"Донорды 7 жыл күттім": Алматыда жүрегіне трансплантация жасалған жас жігіт қазіргі жағдайы туралы айтты
Жарияланған күні:
Шілде айында Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылым-зерттеу институтында алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалып, 23 жастағы жігітке донорлық жүрек салынған болатын. Араға бір айға жуық уақыт салып, пациент өзінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды медициналық мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жүрек трансплантациясы 23 жастағы науқас - Даниярға жасалған. Ол кішкентай күнінен жүрек ауруынан зардап шеккен. Айтуынша, донорды 7 жыл бойы күткен. Оған 53 жастағы алматылық әйелдің жүрегі салынған.
"Қазір өзімді қалыпты сезінемін. Күн сайын жағдайым жақсарып келеді. Жаңа жүрекпен өзімді әдеттегідей сезінемін – ешқандай өзгешелік жоқ. Күту тізімінде мен 2016 жылдан бері тұрдым және донорды 7 жыл күттім", - дейді ол.
Данияр операцияға дейін физикалық белсенділікті көтере алмағанын айтады, ал толық қалпына келіп алған соң жұмысын өзгертіп, тіпті фитнес-залға баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
"Арнайы жоспарым жоқ. Бірінші жылы толық қалпына келгім келеді, фитнес-залға барып, денемді шынықтырамын. Сондай-ақ жұмысымды өзгерткім келеді, бірақ мен нақты не істегім келетінін әлі шешкен жоқпын", - дейді Данияр.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, реципиент қан тобына, дене салмағының индексіне, бойына қарай таңдалады. Донордың салмағы реципиенттің салмағынан 30 пайыздан аспауы тиіс. Жүрек доноры 60 жастан аспауы керек. Өйткені мұндай жүректің кардиопатия мен жүрек жарақаты жоқ, қалыпты ЭКГ және ЭХОКГ бар қалпына келтіру үшін жеткілікті резерві бар.
"Қазір Данияр ауруханадан шықты, үйінде. Біз онымен күнделікті байланыстамыз. Трансплантациядан кейін пациентті бақылауда ұстау екі фазадан тұрады: ерте индукция және ұзақмерзімді қолдау жүргізу. Оң жақ қарыншаның эндомиокардиалды биопсиясы алынды, бұл – трансплантты қабылдамау диагнозын анықтау үшін аса қажет стандарт. Ағзаны қабылдамау диагнозының алдын алу мақсатында иммуносупрессивті терапия жүргізіледі. Даниярдың жағдайы жақсы", - дейді дәрігер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2033016-donordy-7-zyl-kuttim-almatyda-zuregine-transplantaciya-zasalgan-zas-zigit-qazirgi-zagdaiy-turaly-aitty/