Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баланы "ходунокқа" отырғызған дұрыс па: Дәрігер жауабы

Опубликовано:

Баланы "ходунокқа" отырғызған дұрыс па: Дәрігер жауабы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Кішкентай баланы "ходунокқа" отырғызған қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр-массажист Әбжан Әзиза Әбдірасілқызы жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ сайты.

"Жас аналар "баланы ходунокқа отырғыза берейін бе?" деген сұрақты маған жиі қояды. Мен "жоқ" деп айтамын. Өз балаларымды да ходунокқа отырғызбағанмын. Әрине, бала үйдің әр жеріне өзі жете алуы үшін және қауіпті жерлерге барып қалмауы үшін ходунокқа 8-9 айлығынан бастап отырғызуға болады. Бірақ егер бала өзі отыра алатын болса, үстел, диван, орындық сияқты заттардан ұстап жағалап жүре алатын болса ғана отырғызу керек.

Алайда оның зияны да бар екенін есте ұстаған абзал. Бүкіл әлемнің ортопед мамандары ғылыми зерттеулер жүргізе келе "ходуноктың пайдасынан зияны көп" деген тұжырымға келген. Енді сол зиянын айтайын:

  • қорғану, сақтану түйсігінің дамуы тежеледі. Нақтырақ айтсам, бала енді тәй-тәй баса бастағанда оның өзін қорғау, құлап бара жатса қолмен тіреу сияқты түйсігі дамиды. Ал ходунок бұны тежейді.
  • баланың қозғалысы шектеледі. Ал баланың қозғалысы еркін болып, аунап, отырып, еңбектеп түрлі әрекет жасап, қалыптарын өзгертіп отыруы керек;
  • беліне күш түседі;⠀
  • "ходунокқа" отырған балада аяқ ұшымен жүру әдетке айналады. Табанын нық басып, сенімді жүруіне бөгет болады;
  • еңбектеуді білмейтін бала болса, еңбектеп үйренуге деген әрекеті, ынтасы кемиді. Бала ағзасының өздігінен талпынуына кедергі келтіреді;
  • аяқ бұлшық етінің тонусы жоғары болса, одан әрі жоғарылауына себеп болады;
  • "ходунок" баланы жан-жағынан тіреп тұратындықтан, тепе-теңдікті сақтау қабілеті кеш дамиды. Тіпті тепе-теңдігін ұстай алмай қалған бала журуден де қорқатын болады;
  • бала кеудесін көтере алмайтын кезде отырғызса, омыртқасына зиян тиюі мүмкін;
  • балалардың бұлшық еттері әлсіз болғандықтан, барлық күш аяққа түсіп, аяқтың қисаюы болады.
  • аяқтағы тобықтың өзгеруіне әсер етеді. Аяқты әлсіз бұлшық еттерімен итере-итере баланың тобықтары өзгеріске ұшырауы мумкін.
  • "ходунок" баланың табиғи түрде барлық ағзасының үйлесімді дамуына кедергі келтіреді.

Жас ана, есте ұстаңыз: Жатқан баланың орнынан тұрып жүруі біртіндеп қалыптасатын процесс. Бұған оның барлық мүшесі қатысып, дайындалады. Бұл үлкен трансформацияға ми, вестибулярлық аппараттан бастап сүйектер мен бұлшықеттерге дейін қатысуы қажет. Сондай-ақ бұл табиғи, еркін және бірте-бірте өткені дұрыс. Ал "ходунок" бұл процесті тежеп, баланың физиологиялық және эмоционалдық жағынан дамуына кедергі болады. Сондықтан да пайдасынан гөрі зияны көп "ходунокқа" баланы отырғызбаған дұрыс дер едім. Ал егер отырғызуға мәжбүр боп жатсаңыз, күніне 2-3 рет 15 минуттан артық отырғызбаған дұрыс", - дейді дәрігер.

Материал авторы: Жазира Смағұлова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1982119-balany-xodunokqa-otyrgyzgan-durys-pa-dariger-zauaby/

pixel