Алматы ауруханасында АИТВ жұқтыру жағдайы: инфекция таратқан болуы мүмкін пациент анықталды
Жарияланған күні:
Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Әсел Қалықова Орталық қалалық клиникалық ауруханада АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша тексеріс нәтижесі туралы мәлім етті. Оның сөзінше, инфекция таратқан болуы мүмкін пациент басқа ауру белгісімен ауруханаға түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Пациент инкубациялық кезеңде болғандықтан инфекцияны анықтау қиынға соққан. Кейін науқастың қайтыс болуына байланысты инфекция көзін анықтау мүмкін болмаған.
Әсел Қалықова АИТВ жұқтырған үш адам инфекция таратқан болуы мүмкін науқаспен бірге бір мезетте жансақтау бөлімінде жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жұқтыру дерегі адам факторымен, операциялық процедуралардың стандартын сақтамауымен және бақылаудың жоғымен байланысты.
Әсел Қалықова эпидемиологиялық тексеру барысында 745 адам тексерілгенін айтты.
Олардың арасында: 118 қан және оның компоненттерінің доноры, 231 медицина қызметкері, бірлескен стационарлық ем қабылдаған немесе ауру жұқтырғандар бағыты бойынша медициналық ұйымдарға жүгінген 396 науқас бар.
Барлық сараптаманың нәтижесі теріс.
"Комиссия мүшелері эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша үш науқастың АИТВ жұқтыру фактісі адам факторынан болуы мүмкін деген қорытындыға келді.
Атап айтқанда, жекелеген орта медициналық қызметкерлердің инвазиялық манипуляциялар кезінде операциялық процедуралардың стандартын сақтамауы және олардың қызметіне бақылаудың болмауына байланысты", - дейді СЭБД директорының орынбасары.
Қазіргі уақытта АИТВ-инфекциясы анықталған үш пациент АИТВ-орталығына тіркеліп, жеке емдеу схемасы бойынша ретровирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажетті медициналық-психологиялық көмек көрсетіледі.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында үш пациенттен АИТВ инфекциясы анықталған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі аталған факті бойынша тексеру жұмыстарын бастаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2030471-almaty-auruxanasynda-vic-zuqtyru-zagdaiy-infekciya-osagy-boluy-mumkin-nauqas-anyqtaldy/