Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында сәбиінің бір құлағы түсіп қалған ана жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

сәби
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысында бір құлағы түсіп қалған төрт айлық нәрестенің анасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, жанайқайын айтты. Тоғыз балалы ана Мәдина Әбдірованың айтуынша, туабітті дертке шалдыққан кенже қызына дәрігерлер катетерді дұрыс қоймаған. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұның әдейі істелмегенін түсіндірді.

Түркістан облысы Абай ауданы Ұшқын ауылының тұрғыны Мәдина Әбдірова осы жылдың 12 сәуірінде Абай аудандық перзентханасында қыз баланы дүниеге әкелген. Жүктіліктің 20-21 аптасындағы жоспарлы тексеру нәтижесінде іштегі шаранадан жүректің туа бітті ақауы анықталған. Дәрігерлер жүктілікті үзуге кеңес бергенімен, анасы үзілді-кесілді бас тартқан.

"12 сәуір күні салмағы 3650 грамм, бойы 51 см балпақтай қыз босандым. Бес күннен кейін Шымкентке ауыстырды. 21 сәуір күні облыстық балалар ауруханасында жүрегіне операция жасалды. Бір жарым ай жатқан соң қызымның жағдайы жақсара бастаған. Аппараттан шығарамыз деп жүргенде, катетер қоятын болды. Кейін қызымның түрін көріп, қорқып кеттім. Медбикелер катетермен баланың тамырын таба алмай, әбден қинаған. Ақыры катетер дұрыс түспей, тамыр арқылы жіберілетін дәрі-дәрмек басқа жаққа кеткен.

Ертеңіне қызымның басы үлкен боп ісіп кетті де, ес-түссіз жатты. Содан бері балапаным нағыз азапты көріп жатыр. Дәрігерлер қызымның қатарға қосылатынын айтып жүрген. Жақында бір құлағы түсіп қалғанын естіртіп, төбемнен жай түсіргендей болды. Отадан кейін өзім де құлағы туралы көп сұрадым. Орны қарайып, күйіп кеткен еді. Түсіп қалатындай көрінген. Ақыры солай болды. Ал дәрігерлер құлағына пластикалық ота жасату қажеттігін айтады. Менің қызым қуыршақ па?", - дейді ашынған ана.

Мәдина - тоғыз баланың анасы. Кенжесінің сырқатымен алысып, төрт айдан бері үйіне де бармаған. Оны сегіз баласы асыға күтіп отыр.

"Мен анамын ғой. Қызымның жаны қиналғанда өзімді қоярға жер таппаймын. Дәрі-дәрмек тамыр арқылы дұрыс кетпеген соң ба, қызымның басы жұмсақ болып қалды. Алдында еңбегі қатайып қалып еді, қайтадан болбырап тұр. Дәрігерлер басында су барын айтады. Оны бұрын қалай байқамаған?", - дейді ол.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сәбиге күрделі операция барысында Израильдің білікті дәрігерінен аудио кеңес алғанын айтады. Ал кішкентай төрт айлық Айшаның құлағының түсіп қалуын әдейі жасалынбаған сирек кездесетін асқыну деп түсіндірді.

"Баладағы жүрек-тамыр ақауларына байланысты емдік шаралар жүргізу кезінде орталық тамырды табу қиынға соқты. Соның салдарынан емдік манипуляциялар ұзақ уақыт перифериялық тамыр арқылы жүргізілді. УДЗ және компьютерлік томографияда тамыр анық көрінбеді. Қазіргі уақытта перифериядағы тамырлар да склерозданды. Балаға қазіргі таңда емдік шараны таблетка және микстуралар арқылы жүргізудеміз. Баланың жасанды өкпе вентиляциясымен жансақтау бөлімінде жатқанына 104 күн болды.

Пневмония, жүрек-тамыр жетіспеушілігі сақталуда. Екі ай бұрын мойын аймағындағы тамырға түсу мүмкіндігін көрдік. Оның өзі оң жақтағы құлақ , самай аймағының тамырлар спазмасына, тамырлар ишемиясының асқынуына әкелді. Құлақтың және ұлпалардың некрозы болды. Бұл әдейі жасалынбаған сирек кездесетін асқыну. Болған жағдай туралы анасы мен туыстарына толық түсіндірілген",- дейді басқармасының баспасөз қызметі.

Туа бітті дертпен күресіп жатқан төрт айлық Айшаның анасы Мәдина еліміздегі білікті дәрігерлер мен емдеу мекемелерінен көмек күтеді.

"Ешқандай өзгеріс жоқ. Құлағының күйіп, түсіп қалғанына да екі айдан асты. Жазылар емес. Үйдегі сегіз балапаным да анасыз әбіржіп кетті. Не істерімді білмеймін. Менің аналық үніме бей-жай қарамайсыздар деген үміттемін. Қолдарыңыздан келсе көмектесіңіздер! Биыл балалар жылы ғой",- дейді Мәдина Әбдірова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1981762-darigerler-qaida-qaragan-turkistan-oblysynda-tort-ailyq-sabidin-bir-qulagy-tusip-qaldy/

pixel