Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйелдер көп ауырады: Қазақстанда рак ауруының қандай түрі көш бастап тұрғаны анықталды

Жарияланған күні:

Аурухана төсегінде отырған қыз
Көрнекі сурет: pexels.com

Қазақстанда жылына 37 мыңнан аса адамнан жаңа қатерлі ісік анықталады. Олардың 13 мыңнан астамы дүние салады, деп хабарлайды Хабар24 арнасы.

Бүгін Астанада өткен "Орталық Азия онкологиялық апталығы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы мәселе айтылды.

Елімізде 205 мыңнан астам адам қатерлі ісікпен тіркеуде тұр. Ал онкология бойынша өлім-жітім екінші орында. Сондықтан сала мамандары аты жаман аурудың алдын алу үшін әлемдік тәжірибені барынша енгізу қажеттігін айтады.

Қазақстанда онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры бірінші орында. Одан кейін өкпе, асқазан қатерлі ісігі дендеп тұр. Дегенмен сала мамандары соңғы уақытта аты жаман ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік туғанын айтады. Дертке шалдыққан жандарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артқан.

Ресми деректерге сүйенсек, ерлерге қарағанда әйелдер көп ауырады. Сондықтан елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар 2 жылда бір рет тегін скринингтен өтеді. Тексеріс үш бағытта жүреді.

"Бүгін рак ауруының нақсы себебі осы деп ешкім айта алмайды. Бірақ алдын алатын шаралар елімізде енгізіліп жатыр. Скрининг - алдын ала адамды зерттеу. Профилактика, жатыр мойыны обырыныңвакцинасы бар. Соны алса, әсіресе, жас буын қыздарымыз алса, келешекте ол қатерлі ісікпен ауырмайды деген сөз. Балалар онкологиясы, онкогемотология дейді. Осыған байланысты үлкен қаражат бөлініп кішкентай сәбилерді аман алып қалуға үлкен күш жұмсалатын болады", - деді трансплантолог дәрігер Жақсылық Досқалиев.

Заманауи медицинада қатерлі ісікті ерте анықтауға болатын түрлі жолдары бар. Ең бергісі жыл сайын скринингтен өтіп тұру. Сондай-ақ, онкологтар салауатты өмір салтын сақтамау, өзге аурулардан дұрыс емделмеу осы дертке әкеп соғуы мүмкін деп отыр. Бірінші және екінші сатыдағы обыр емге көнеді. Ал асқынған жағдайда онымен күрес те қиындай түседі. Сондықтан ауруды ерте анықтау өте маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2035579-aielder-kop-auyrady-qazaqstanda-rak-auruynyn-qandai-turi-kos-bastap-turgany-anyqtaldy/