Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда дәрігерлер баланың асқазанынан бір келіге жуық уыс-уыс шаш алып шықты

Опубликовано:

Ота жасап жатқан дәрігерлер
Ота жасау. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматыда 10 жасар бала ішінің ауырсынуына шағымданып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер оның асқазанынан уыс-уыс шаш тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникасына сілтеме жасап.

Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, 10 жасар науқас іш ауруы, құсу, әлсіздік, мазасыздық шағымымен шұғыл түрде Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне түскен. Анасының айтуынша, бала аузына бөгде заттарды салуды әдеттенген.

Дәрігерлер құрсақ қуысы мүшелерінің компьютерлік томографиясын жасағаннан кейін баланың асқазанынан бөгде зат тапқан (безоар).

MSD медициналық анықтамалығына сәйкес, безоар әдетте асқазанда пайда болатын ішінара қорытылған және қорытылмаған қалдықтардың жиынтығы болып табылады. Асқазан безоары кез келген жас тобындағы азаматтардың ағзасында дамуы мүмкін және мінез-құлқында өзгеріс бар, дәрет сындыру тұрғысынан қиындықтарға тап болған немесе асқазан-ішек жолдарының анатомиялық құрылысы өзгерген науқастарда жиі кездеседі.

Безоар ауруында көбіне симптом жоқ, бірақ кейбіреулері белгілі бір симптоматикалармен қатар байқалуы мүмкін. Кейбір безоарларды химиялық жолмен ерітуге болады, тағы бір түрін эндоскопиялық процедура арқылы жоюға тура келеді, кей жағдайларда тіпті ота жасалуы мүмкін.

Бұл жағдайда емхана хирургтары баланың ағзасындағы бөгде затты хирургиялық жолмен алып тастау керек деп шешті.

"Оператор Марат Қаптағаев, ассистент Азат Олжабаев және анестезиолог-реаниматолог Жандос Шолахов 90 минутқа созылған отаны сәтті аяқтап, асқазан мен он екі елі ішектің үлкен трихобезоарын алып тастады.

Баланың асқазанынан диаметрі 20-15 сантиметрге жуық шырыш пен қорытылмаған аспен араласқан 900 граммдық шаш пен жүн жиынтығы шықты", - дейді дәрігерлер.

Медициналық терминдер сөздігіне сүйенсек, трихо- жұрнағы шашты немесе шашқа ұқсас затты білдіретін ғылыми термин.

Анасы алада шаш, жүннен жасалған бұйымдар мен киізді шайнап, жұту сияқты жаман әдеті барын айтуда. Бала үйінде кілемнің бүршіктерін жұлып, жеп қойғаны анықталды.

"Трихобезоар қорытылмаған заттардың жиынтығы - ас массасы бар шаш пен жүн, олар асқазан сөлінде домаланып, тығыз шарға айналды.

Баланың жалпы жағдайының ауырлығына және операцияның күрделілігіне байланысты науқас бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, одан әрі хирургиялық бөлімде емделіп, 11-ші күні қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды", - деді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.

№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Рабандияровтың айтуынша, асқазан-ішек жолдарының трихобезоары өте сирек кездесетін патология болғанымен, абдоминальды хирургияның өзекті мәселесі.

Үлкен медициналық энциклопедияның анықтамасы бойынша абдоминальды хирургия (латын тілінен аударғанда "abdominalis" — асқазан; синонимі — асқазан хирургиясы) — құрсақ қабырғасы мен құрсақ қуысы мүшелерінің диагностикасын жүргізетін, аурулар мен жарақаттарды хирургиялық емдеу әдістерін зерттейтін хирургияның бөлімі.

Дәрігерлер безоардың ауыр патология екенін және одан өмірге қауіп төндіретін асқынулар туындауы мүмкіндігін ескертті.

"Ата-аналар балаларының патологиялық мінез-құлқына ерекше назар аударып, жоғарыда аталған жаман әдеттері анықталған жағдайда дереу маманға – психолог, (психотерапевт), невропатолог, гастроэнтерологқа хабарласуға тиіс", - деп баса айтты мамандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2015997-almatyda-darigerler-balanyn-asqazanynan-bir-kelige-zuyq-uys-uys-sas-alyp-syqty/

pixel