Оразада салмақ қоспау үшін қалай дұрыс тамақтану керек: эндокринолог жауап берді
Жарияланған күні:
25 жыл тәжірибесі бар астаналық эндокринолог Ләззат Жанұзақова алдағы күндері басталатын ораза кезінде дұрыс тамақтанудың ретін айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дәрігердің сөзінше, ораза кезінде дұрыс тамақтанбаудың салдары артық салмаққа әкелуі мүмкін.
"Оразада дұрыс тамақтану үшін сәрені реттеп, дұрыс тамақтанудың жөнін білу керек. Яғни, таңертең сәреге тұрып, суды ішкеннен кейін ақуызды тағамдарды жеу қажет. Ақуызды тағам жеген адам кешкі ауызашар уақытына дейін тоқ жүре алады", - дейді маман.
Одан бөлек, эндокринологтың пайымынша, артық салмақ қоспаудың бірден бір кепілі - ауызашарда дұрыс тамақтану.
"Ауыз ашқанда су ішеміз. Өйткені біздің ағзамызға 12-13 сағат су түскен жоқ. Сол суды ішіп болғаннан кейін 10-15 минут өткен соң ғана тамақ ішуге болады. Тағы да, алдымен бірінші клетчатка, содан соң ақуызды тағам, тек соңынан, асқазан толғаннан кейін көмірсулы тағамдарды тұтынуға болады. Міне сол кезде біз онша көп салмақ қоспаймыз", - дейді Ләззат Жанұзақова.
Дәрігер сондай-ақ тамақ жеген соң бірден ұйқыға жатып қалмауды, 40-45 минут серуендеудің қажет екенін ескертеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2013584-orazada-salmaq-qospau-usin-qalai-durys-tamaqtanu-kerek-endokrinolog-zauap-berdi/