Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құлақтың шуылдауы: себептері мен халық емі арқылы емдеу тәсілдері

Опубликовано:

Құлағын ұстап тұрған әйел
Құлақтың шуылдау себептері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құлақтың шуылдауы ойды жинақтауға кедергі келтіріп, еңбек қабілетін төмендетеді әрі қолайсыздық тудырады. Шуыл әр түрлі аурулардың белгісі болуы да мүмкін, сондықтан оны елеусіз қалдыруға болмайды. Құлақ шуылының себептері қандай және оны үйде қалай кетіруге болады?

Адамның басында неліктен шуыл пайда болады?

Сыртқы әсер болмаса да, баста шу, гуіл, ысқырық тәрізді түрлі дыбыстардың пайда болуы есту мүшесінің ауытқуынан, жарақаттар мен психологиялық себептерден және жас ерекшелігіне байланысты өзгерістерден туындауы мүмкін. Мұндай жағымсыз жағдай қан айналымының бұзылуынан, қабынудан, қандай да бір дене мүшесінің ығысуынан және басқа да көптеген себептен туындайды.

Медицина ғылымдарының докторы Сабрина Фелсон гуіл құлақ ішіндегі ұсақ түктердің зақымдануынан пайда болады деп түсіндіреді. Бұл миға жіберілетін белгілерді өзгертіп, адамның дыбысты естуін басқарады.

Бірнеше себеппен байланысты белгілер әлсін-әлсін немесе үздіксіз қайталануы мүмкін, ал шуыл қарқындылық пен дыбыс қаттылығы бойынша өзгереді. Медицинада акустикалық тітіркендіргішсіз шу мен құлақтың шуылын сезіну тиннитус деп аталады. Профессор Пи Джей Ястребофф тиннитус – бұл жүйке жүйесінің қызметі нәтижесінде пайда болатын және құлақ құрышындағы (ішкі құлақ мүшелері) механикалық, тербелмелі процестермен байланысты емес есту сезімі деп жазады. Дегенмен бастағы шу бірқатар патологияның белгісі болуы мүмкін.

Құлағына мысық пішініндегі сырға таққан бойжеткен
Құлағына ерекше сырға таққан қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құлақ пен бастағы шуылдың себептері қандай? Өкінішке қарай құлақ шуылын тудыратын факторлар толық зерттелмеген. Бүгінгі күні бұл жайсыздықты түрлі аурулар, бас жарақаттары, жас ерекшелігі, дәрі-дәрмектің жанама әсері, шудың ықпалы, күйзеліске ұшырау, құлақта бөгде заттардың тұрып қалуы, дұрыс өмір салтын ұстанбау себеп болатыны белгілі.

Олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі қарастырайық:

  1. Аурулар. Ортаңғы және ішкі құлақтағы кез келген аурулар, Меньер ауруы, құлақ бұлығы бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Бұған есту мүшесіне қатысы жоқ аурулар себеп болуы да ықтимал: қант диабеті, қаназдық, остеохондроз, гипотиреоз, аллергия, жоғары немесе төмен қан қысымы, бас пен мойынның ісіктері, тіс аурулары.
  2. Бас, шықшыт буыны, мойын жарақаттары. Жарақаттан туындаған зақым бірден немесе уақыт өте келе шуға ұласуы мүмкін.
  3. Жас ерекшелігі. Адамның жасы ұлғайған сайын есту қабілеті бірте-бірте төмендейді, бұзылыстар пайда болады, олармен бірге шу, шыжыл болуы мүмкін.
  4. Дәрілік заттардың жанама әсері. Кейбір антибиотик, несеп айдатқы, қабынуға қарсы және басқа да дәрі-дәрмектер шуыл тудыруы мүмкін.
  5. Шудың әсері. Есту қабілетінің нашарлауы концерттерден кейін, пиротехникалық заттардың жарылуы, атыс және басқа әсерлерден соң пайда болуы мүмкін. Егер мұндай уақытта құлақ қорғалмаған болса, онда шуылға ұласуы да ғажап емес. Кейде ол өздігінен кетеді, ал кей кездерде есту қабілетінің төмендеуіне әкеледі әрі бұл емдеуді қажет етеді.
  6. Стресс. Тұрақты стресс, шамадан тыс жүктеме, шаршау, ұйқының қанбауы да әсер етуі мүмкін.
  7. Құлақта тұрып қалған бөгде заттар.
  8. Өмір салты. Алкогольді ішімдіктер, кофеин, темекі шегу, сондай-ақ ұйқысыздық, дұрыс тамақтанбау және сусыздану есту қабілетінің нашарлауына әкеледі.

Тиннитус қайталама белгілері бойынша екі түрге бөлінеді:

  1. Теңгерілген. Басқа белгілермен қатысы жоқ, адам шуды өз бетінше басқара алады, бұл оның өмір сүру сапасына әсер етпейді.
  2. Теңгерілмеген. Бірқатар белгілермен қатар жүреді, үрей мен ұйқысыздыққа себеп болады. Адам өміріне теріс әсер етеді.

Әсер ету уақытына байланысты патологиясында айырмашылық болуы ықтимал:

  • жіті (3 айға дейін);
  • бірқалыпты (3 айдан 1 жылға дейін);
  • созылмалы (1 жылдан астам).

Мұның бәрі диагноз қоюда және емдеу әдісін таңдау кезінде ескеріледі.

Құлақтың шуылынан қалай құтылуға болады?

Тиннитус белгілерімен күресу үшін консервативті терапия және халықтық емдеу әдістері қолданылады. Медицина дәрі-дәрмекпен емдеуді, физиотерапияны, есту протезін қолдануды ұсынады. Халықтық медицинада шөп тұнбалары мен қайнатпалары, майлар, ерітінділер пайдаланылады.

Құлақ шуылынан халық емі арқылы арылу үшін мына әдістерді қолдануға болады:

  1. Зәйтүн, шырғанақ немесе бадам майымен компресс жасаңыз. Оны алдымен жылытып алады, содан соң құлаққа бірнеше тамшы тамызып, түні бойы мақта тампонымен жауып қою керек. Бұл әдіс суық тигенде және мұрын бітелген кезде тиімді.
  2. Түймедақ қайнатпасы. Құлақтың қабынуында осы қайнатпаны қолданады. Оның антисептикалық қасиеті және қабынуды жеңілдететін, ауырсынуды басатын әсері бар.
  3. Бал қосылған пияз шырыны. Бұл қоспадан құлаққа күніне бірнеше тамшы тамызу керек. Оның қыздыратын, бактерияға қарсы, қабынуға қарсы қасиеті бар.
  4. Лавр жапырағының қайнатпасы. Ол құлаққа тамшы түрінде тамызады және қайнатпасын ішуге болады. Ол қан тамырларын кеңейтеді және тазартады, қан айналымын жақсартады. Оны курс бойынша қолдану арқылы құлақтағы жағымсыз шуылдан арылу мүмкіндігі мол.
  5. Сарымсақ-бал білтелері. Сарымсақ қабынуды жеңілдетуге және қан айналымын қалпына келтіруге көмектеседі. Оны ұсақтап, бал қосып, дәкеге орап, құлаққа салады. Сарымсақ құлақтың нәзік терісін күйдіріп жібермеу үшін дәкеге салмай қолданбаған абзал.
  6. Қырмызыгүлдің спиртті тұнбасы. Тұнбаның бактерицидтік және қабынуға қарсы қасиеті бар, сондықтан құлақ арнасына тамызғанн кезде ол қабынуды жеңілдетуге және денсаулықты қалпына келтіруге көмектеседі.

Құлағыңыз бен басыңызды қыздырмаңыз. Құлақта қабыну болса, жылыту процедураларын жасау ауырсыну, ісіну, қабынудың басқа мүшелерге таралуы, іріңдеу секілді жайсыздық туғызады. Іріңдеудің салдары тіпті отаны қажет етуі мүмкін.

Құлаққа тағатын аппарат
Құлаққа арналған есту аппараты. Көрнекі сурет: pixabay.com

WebMD қызметкері Минеш Хатри құлақ шуылын емдеуде басқа балама әдістер қолданылып жатқанын, бірақ олардың тиімділігі дәлелденбегенін айтады. Бұл - дәрумендік қоспалар, гинкго билоба сияқты шөп дәрілер немесе мырыш, магний секілді минералдар. Ал кейбір адамдар алтын ине, магнит немесе гипноз арқылы емделеді. Мұндай әдістерге жүгінбестен бұрын дәрігермен кеңесіп, осы процедураларға қарсы көрсетілімдер жоқ екеніне көз жеткізу керек.

Егер сіз құлағыңыздың шуылын шамадан тыс жұмыс және стресспен байланыстырсаңыз, мұны жеңуге көмектесетін жолды табуға тырысыңыз. Мұның шешімі терең тыныс алып, физикалық белсенділік танытуда, адамдармен әңгімелесуде жатқан болуы мүмкін.

Құлақ шуының алдын алу үшін мына әрекеттерді орындауға болады:

  • шылымнан бас тарту;
  • тұтынатын кофеин мен алкоголь мөлшерін азайту;
  • шамадан тыс қатты дыбыстардан аулақ болу;
  • күніне 7-9 сағат ұйықтау;
  • тамақтану мәзіріне дәрумендер мен минералдарға бай тағамдарды қосу;
  • дене жаттығуларын жасау.

Құлақтағы шуыл басқа аурулар мен бұзылыстардың белгісі болуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Егер тыныш ұйқы, демалыс және стандартты дәрі-дәрмектер мәселені шешуге көмектеспесе, отоларингологпен кеңесіңіз. Бастапқы тексеруден кейін дәрігер ем тағайындайды немесе науқасты тиісті маманға жібереді.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген емдеу әдістеріне жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. C. Herraiz. [Physiopathological mechanisms in tinnitus generation and persistence] // PubMed. — 2005. — 56(8). — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/16285431/
  2. Minesh Khatri. Understanding Tinnitus. Diagnosis and Treatment // WebMD.— 2021. — 12 November. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/a-to-z-guides/understanding-tinnitus-treatment
  3. P. J. Jastreboff. Phantom auditory perception (tinnitus): mechanisms of generation and perception // PubMed. — 1990. — 8 (4). — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/2175858/
  4. Sabrina Felson. Why You Have Tinnitus // WebMD. — 2020. — 13 December. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/a-to-z-guides/tinnitus-triggers

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2012231-qulaqtyn-suyldauy-sebepteri-men-xalyq-emi-arqyly-emdeu-tasilderi/

pixel