Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"500-ге тарта баланы аяғына тұрғызған": сал ауруына шалдыққан балаларға көмектесіп жүрген дәрігер жайлы не білеміз

Опубликовано:

Данияр Болатов
Данияр Болатов. Видеодан кадр: "Хабар24"

Абай облысында үш мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның мыңнан астамына сал ауруы диагнозы қойылған. Бұл санаттағы жандарға семейлік жас дәрігер Данияр Болатов көмек қолын созып жүр, деп хабарлайды "Хабар24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, Данияр 10 жылдық еңбек тәжірибесінде 500-ге тарта балаға аяғына тұруына көмектескен.

Мәселен, Қарағанды қаласының тұрғыны Эльнара Смағұлова бес жасар қызын Семейге арнайы алып келген. Қызының Данияр Болатовтың нұсқаулығымен емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасап жүргеніне үш жылға жуықтаған.

"Ол әуелі бізге Қарағандыға келіп жүрді. Қазір біз Семейге келіп, ем қабылдап жатырмыз. Осы уақыт аралығында қызым еңбектеуді, өз бетімен отыруды үйренді. Бүгінде ақырындап жүруге талпына бастады. Біз бұған дейін көптеген маманның алдына бардық. Даниярға келгелі қызымның денсаулығы әжептәуір жақсарды", - дейді Эльнара Смағұлова.

Телеарнаның хабарлауынша, дәрігер күніне 10 адамға ем-дом жасайды. Емдік дене шынықтыру курсы 1 жылдан 5 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Әр баланы жеке бағдарлама бойынша емдейді.

"Ми ошағының зақымдануына байланысты. Кейбіреулеріне жарты жыл да жеткілікті. Кейбіреулеріне 5 жыл да аз болады деген сияқты", - дейді Данияр.

Даниярдың айтуынша, жұмысындағы ең бірінші керек қасиет балалармен тіл табыса білу.

"Сол бірінші орында тұрады деп ойлаймын. Білімді де қажет етеді. Жыл сайын жан-жаққа барып білім аламыз. Сондай-ақ шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді", - дейді емдік дене шынықтыру бойынша нұсқаушы Данияр Болатов.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысында тірек қимыл аппараты бұзылған және сал ауруына шалдыққан балалардың ем алуы үшін Семейде 150 орындық оңалту орталығы жұмыс істеуде. Алдағы уақытта облыста осындай бірнеше нысан салынады деп жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2033153-500-ge-tarta-balany-ayagyna-turgyzgan-sal-auruyna-saldyqqan-balalarga-komektesip-zurgen-dariger-zaily-ne-bilemiz/

pixel