Диетолог Жаңа жылға дейін артық салмақтан қалай арылуға болатынын айтты
Жарияланған күні:
Жаңа жылға дейін бар-жоғы бір ай уақыт қалды. Осыған орай көптеген адамды Жаңа жылға дейін артық салмақтан қалай арыламын деген сауал мазалауы мүмкін. Белгілі ресейлік диетолог-дәрігер Алексей Ковальков аталған сұраққа жауап берді, деп жазады Sputnik радиосына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Маманның сөзінше, Жаңа жылға дейін артық салмақтан арыламын деп, түрлі дене жаттығуларын жасап, өз-өзіңізді қинап қажет емес. Оның орнына кетогенді диета ұстау жеткілікті.
"Жаңа жылға дейін салмақ тастау үшін қолданылатын, өте қарапайым – кетогенді диета бар. Ол үшін құрамында май бар тағамдарды көп тұтынып, құрамында көмірсулар бар тағамдарды тұтынуды барынша азайту керек. Яғни тәттіден, ұннан жасалған тағамдар мен ботқалардан, жемістерден уақытша бас тартқан жөн. Оның орнына етті майонез сияқты майлы соустармен тұтынуға болады", - дейді Алексей Ковальков.
Дәрігер-диетологтың айтуынша, көмірсулардан бас тарту және тамақ рационына майлы тағамдарды қосу аз уақыт ішінде ойлаған нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
"Мерекеге дейін осындай тамақ рационын екі-үш апта бойы ұстанса, онда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады. Яғни Жаңа жылға дейін қандай да бір физикалық жүктемесіз, жоқ дегенде төрт-бес келі салмақ тастауға болады", - дейді маман.
Сонымен бірге диетолог кетогенді диетаны ұзақ уақыт бойы ұстануға болмайтынын атап өтті.
"Бұл диета тек бес-он келі салмақты тастауға арналған. Егер бұл диетаны көп ұстанса, денсаулыққа зияны тиуі ғажап емес. Себебі кетогенді диета ағзаны улауы мүмкін, сондықтан оны ұстанбастан бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет", - дейді Алексей Ковальков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1999852-dietolog-eki-us-aptada-on-keli-salmaqty-qalai-tastauga-bolatynyn-aitty/