Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қатерлі ісік, аутизм: дәрігер қауіпті дертке шалдыққан жандарға кеңес берді

Жарияланған күні:

Ұл бала телефоннан мультфильм көріп отыр
Телефон ұстаған бала. Көрнекі фото: Рexels.com

Қазақстанда жыл сайын 37 мың адамнан қатерлі ісік табылады. Елімізде ерлерге қарағанда әйелдердің рак ауруына көп шалдығатыны да белгілі болды. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің оянуына иммунитетпен қатар, әлеуметтік жағдай да әсер етеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қатерлі ісік: қалай жеңеміз?

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың ақпан айында жасаған мәлімдемесіне сәйкес, елімізде соңғы жиырма жылда онкологиялық аурулардан көз жұмғандар саны 33 пайызға азайған.

Министр бірінші орында сүт безі обыры (13,2%), екінші орында өкпе обыры (10%), үшінші орында колоректалдық обыр, яғни ішек қатерлі ісігі (9,3%) барын мәлімдеді.

Ресейлік педиатр, интегративті медицина өкілі Дмитрий Раевскийдің мәліметінше, қатерлі ісікке шалдыққан адамға толассыз химиотерапиядан бұрын, баспен және санамен жұмыс істеу аса маңызды. Оның ойынша, рак пен қазіргі кезде кең таралып жатқан аутистік спектрдің бұзылуы, аутизм және бала тілі мен психикалық дамуының тежелуі сынды диагнозды емдеу жолында да психологиялық көмек ерекше қажет.

"Рак қандай жағдайда туындайды? Ең алдымен қатты күйзеліс кезінде рак жасушалары оянады. Жалпы алғанда, рак жасушалары адамның ағзасында күн сайын оянады. Бірақ онымен біздің иммунитетіміз сол бойда күресіп, оны басып тастап отырады. Ал иммунитет әлсіреген кезде рак жасушаларының оянғанын байқамай қалады. Міне, содан соң қатерлі жасушалар адам ағзасына балалап, тарайды да, әрі қарай қорқынышты күндер, өмір үшін жанталас басталады.

Мұндай кезде адамға ең бірінші әсер ететін нәрсе – қорқыныш. Иә, науқастар ракпен ауыратынын естіген кезде өздерін тастап жібереді. Бірден өлімге дайындала бастайды. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан қатерлі дертке шалдыққан адамға ең алдымен онкопсихологиялық көмек керек. Сырқат жанға өмірдің қымбат екенін, жарық дүние үшін күресу қажеттігін жіті түсіндіру қажет. Біз осы әдістің ерекше жұмыс істейтінін күнделікті сауығып жатқан науқастарымыздан байқап отырмыз. Тіпті, қатерлі дерттің төртінші сатысына өтіп кеткен жандарға да шипа табылып жатыр", - дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол әлеуметтік жағдай мен отбасындағы ұрыс-керістің де қатерлі дертке қатысы болуы мүмкіндігін айтады.

"Бізде бір мысал бар. Күйеуінен жиі таяқ жейтін әйел қатерлі ісікке шалдыққан. Ол ауырған кезде күйеуі қол көтермейді. Сондықтан рак оған қорғаныш құралы сияқты, оны тастап кетпейді. Бұл әлеуметтік жағдайдың да қатерлі дертке әсер ететінін көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда біз әйелі мен күйеуінің уақытша болса да бөлек тұруынан талап етеміз. Үнемі қорқыныш жағдайында жүру де сана арқылы сырқаттың таралуына себепкер болады. Тағы да қайталап айтамын, ең бірінші санамен жұмыс істеу керек", - деді Раевский.

Аутизм: "жаңбыр балалары" көбейіп барады

Интегравтиті медицина өкілдері аутизм мен аутистік спектрінде бұзылысы бар балалардың соңғы жылдары күрт өсіп кеткенінен де қауіптенуде.

"1988 жылы Том Круз басты рөлді ойнаған "Жаңбыр адамы" фильмі шыққанда, көп ешкім мән берген жоқ. Ал қазір аутизм туралы статистика қорқынышты боп барады. Аутизмге шалдыққан балалардың ең алдымен анасын емдеу керек. Өйткені бала жыныстық тұрғыда жетілгенше, яғни, 15 жасқа дейін анасымен қатты байланыста болады. Ананың көңіл-күйі мен барлық күйзелісі балаға тікелей беріледі. Сондықтан біз аутизм диагнозы қойылған қырық баланың анасымен жұмыс істедік. Нәтиже жаман емес. Қазір аутизм таралуының көптеген себебі бар. Бұл геннің мутацияға түсуінен пайда болатын дерт. Сол үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану керек», - деді дәрігер.

Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі интегративті дәрігерлердің қабылдауына жазылудың тым қымбаттығына шағымданды. Себебі аутистік спектрі бұзылған балаларды емдеумен айналысатын Қазақстандағы интегративті дәрігерлердің бір қабылдауы 450 мың теңгеге дейін барады.

"Мұны дәрігерлердің көп оқуымен байланыстырамыз. Өйткені интегративті медицина үлкен білімді талап етеді. Мұндай білімді алу үшін үлкен қаражат керек. Одан бөлек, дәрігерлер команда құрады. Бұған да ақша керек. Бастысы – нәтиже. Қазір аутизмге шалдыққан балаларды түзету жұмыстарында интегративті дәрігерлердің еңбегі орасан зор. Сол үшін мемлекет бұған назар аударып, балаларды емдету үшін қаражат бөлуі керек деп есептеймін. Расымен, бұл қаражатты көп адам көтере бермейді", - дейді маман.

Сөз соңында дәрігер баланы кішкентайынан шынықтырып, иммунитетті үнемі бақылауда ұстау керектігін айтты.

"Қазір аналар баланың мұрнынан маңқасы ақса, дене қызуы көтерілсе, бірден даурығып шығады. Бұл дұрыс емес. Баланың ауыруы да анасының көңіл-күйіне, санасына байланысты. Егер балаңыздың мұрнына су аққанына қатты мән бермесеңіз, ол өздігінен кетіп қалады. Егер сол үшін күйіп-пісетін болсаңыз, ауру дендей береді. Үш күн ішінде кетіп қалатын дене қызуы төртінші, бесінші, алтыншы күнге жалғасуы мүмкін. Бала денсаулығына мұқият қараңыздар, бірақ күйзеліске түспеңіздер. Содан соң, баршаңызды дұрыс тамақтануға, баланы кішкентайынан салқынға үйретіп, шынықтыруға, спортпен шұғылданып, таза ауада көбірек серуендеуге кеңес беремін", - деді Раевский.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2036188-qaterli-isik-autizm-dariger-qauipti-dertke-saldyqqan-zandarga-kenes-berdi/