Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеке тәжірибе: МӘМС жүйесі пациенттерге қандай мүмкіндіктер береді

Опубликовано:

Медицина
Фото: pixabay

Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастағалы бері қазақстандықтардың медициналық көмек пен қызметтер алудағы мүмкіндіктері арта түсті. Бұдан былай тексеру, ем алу және оңалту шаралары қолжетімді бола түсті, себебі МӘМС отбасылардың медицинаға жұмсайтын шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Бұған біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз көз жеткізіп отыр.

Бірінші оқиға: «Қатерлі ісік – үкім емес»

2022 жылдың ақпан айында Астана қаласының тұрғыны Наталья Деньгинаға дәрігерлер қорқынышты диагноз қойды – ішек жолдарының бауыр бөлігінде қатерлі ісік анықталған. Содан бері ол медициналық мекемелердің табалдырығын тоздырған. Дертінен айыққысы келген әйел қатерлі дертті жеңіп, бұрынғы өміріне қайта оралу үшін ұзақ әрі ауыр жолды жүріп өтті.

Көп адам астаналық әйелге шетелде емделуге кеңес берген. Алайда Натальяның өзі мән-жайды таразылап, өз еліндегі жергілікті мамандарға денсаулығын сеніп тапсыруды шешеді.

«Туған еліңде бәрібір жеңілдеу, біріншіден, жақындарың жаныңда, ал олардың қолдауы мұндай қиын кезеңде өте маңызды. Екіншіден, Оңтүстік Корея немесе Германияда медициналық көмек алу қыруар қаражатты талап етеді. Ал мұнда барлық қызметті өз ана тіліңде алуға болады. Одан бөлек онкологиялық ауруларды емдеу хаттамалары барлық жерде бірдей. Мен Қазақстанда ем алған дұрысырақ болады деп шештім, себебі мұндай шешімге келер алдында мен біздің дәрігерлердің кәсібилігіне түбегейлі көз жеткіздім», - дейді Наталья Деньгина.

Онкологиялық диагноз күшейе түсіп, есепке алынуға дейінгі диагностиканың барлығы МӘМС пакеті аясында (міндетті әлеуметтік сақтандыру) жүзеге асырылады. Одан соң науқас ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) пакетінен қажетті қызметтерді алады. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан бастап астаналық әйел жеке кәсіпкер бола тұра, Медициналық сақтандыру қорына жарнаны уақытылы төлеп тұрды. Ал медициналық көмек қажет болған кезде ол толығымен өзінің медициналық сақтандыруына иек арта алды.

«Бірінші күннен бастап-ақ жүйе расымен де жұмыс істейтініне көзім жетті. Мәселен, МӘМС аясында, мені тіркеуге алғанға дейін мен өз емханамда барлық лабораториялық диагностикадан тегін өтіп, бейінді дәрігерлерден кеңес алу мүмкіндігін пайдаландым. Одан соң тегін пакет арқылы мені онкоорталыққа жіберіп, ісікті алып тастау үшін хирургиялық ота жасауға порталға кезекке тұрғызды», - дейді кейіпкер.

Наталья өзіне ота жасаған Ұлттық ғылыми онкоорталықтың дарынды хирургы Мамлин Мейрам Асқарұлына жасаған жақсылығы мен қорқынышсыз өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін алғысы зор. Оның сөзінше, өзі үшін күрделі жылы медқызметкерлердің кәсібилігін алғашқы қабылдаудан бастап, қалпына келуге дейін сезіне алған.

«Мұндай жағдайда адам көптеген, әсіресе психологиялық қиындықты бастан кешіреді. Қатерлі ісікке шалдыққаныңды біле тұра, күйзеліске түспеу өте қиын. Алайда айналаңдағылардың бәрі саған шын жүрегімен көмек көрсеткісі келіп, өз жұмысын сапалы істеп, моральдық тұрғыда көмек беріп жүргенін көргенде, күш пен ынта пайда болады. Жүйе де, дәрігерлер, медбикелер секілді қызметкерлердің жұмысы да науқасты қиын жағдайда қалдырмайтынын айқын көрсетеді. Бұл көңілге сенім ұялатады, қуат береді. МӘМС – мемлекеттің үлкен жетістігі деп санаймын», - дейді Наталья.

Қазіргі таңда әйелдің дерті ремиссияда. Ол күрделі ота мен 12 химиотерапия курсын бастан өткерді. Алда – маусым сайынғы тексерістер мен КТ-диагностика бар. Бұл қызметтер тегін медицина пакетіне кіреді. Айтпақшы, МӘМС-ті енгізудің арқасында ТМККК аясындағы медициналық қызметтер тізімі де арта түсті, бұл қазақстандықтар үшін медицинаны қолжетімді ете түседі. Кейіпкеріміздің айтуынша, оған онкодиагнозы қойылған күннен осы уақытқа дейін ол бір теңге де шығын шығармаған.

Екінші оқиға: «Шығын азая түсті»

Елорда тұрғыны Меруерт Тұрсынкүл – эпилепиясы бар баланың анасы. 10 жастағы қызға бұл диагнозды 2017 жылы қойған және дерт жүре пайда болған. Осы бес жыл ішінде балақай медиктердің бақылауында. Меруерттің сөзінше, елде медициналық сақтандыру іске қосылмай тұрып, кей қызметтер үшін өз қалтаңнан ақша шығару қажет болатын. Ал кейіннен өздерінің №5 емханасында енді қан талдауын жасау немесе ЭЭГ (бас-миының электроэнцефалограммасы) диагностикасын жасау тегін екенін естіген. Бұған дейін қызының ему алуы мен сауықтыруына тапқан табысының біршама бөлігі кететін.

«Мәселен, бұрын әр сайын ЭЭГ өтетінбіз. Түнгі ұйқы ЭЭГ-ы шамамен 30 мың теңге тұрады. Процедураның бір сағаты 12 мың теңге. Медициналық сақтандыру бойынша қызыма бұл диагностиканы тегін жасайды. Сонымен бірге наркозсыз МРТ (магниттік-резонансты томография) секілді қымбат зерттеу түрін де тегін жасады. Бұл әдетте ем алу қымбатқа соғатынын ескерсек, адамдарға үлкен қолдау деп санаймын. Жүйенің артықшылығы сонда, әлдебір қызметті қайдан алатынын өздері таңдай алады», - дейді Меруерт.

Эпилепсия — кең таралған неврологиялық ауру түрі. Ол бас миының аномальды белсенділігімен байланысты және қайталана беретін ұстамалармен сипатталады. Уақытылы диагностика жасалған жағдайда науқастардың көбі (70%-на жуығы) дертінен айығып, ұстамаларсыз, өміріне төнетін қауіпсіз өмір сүре алады. Мамандандырылған көмекке қолжетімділік пен терапия алудың тұрақты мүмкіндігі – эпилепсиясы бар пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажетті маңызды факторлар.

«Диагнозды алғаш рет естігенде, қатты уайымдадым. Бұл проблемаға біз ғана тап болдық деп ойладым, алайда бұл тақырыпты зерттей келе, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өзім сияқты аналармен танысып, жалғыз емес екенімді түсіндім. Біз барлығымыз бірімізді біріміз қолдап, пайдалы ақпаратпен бөлісіп отырамыз, себебі тегін дәрі-дәрмек, диагностика және т.б. алу мүмкіндігі туралы көбі біле бермейді», - дейді Меруерт.

Айта кету керек, 18 жасқа дейінгі балалар үшін медсақтандыру жарнасын мемлекет төлейтін жеңілдігі бар 15 санаттың біріне жатады.

Үшінші оқиға: «Балалардың тісін емдеу енді проблема емес»

Ақтөбелік Әсел Ниязова – екі ұлдың анасы. Оның сөзінше, балаларының тісі үнемі мазалап жүрген. Әр жыл сайын жеке емханадағы тіс дәрігеріне бару айтарлықтай қаражатты талап ететін, ал мемлекеттік емханалардағы кезек өте көп еді. Жас отбасы үшін қаржы мәселесі өзекті. Себебі пәтер жалдап тұратын, несиесі бар және баспанаға ақша жинау секілді проблемалар уақытында толыққанды стоматологиялық ем алуға мүмкіндік бермейтін. Ал бұл ретте көмекті қажет ететін тіс саны да арта түскен. Барлық тісті бірдей емдеу қиынға соға бастады.

«Ана ретінде бұл мені қатты алаңдататын және осы туралы ұлдарыммен бірге спорт секциясына баратын баланың анасына айтқан болатынмын. Ол маған МӘМС аясында балалар мен аяғы ауыр әйелдер ӘМСҚ-мен келісімшарты бар кез келген жекеменшік емханада тегін ем ала алатынымызды айтты. Басында бәрі оп-оңай екеніне сеніңкіремедім», - дейді әйел.

Шын мәнінде, қиын ештеңесі жоқ болып шықты. Әсел бірнеше жеке стоматологиялық емханаға хабарласып, кішкентай балаларға медсақтандыру бойынша қызмет көрсететіндерін тапты. Ондай мекемелер аз емес екен. Бұл үшін бар болғаны дәрігер қабылдауына жазылып, қабылдауға барған кезде қолда балалардың туу туралы куәлігі болса, жеткілікті.

«Қаладағы ең танымал, дәрігерлері мықты, заманауи жабдықталған және қызмет көрсетуі керемет клиниканы таңдадық. Қызметкерлер кішкентай пациенттерге жылы қабақ танытып, өзіне баурап алды. Ешқандай кезексіз, алдын ала жазылу арқылы қабылдады. Емдеу жеңіл әрі ауырсынусыз өтті. Мәселен, бір айдың ішінде біз барлық зақымдалған тістерді емдеп, жұлатындарын жұлдық. Бәрі жеңіл, қиындықсыз өтті және мен ойлағаннан да қолжетімді екен. Сондықтан, МӘМС мен үшін нағыз құтқарушы болды. Қазір мен барлығына жүйе мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес беремін», - дейді кейіпкер.

Еске салсақ, медициналық сақтандыру аясындағы жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен аяғы ауыр әйелдер ала алады. Ал шұғыл жағдайларда оған зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар мен оларға күтім жасайтын жұмыссыз адамдар, АӘК алушылар, сонымен бірге белгілі бір аурумен тіркеуде тұрған науқастар иек арта алады.

МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді, медсақтандыру және тегін медкөмек пакеттері неден тұрады, жүйеге қатысу қанша тұрады және тегін көмек кімдерге арналған, қалай сақтануға болады және қай клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілері болып саналады деген сауалдарға NUR.KZ-тің «МӘМС туралы жеңіл және түсінікті тілде» деп аталатын арнайы жобасынан біле аласыз. Бұдан бөлек оқырмандар интерактивті квестке қатысып, жүйе туралы сарапшылар пікірін оқи алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2002800-zeke-taziribe-mams-zuiesi-pacientterge-qandai-mumkindikter-beredi/

pixel