Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар енді мүгедектікті алу үшін құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырмайды

Жарияланған күні:

Кресло
Фото: freerangestock.com

ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанда мүгедектік тобын сырттай анықтау жобасы пилотты режимде жүзеге асырылды. Оның қалай жұмыс істейтіні жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түсініктеме берді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырғаны аян. Қызмет көрсетудің жаңа тәсілі құзырлы орындардың табалдырығын тоздыру мен қағазбастылықты жойып, қызметті көрсетуші мен оны қолданушының байланысын болдырмауды көздеді.

Барлық мүдделі мемлекеттік органдар атқарған ауқымды жұмыстың нәтижесінде, 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап, еліміздің барлық өңірінің тұрғындары мүгедектікті анықтау қызметін сырттай ала алады.

Іс жүзінде бұл өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, тексеруден өтуі жеткілікті деген сөз. Одан әрі құзырлы мекемелерге сабылып, анықтама жинау – өткеннің еншісінде қалды. Барлық қағаз жұмысы адамның араласуынсыз жүзеге асырылады.

Өтініш берушінің денсаулық жағдайы туралы деректер мен оның ағзасындағы кінәрат туралы дәрігер қорытындысы медициналық ақпараттық жүйелер арқылы Еңбек министрлігінің мүгедектігі бар тұлғалардың орталықтандырылған деректер базасына енгізіледі.

Әрі қарай, ақпарат автоматты түрде, бірақ жеке мәліметтері көрсетілмей, бұрынғыдай тұрғылықты жеріне емес, үш аймақтың экстерриториялық сарапшыларына жіберіледі. Осылайша олардың қорытындысы негізінде байыпты шешім қабылданады.

Азаматтар куәландыру нәтижесін электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінен ала алады.

Осылайша, медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) сырттай сипатта жүргізу бірден бірнеше мәселені шешеді:

  • әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
  • МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
  • көрсетілетін қызметті алушы мен беруші арасындағы тікелей байланысты болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық қатерін азайтады.

Қазіргі уақытта мүгедектікті қашықтықтан белгілеу бойынша пилоттық жобаға 625-тен астам медициналық ұйым қатысуда және бес медициналық ақпараттық жүйе қосылған: "Дамумед", "Жетісу", "Надежда", "Авиценна", "Infomed Kazakhstan".

Ү.ж. 17 қазандағы жағдай бойынша, Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде сырттай медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге 40 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 22,1%-ын құрайды.

Бұдан тыс, егер өтініш беруші үшін белгілі бір мүгедектік тобы белгіленсе, жәрдемақы, техникалық құралдар мен оңалту қызметтері оған белсенді түрде, яғни автоматты түрде тағайындалатынын атап өткен жөн.

Сонымен бірге, Еңбек министрлігінде атап өткендей, алдағы уақытта мүгедектікті қашықтықтан анықтау тетігі жетілдірілетін болады. Мысалы, қазірдің өзінде қашықтықтан проактивті тексеруге арналған нозологиялық нысандардың тізімін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Ал медициналық-әлеуметтік сараптамадағы сарапшылардың кәсіби деңгейін арттыру, оның ішінде тәуелсіз мамандарды тарту жұмысты жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі болмақ. Бұл, мамандардың пікірінше, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді.

Еске салайық, бүгінде Қазақстанда 705 мың мүгедектігі бар адам тұрады.

Биылдан бастап оларға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 286 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Мәселен, 253 мыңға жуық мүгедектігі бар адам техникалық оңалту құралдарын, 7 мыңы – ымдау тілі қызметін, 26,3 мыңы – жеке көмекшінің қызметтерін алды. Сонымен бірге портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерге 75 мың тапсырыс берілді.

Әлеуметтік қызметтер порталын пайдалану бойынша кеңесті қолдау қызметінің байланыс орталығынан бірыңғай 1414 нөмірі бойынша тілді таңдап, 5 санын басу арқылы алуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1993792-qazaqstandyqtar-endi-mugedektikti-alu-usin-quzyrly-mekemelerdin-tabaldyrygyn-tozdyrmaidy/