Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрманың құнарлылығы және артық салмақтан арылуға пайдасы

Опубликовано:

Құрманың құнарлылығы және артық салмақтан арылуға пайдасы
Ыдысқа салынған құрма. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрманың құрамы жасұнық пен антиоксиданттарға бай. Бұл жемістің нәрлі артықшылығы мидың саулығын сақтауға және қандай да бір аурудың алдын алуға көмектеседі. Құрма несімен бағаланады және оны қалай дұрыс тұтыну керек деген сұрақтар бойынша дәрігерлер Махаммад Юбер мен Дэн Бреннан тарқатып айтты.

Құрманың құрамы мен пайдасы

Құрма – дәмі тіл үйіретін құрма пальмасының жемістері. Ол қанттың орнын алмастырушы ретінде ғана емес, сонымен қатар пайдалы диетаның бөлігі ретінде де қолданылады. Құрмадағы қант мөлшері қандай? Медицина ғылымдарының докторы Махаммад Юбердің айтуынша, екі құрманың құрамында 27 г қант бар. Құрмадағы калория қанша? Екі орташа құрманың құрамында 110 калория бар, бұл ағзаның мынадай қажеттіліктерін қамтамасыз етеді:

  • көмірсулар - 21 г;
  • ақуыздар - 1 г;
  • жасұнық - 3 г.

Құрманың қандай пайдасы бар? Керемет дәмінен басқа, құрманың құрамында ақуыздар, дәрумендер мен минералдар бар. Мейірбике Рэйчел Налл құрманың пайдасы туралы былай дейді:

  1. Полифенолдардың көп мөлшерде болуы. Полифенолдар ағзаны қабынудан қорғайтын антиоксиданттық қосылыстар болып саналады. Құрманың құрамында басқа жемістер мен көкөністерге қарағанда полифенолдар көп.
  2. Қарапайым көмірсулары бар тәттілердің орнын алмастыра алады. Құрма ағзаны В₆ дәрумені және темір сияқты маңызды қоректік заттармен қамтамасыз етіп, тәттіқұмарлар үшін пайдалы болмақ.
  3. Құрамында жасұнықтың көп болуы. Кесенің төрттен бір бөлігіндегі құрма адам ағзасы күнделікті қажет ететін жасұнықтың 12 пайызын қамтамасыз етеді. Ал жасұнық адамның тоқ екенін сезінуге көмектеседі.
  4. Құрманың құрамы жүректің саулығына қажет электролит болып саналатын калийге бай. Калий бұлшықетті нығайтуға көмектеседі.

Жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдер үшін құрманың бірқатар пайдасы бар. Құрма құрамында жасұнықтың мол болуы жүкті әйелдерде жиі кездесетін іш қату және басқа да асқазан-ішек мәселелерін шешуге жақсы әсер етеді. Сонымен қатар құрма босануды жылдамдатудың жақсы тәсілі болып саналады. Танаван Модепенгтің айтуынша, құрма жеу бала емізетін әйелдердің омырау сүтін молайтады.

Құрманы диета ұстап жүрген адамдар жеуге бола ма? Денсаулық сақтау бакалавры Мэри Уэст құрма салмақ тастау үшін жақсы нұсқа еместігін айтады. Оның гликемиялық индексі төмен және құрамында жасұнық бар, сондықтан адам өзін тоқ сезінеді, алайда құрма майларды ыдырататын ферменттің өндірісін тежейді. Сонымен қатар құрма - жоғары калориялы өнім (100 г үшін 277 калория). Сондықтан да диетада құрма жеу тек тәтті көрсе өзін тежей алмайтын және десертке пайдалы балама өнім іздейтіндерге ұсынылады.

Құрманың құнарлылығы және артық салмақтан арылуға пайдасы
Құрма мен шай. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрманың ықтимал зияны

Құрма көптеген адам үшін жағымды және қауіпсіз тағам. Сирек жағдайда ғана құрманың жанама әсері болады. Кептірілген құрмаларда полифенолдар (антиоксиданттар), минералдар мен талшықтар көп. Мұның бәрі пайдалы заттар, бірақ кейбір адамдарда іш қатудан бас айналуға дейін әр түрлі жанама әсерлер тудыруы да мүмкін.

Құрманы кептіру процесінде көбейетін сульфиттер де алаңдатады. Себебі сульфиттердің көп мөлшерде болуы улану мен аллергияға, құсу, диарея, бас ауруына әкелуі мүмкін.

Құрманы кімдерге жеуге болмайды? WebMD құрмаға қатысты қатаң қарсы көрсеткіштер жоқ деп хабарлайды. Ең бастысы бұл жемісті қалыпты мөлшерде тұтыну қажет. Ал қант диабетімен ауыратын адамдар құрманы дәрігердің рұқсатымен ғана пайдалана алады. Бұл дертке шалдыққан жандар қандағы глюкоза деңгейін тұрақты ұстау үшін көмірсуларды тұтынуды шектеу керек, ал құрмада қант мөлшері көп. Құрманың дәрілік заттармен әрекеттесуі жеткілікті түрде зерттелмеген.

Құрманы жүктіліктің соңғы айындағы әйелдер, сондай-ақ артық салмақтан арылғысы келетіндер сақтықпен пайдалана алады. Артық салмақтан арылу кезінде құрма ағзаның тәттіге және зиянды заттарға деген құштарлығын азайтады, стресс жағдайын тудырмайды және ас қорытуды жақсартады.

Құрма - спортшыларға арналған энергетикалық батондар мен қоспалар жасаудың ең тиімді нұсқасы. Калорияның жоғары болуы және көмірсулардың көп пайызы дайындалған өнімді жылдам қуат алудың ыңғайлы көзі етеді.

Күніне қанша құрма жеуге болады? Құрма – тамақтану мәзіріңізге қосуға болатын құнарлы тағам. Алайда оның құрамында өсімдік қанты жоғары болғандықтан, күніне 3 түйір құрма жеу жеткілікті дейді денсаулық сақтау бакалавры Мэри Уэст.

Құрманың құнарлылығы және артық салмақтан арылуға пайдасы
Үстел үстіндегі пайдалы жемістер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрма – тамақтану рационына қосуға болатын пайдалы жеміс. Қоректік заттарға, жасұныққа және антиоксиданттарға бай құрма жемісі адам ағзасына ас қорытуды жақсартудан бастап ауру қаупін азайтуға дейін әсер етеді. Ағзаға қосымша қуат және қажетті қоректік заттарді сіңіру үшін күніне 2-3 құрма жеген абзал.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген әдістерге жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Date Palm — Uses, Side Effects, and More // WebMD. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/vitamins/ai/ingredientmono-423/date-palm
  2. Mahammad Juber. Dried Dates: Are They Good for You? // WebMD. — 2022. — 23 September. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/diet/dried-dates-are-they-good-for-you
  3. Thanawan Modepeng, Patcharanee Pavadhgul, Akkarach Bumrungpert, Wirin Kitipichai. The Effects of Date Fruit Consumption on Breast Milk Quantity and Nutritional Status of Infants // PubMed. — 2021. — 12 July. — 16(11):909–914. — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/34252286/

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2008433-qurmanyn-qunarlylygy-zane-artyq-salmaqtan-aryluga-paidasy/

pixel