарқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1977514-esbir-anany-balamen-synamasyn-19-zastagy-zigittin-anasy-qurban-ait-qarsanynda-elden-komek-surady/

pixel