Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ғажайып": астаналық дәрігерлер жүрегі бір тәулікте 53 рет тоқтаған әйелді аман алып қалды

Опубликовано:

медицина қызметкерлері
Астана қаласы № 2 көпбейінді аурухананың дәрігерлері науқаспен бірге. Фото: instagram.com/gmb2_astana

Астанадағы № 2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері жүрегі бір тәулік ішінде 53 рет тоқтаған науқасты аман алып қалған. Бұл туралы емдеу мекемесі Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Аурухананың хабарлауынша, науқас 6 қаңтарда емдеу мекемесіне миокард инфарктісі диагнозымен өте ауыр жағдайда түскен. Ауруханаға жеткізілген бойда оған 10 минуттың ішінде каронарография және стенттеу отасы жасалған.

"Қан айналымы ұдайы тоқтап қала берді. Науқастың жүрегі соғысы да тоқтап қалған кездер болды. Тіпті, бір күнде жүрек 53 рет тоқтады. Жасанды жүрек пен өкпе қызметін атқаратын экстракорпоральды мембраналық оттегімен қанықтыру аппаратын қосуға тура келді", - дейді аурухана өкілдері.

Дәрігерлер 35 күн бойы науқастың өмірі үшін күрскен. Осы уақыт ішінде әйелде қан кету, артынша қабыну реакциясы, сепсис және жүйелік көп мүшелік жеткіліксіздік пайда болған.

"Пациентті ана дүниеден бірнеше рет қайтарып алу, оны аяққа тұрғызып қана қоймай, дененің барлық функциясын сақтап қалуды тәжірибелі реаниматологтар (мұндай операцияларды бірнеше рет жасаған мамандар) "медициналық ғажайып" деп атайды", - дейді кардио БИТ бөлімшесінің меңгерушісі Расул Сағнаев.

Сондай-ақ дәрігерлер науқастың ақыл-есін білетінін, миына зақым келмегенін атап өтті.

"Бұл - қабылдау бөлімшесі дәрігерлерінің, интервенциялық кардиологтардың, кардиохирургтардың, кардио БИТ кезекші дәрігерлерінің (Руслан Қалиев, Қасқыр Наурыз, Лунара Қадырова, Ришат Айтқали), мейіргерлер мен санитарлардың үлкен командалық жұмысының нәтижесі. Біз үшін бұл - үлкен жеңіс", - дейді кардио БИТ аға ординаторы Сәбит Айнамқұлов.

Аурухана өкілдері қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты екенін және ол интервенциялық кардиология бөлімшесіне ауыстырылғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2009208-gazaiyp-astanalyq-darigerler-zuregi-bir-kunde-53-ret-toqtagan-aieldi-aman-alyp-qaldy/

pixel