Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бала емізетін әйелдерге халуаның пайдасы мен зияны қандай

Опубликовано:

Бала емізетін аналарға халуаның пайдасы мен зияны қандай
Ыдысқа салынған халуа. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әйелдердің көбісі бала емізу кезеңінде халуа жеуге болмайды деп ойлайды, себебі оның калориясы жоғары. Ал кейбір аналар бұл өнім ана сүтін көбейтеді деп есептейді. Бала емізетін әйелдерге халуа жеуге бола ма және қалай дұрыс тұтыну керектігін медициналық басылым авторы Стефани Уотсон және Мейо клиникасының мамандары айтып берді.

Біз жүкті әйелдерге арналған мақалалар топтамасын іске қостық. Жүктілік мерзіміне қатысты ақпараттарды тұрақты алып отыру үшін жазылыңыз.

Бала емізу кезінде халуаның пайдасы бар ма?

Халуа – жаңғақтар мен дәндерден, карамель және қант массасынан жасалатын өнім. Тағамның мұндай құрамының калориясы жоғары болады, бұл шамамен 100 г үшін 450 калория боп есептеледі. Бала емізетін ананың күндізгі уақытта тұтынатын калория мөлшері 400-500-ден артық болу керек, демек тәттінің кішкене бөлігін жеуге болады.

Бала емізетін кезде халуа жеуге бола ма? Педиатр Евгений Комаровскийдің айтуынша, бала емізетін әйел жүктілік кезінде қандай тағамдар жесе, босанғаннан кейін де сол өнімдерді тұтынуға болады. Егер жаңғақтар мен шемішкеге аллергия болмаса, халуаны да жеуге болады. Тәттіні аз-аздан әрі нәрестенің денсаулығына зиян тигізбейтініне көз жеткізе отырып жеген жөн. Егер бұл тағам балаға жақпаса, терісіне бөртпелер шығуына немесе мазасыздануына қарап түсіне аласыз. Алайда мұның салдары қиын жағдайға әкеліп соқпайды.

Бала емізетін аналарға халуаның пайдасы мен зияны қандай
Халуа және ыстық шай. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мейо клиникасының мамандары бала емізетін әйелдер құрамы ақуызға бай жаңғақ секілді тағамдарға басымдық беру керек деп жазады. Сонымен бірге халуаға қосылатын жаңғақтар қанттың, карамельдің немесе балдың айтарлықтай бөлігімен біріктірілетінін есте сақтаңыз әрі бұл көмірсулардың көзі болып саналады. Бұл қоспалар емізетін аналардың ағзасына қажет, бірақ қалыпты мөлшерде болуға тиіс.

Кейбір әйелдер халуа жеу сүттің көбеюіне ықпал етеді деп санайды. Бұған ғылыми дәлелдер жоқ, дегенмен тәтті жеу сүттің майлылығын арттырады. Майдың пайыздық мөлшерінің аздап өсуі баланы тез тойдыруға және қуат алуына мүмкіндік береді.

Бала емізетін кезде жержаңғақтан жасалған халуа жеуге бола ма? Жержаңғаққа аллергия болмаса, бала емізетін әйелге жержаңғақ халуасын жеуге болады. Алайда жержаңғақтың мықты аллерген екенін де есте сақтаңыз. Стефани Уотсон жержаңғаққа ананың ғана емес, баланың жақын туыстарының да (әкесі, ағасы, әпкесі) аллергиясы жоқ екеніне көз жеткізу керегін жазады. Жақын туыстарда аллергияның болуы жаңа туған нәрестеде аллергияның пайда болу қаупін арттырады.

Бала емізетін әйелдерге халуаны қалай жеу керек?

Бала емізетін ананың ас мәзіріне кез келген жаңа өнім бірте-бірте қосылуы керек. Халуаны 15-20 г болатындай аз бөліктен бастаңыз және мүмкін болса таңғы асқа жеген дұрыс. Халуаны қантсыз шаймен, сумен, қатты тәтті емес компотпен ішуге болады. Ал баланы емізгеннен кейін оған қаншалықты әсер еткеніне назар аударыңыз. Егер бәрі қалыпты болса, халуаның үлесін біртіндеп 100 г дейін арттыруға болады. Алайда бір күннің ішінде 100 г-нан артық халуа жеуге болмайды.

Балаңыз екі айға толғаннан бастап тамақтану рационыңызға халуаны енгізе аласыз. Бұл ананың денсаулығына ғана емес, жаңа туған нәрестенің ас қорыту жүйесінің қалыптасу ерекшеліктеріне де байланысты болмақ. Нәресте екі айға толғанда оның ағзасы тағамның жаңа құрамдарымен күресуге бейімделе түседі.

Халуа сатып аларда артық қоспасы жоқ өнімді таңдап, жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Мохамед Эллеух жазғандай, майсыздандырылған күнжіт тұқымының қабығы мен сүйегінен ажыратылған құрма қосылған халуаның құрамында жасұнық мол болады. Бұл компоненттер антиоксиданттарға бай әрі ағзаға пайдалы. Сонымен қатар жасұнықтың ағзада артуы ас қорыту жүйесіне кері әсерін беруі мүмкін, сондықтан өнімді тұтынуды өте аз бөліктен бастау керек. Бал қосылған халуадан бас тарта тұрған жөн, өйткені бал өте күшті аллерген болып саналады.

Бұдан бөлек халуаны ас мәзіріңізге қосқан кезде күнделікті тұтынатын калориясынан асып кетпейтіндей болуы маңызды. Себебі артық өнім май тінінің жиналуына ықпал етеді, бұл адам ағзасына қосымша стресс және гормоналдық теңгерімсіздік тудыруы ықтимал.

Бала емізетін аналарға халуаның пайдасы мен зияны қандай
Ана мен бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Халуа әр түрлі өнімдерден (жержаңғақ, күнжіт, күнбағыс тұқымдары, пісте) дайындалатындықтан, сіз өзіңізге ұнайтын халуа түрін таңдай аласыз. Доктор Комаровскийдің айтуынша, жаңғақ сұрыптарында айтарлықтай айырмашылық жоқ: бәрінің құрамында дәрумендер мен ақуыздар бар. Дегенмен өнімнің өзіндік құны сияқты дәмі де әр түрлі болады.

Халуа – жаңғақтар мен дәндерден жасалатын табиғи тәтті тағам түрі. Оны аз мөлшерде жеген жағдайда ғана ағзаға пайдалы болмақ. Бала емізетін аналар аллергиясы болмаса халуа мен жержаңғақ пастасын жеуге болады. Өнімді тамақтану мәзіріне бірте-бірте енгізу керек және нәрестенің ағзасына қалай әсер ететінін бақылау керек.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген емдеу әдістеріне жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Mohamed Elleuch, Dorothea Bedigian, Bouthaina Maazoun, Souhail Besbes, Christophe Blecker, Hamadi Attia. Improving halva quality with dietary fibres of sesame seed coats and date pulp, enriched with emulsifier // PubMed. — 2014. — 15 February. — 145:765-71. — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/24128542/
  2. Stephanie Watson. Is It OK to Eat Peanuts When You're Pregnant? // WebMD. — 2014. — 23 June. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/baby/features/peanuts-pregnant

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2008093-bala-emizetin-aielderge-xaluanyn-paidasy-men-ziyany-qandai/

pixel