Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дұрыс тамақтанудың пайдасы мен жолы қандай: мамандар кеңесі

Опубликовано:

Көкөністер мен жемістер
Көкөністер мен жеміс-жидектер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Денсаулығына бей-жай қарамайтын адам әдетте спортпен шұғылданады, зиянды әдеттерден аулақ болады. Дегенмен дұрыс тамақтану қағидасын ұстанбаса, денені үнемі шынықтырудың өзі пайда бермейді. Бұл жазбамызда дұрыс тамақтанудың адам ағзасына тигізетін пайдасы туралы айтамыз.

Дұрыс тамақтану адам ағзасы үшін өте маңызды. Асқазанға түскен пайдалы тағам кейбір созылмалы ауруларды асқындырмай, өмір сүру сапасын арттырады. Себебі тағам жасушалардың дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет күш-қуаттың орнын толтырады.

Дұрыс тамақтанудың негізгі артықшылығы қандай?

"Все о Еде – Еда от А до Я" жазбасында дұрыс тамақтанудың көптеген дерттің алдын алатыны жайлы ақпарат берілген:

Дұрыс тамақтану салмақты бірқалыпты етеді. Семіздікке шалдыққан адамдарда белгілі бір патологиялардың даму қаупі жоғары болуы ықтимал:

  • жүрек-қан тамырлары аурулары;
  • 2 типтегі қант диабеті;
  • жоғары қан қысымы;
  • қатерлі ісік;
  • остеопороз.

Өңделген тағамдарға қарағанда көкөністер мен жемістердің калориясы аз әрі талшыққа бай болады. Көкөністі көбірек жеген адам аштықты сезіне қоймайды. Сонымен қатар құрамында талшықтары көп тағамдар ұзақ шайнауды қажет етеді. Мұның ас қорыту жүйесіне пайдасы зор.

Адамның ішегінде миллиардтаған пайдалы бактерия бар. Бұл бактериялар ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. Олар ас қорытуға және қоректік заттарды сіңіруге қатысады. Тамақтану кезінде көкөністер мен жеміс-жидекті көбірек тұтынудың пробиотикалық әсері бар, бұл тоқ ішекке пайдалы әрі денсаулыққа оң әсерін тигізетін ішек бактерияларының дамуына ықпал етеді.

Пробиотиктері жоғары көкөністер, жемістер секілді пайдалы тағамдарды жеткілікті мөлшерде жеу арқылы сіз тоқ ішектің жағдайын жақсарта аласыз.

Қияр мен қызанақ
Қияр, қызанақ және ақжелкен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дұрыс тамақтанудың көңіл-күйге әсері

Дұрыс тамақтану көңіл-күйге әсер ете ме? Көңіл-күй мен тамақтану арасында тығыз байланыс бар. "The American Journal of Psychiatry" журналында жарияланған зерттеу мақаласында көмірсуы жоғары өңделген тағамдарды үнемі жеу (мысалы, гамбургер, ақ нан және қант) депрессиялық жағдайлар мен мазасыздықтың жоғары болуымен байланысты делінген. Сондықтан дұрыс тамақтану адамның көңіл-күйінің жақсы болуына ықпал етеді.

Есте сақтау қабілетіне дұрыс тамақтанудың пайдасы қандай?

Дұрыс тамақтану когнитивті құлдыраудың алдын алуға көмектеседі. Зерттеулер көрсеткендей, құрамында май мен қант мөлшері жоғары теңгерімсіз тамақтану мидың зақымдалуына әкелуі мүмкін. Дұрыс тамақтану мидың ұзақ өмір сүруі мен есте сақтау қабілетін сақтау үшін маңызды. Ересектерде полиқанықпаған май қышқылдары (омега-3 және омега-6) сияқты қоректік заттар есте сақтау және оқу үшін өте маңызды. Егде жастағы адамдарда омега-3 және А дәрумені ми жасушаларында қорғаныс рөлін атқарады, осылайша мидың қартаюын баяулатады.

Дұрыс тамақтану мен ұйқының байланысы қандай?

Ұйқының сапасы көптеген параметрмен, соның ішінде тамақтану факторларымен анықталады. Мәселен семіздік тыныс алуға кедергі келтірсе, дұрыс тамақтанбау, тойып алып төсекке жата салу ұйқыны бұзуы мүмкін. Мұндайда артық салмақтан арылу арқылы жағдайды жақсартуға болады. Құрамында алкоголь мен кофеині бар сусындарды (кофе, шай және т.б.) азайту тыныш ұйықтауға көмектеседі.

Ұйқыдан ояну
Ұйқыдан оянған ару. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қалай дұрыс тамақтану керек?

Мамандар тамақтануға қатысты мына қағидаларды ұстануға кеңес береді:

  • Әр түрлі тағам жеу. Мысалы ыдыстың жартысында көкөністер мен жеміс-жидек тұрса, төрттен бір бөлігіне дәнді-дақылдар, ет, сүт өнімдерінің болғаны абзал. Мұндай тағамдардың құрамында май аз, есесіне кальций, көмірсулар мен ақуыздар мол болады. Әр түрлі тағамнан аз-аздан тұтыну ағзада дәрумен жетіспеушілігін болдырмайды.
  • Тағамның сапасына мән беру. Тазартылған, гидрогенезделген майлары бар тағамдарды сатып алмаған дұрыс. Жергілікті жаңа піскен өнімдерді алуға тырысыңыз.
  • Тағам мөлшерін қадағалау. Қатты тойып тамақ жеу ішкі құрылысқа әсер етеді әрі артық салмақ қосады. Ал семіздік көптеген дерттің пайда болуына әкес соғуы мүмкін. Сондықтан калориясы төмен, бірақ құнарлы тағам жеген пайдалы. Мысалы макарон, күріштің мөлшерін азайтып, оның орнына көкөністер жеуге болады.
  • Дәмді тағам. Адамдардың көбінің диетаны орта жолдан тастап кетуінің бірден-бір себебі тағамның дәмімен байланысты болса керек. Бүгінде көп адамға, әсіресе жастарға тағам құрамындағы тұз бен қанттың, майдың көп мөлшерде болуы қалыпты болып есептеледі.
  • Тағамды асықпай шайнап жеу. Алдыңыздағы астың әрбір тілімінен ләззат алып, асықпай тамақтану тағамның ағзаға дұрыс сіңірілуіне, асқазан, ішек-жолдарына пайдалы.
  • Таңертең майлы тамақ жемеу, күндіз тойымды, ал кешке жеңіл тағам жеу. Дәл осылай тамақтану қағидасын ұстану денсаулықтың мықты болуына әсер етеді.
  • Тағамды 100 ° C-тан төмен температурада пісіру. Себебі жоғары температурада тағамның құнарлылығы азаяды. Микротолқынды пешті қолданбауға тырысу керек. Бұл ретте тауық грилінің де аса пайдалы емес екенін айта кету керек.
  • Газдалған, тәтті әрі энергетикалық сусындарды ішпеу. Мамандар мұндай сусындардың ағзаға пайдасы жоқ екенін айтады.

Дәрігерлер ағзаға қажетті қоректік заттардың тиімді мөлшерде және қажет уақытында түсуін қамтамасыз ету өте маңызды екенін айтады. Дұрыс тамақтану дегеніміз не? Ш.А.Абжанованың "Тамақтану физиологиясы және санитария-гигиена" атты оқулығында дұрыс тамақтану туралы мынадай құнды ақпарат берілген:

  1. Тамақпен бірге ағзаға берілетін энергия адамның тіршілік ету кезінде жұмсайтын күш-қуатының тепе-теңдігі, басқаша айтқанда, энергия теңдестігі.
  2. Ағза қажеттіліктерінің қоректік заттардың белгілі бір мөлшерде және арақатынасында қанағаттандарылуы.
  3. Тамақтану режимінің сақталуы (тамақты белгілі бір уақытта және әрбір тамақтанған кезде нақты бір мөлшерде тамақ ішу).

Дұрыс тамақтану энергия теңдестігін береді, ал адам ағзасына қажет энергия көзі тағам арқылы беріледі. Әдетте ағзаға дәрумендер жетіспесе, көңіл-күй нашарлайды, еңбекке қабілеттілік нашарлайды, суықтап қалу жағдайы жиі болады. Осы орайда денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы дұрыс тамақтанумен байланысты екенін естен шығармаған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2040778-durys-tamaqtanudyn-paidasy-men-zoly-qandai-mamandar-kenesi/

pixel