Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адыраспан шөбінің қасиеті неде: сенім-нанымдар мен табиғи ерекшелігі

Опубликовано:

Адыраспан шөбінің емдік қасиеті. Көрнекі сурет
Адыраспан шөбінің емдік қасиеті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқында адыраспанды емдік қасиеті зор, қасиетті өсімдік санайды. Десе де кей ғалымдар оның қарапайым шөп екенін, дәрілік қасиеті аз екенін алға тартады. Бүгінгі материалда адыраспан шөбінің емдік қасиеті әрі оған қатысты наным-сенімдерге тоқталатын боламыз.

Адыраспанды Шығыс халықтары ерекше құрметтеген. Олар оны киесі бар деп есептеген. Massaget.kz сайты ұсынған мәліметтерге сәйкес, ежелгі шығыс халқы оны аяқ астына тастамай, тіпті үйге әкеліп, төрге қойып, емдік шөп ретінде пайдаланған екен. Сонымен бірге аталған шөп үйге ырыс-құт әкеледі деп есептелген. Сол себепті оны ежелгі шығыс халықтары үйдің босағасына іліп қойған екен.

Мәселен, өзбек халқы жолға шыққанда сапар сәтті болсын деп, көліктің алдыңғы бөлігіндегі әйнекке іліп қоятын көрінеді. Сол сияқты жас келін босанып, сәбилер ауырғанда немесе айықпас дертке шалдыққанда да осы дәрілік шөпті пайдаланған деген деректер бар.

Шығыс деректерінде ежелде адыраспанның түтінін емдік мақсатта қолданған деген болжам бар.

Адыраспанның табиғи ерекшелігі

"Білім айнасы" газетінде жарыққа шыққан "Адыраспанның химиялық құрамы" мақаласында дәрілік өсімдіктің биологиялық сипаттамасы былай көрсетіледі:

"Сабағы бұтақшалы. Тамыры діңгекті 2-3 м-ге дейін жетеді. Сабағының ұзындығы 30-80 см, жалаңаш жасыл түсті. Жапырақтары тілімделген, кезектесіп орналасқан, қысқа сырғалы терең 3-5 бөлікке бөлінген, етті өсімдік.

Гүлі ақ және сары түсті, ірі жалғыз немесе үш гүлі сабаққа гүл табаны арқылы бекітілген. Тостағаншасы – бес, күлтесі бес бөлімді сары түсті, ұзындығы 1,5-2 см, аталығы 15. Мамыр, шілде айларында гүлдейді, шілде, тамыз айларында  піседі. Қатты хош иісі бар, топтанып өседі. Жеке ірі бұтақтарында 150-ге дейін сабақтары болады. Өсімдіктің жер бетінде өсіп өнуі наурыз айының аяғы мен сәуір айында болады. Бүршіктенуі сәуір айында басталады, мүшелердің шығуы тамыз айында басталып, күзде үсік болғанда аяқталады".

Дәрілік өсімдіктер. Көрнекі сурет
Дәрілік өсімдіктер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Аталған мақалада адыраспанның химиялық құрамына да толықтай сипаттама жасалады:

"Адыраспанның тұқымында 3,5-6% алкалойд, 60% гармалин, 30% гармин және аз мөлшерде гармалол, пеганин мен дезоксивазицинон. Шөбінің құрамында 1,5-3% алкалойд, 60% пеганин және вазицинон бар. Және де аз мөлшерде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол табылды. Көп мөлшерде алкалойдты заттар бар, хиназалин мен индол. Тамырында 1,7-3,3%,  сабағында 0,23-3,57%, жапырағында 1,07-4,96%, гүлінде 2,82%, жемісінде 1,08%, тұқымында 2,83-4,59%. Жас өсімдіктің тамырында алкалойд 2 есе көп болады.

Өсімдік өскен сайын жер асты бөліміндегі алкалойдты заттың мөлшері азаяды. Алкалойд затты таза күйінде алу үшін бұл жағдайды ескеру керек. Тұқымында бояғыш зат және 14,25% майлы май болады", - деп жазылған аталған мақалада.

Адыраспанның емдік қасиеті және ол жайлы наным-сенімдер

Биолог ғалымдар адыраспанның емдік қасиеті зор екенін айтады. Мәселен, Серік Кабдуловтың "Казахстанская правда" газетінде жарық көрген "Трава жизни" атты мақаласында адыраспанның емдік қасиеті сипатталады. Айтуынша ертеректе өсімдіктің емдік қасиетіне көптеген емшілер жүгінген екен. Адыраспанның сабағы мен жапырағын тіпті, эпилепсия, сал ауруы, ұмытшақтық, менингит және тағы да басқа ауыр дерттерге пайдаланған екен. Адыраспанның тұнбасын буын аурулары мен бел ауырғанда да қолданған. Ғалымдар мұны дәрілік шөптің құрамында эфир майларының көп болуымен түсіндірген.

"Жалағаш жаршысы" атты тағы бір басылымдағы мына бір мақалада адыраспанның өкпе аулурарына да ем екені айтылады.

"Адыраспанды емдік қасиетте пайдалану үшін оны гүлдеген кезінде жинап алу керек. Сосын оны кептіріп, біраз уақытқа сақтайды. Медицинада адыраспаннан жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, қан қысымын көтеру, тыныс алуды жиілету, асқазан мен жүректің жұмысын ретке келтіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге адыраспанды қайнатып, одан шыққан тұнбаны ішкі мүшелерге суық тигенде, безгек, мерез ауруларынан айықтыру үшін пайдаланады.

Адыраспанның тағы бір ерекше қасиеті – өкпе ауруына таптырмас ем екендігі. Өкпе туберкулезі, демікпе, ентікпе, тағы да басқа әртүрлі ауруларға шалдыққанда адыраспанмен емделуге болады. Әсіресе суық тиіп, ауру асқынып, адамның денесі мұздап, қалтырап қызуы көтерілгенде, адыраспан қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді", - деп жазылған мақалада.

Адыраспан дәрілік өсімдігі. Сурет
Адыраспан дәрілік өсімдігі. Сурет: osken-onir.kz

Десе де ел арасында дәрілік шөпті үйден жын қуу, баланың бесігін аластау, жаңа үйге кірген сәтте аластау сынды бірқатар наным-сенімдер тараған. Олардың кейбірі адамдардың қиялынан туса, кейбірінде ақиқат жатыр. Мысалы, ежелде қазақ халқы адыраспанды не себепті киіз үйдің ішіне, босағаға қойған деген сауал бар. Ғалымдар адыраспанның ашы иісі улы жәндіктерден қорғайтынын дәлелдеген. Осылайша бабалар ежелде сол себепті үйдің ішін аластап, оны босағаға ілік қойған екен.

Сол сияқты қазақ халқы бесікті адыраспанмен аластаған. Шипалы шөпті тұтатып, бесікті аластау арқылы олар сәбиді бәле-жаладан, тіл-көзден, қауіп-қатерден қорғаймыз деп санаған.

Sputnik Қазақстан басылымында адыраспан өсімдігіне қатысты мынадай қызықты дерек келтіріледі. Ежелде моңғол халқы дәрілік шөпті у ретінде қолданған екен. Олар жаудың аяқ киімін адыраспанмен сүрткен, сөйтіп сол аяқ киімнің иесі бірнеше күннен соң өмірмен қош айтысады екен. Бұдан да адыраспанның мистикалық қасиетке ие екенін аңғаруға болады.

Тағы бір деректерде адыраспанның қасиетті шөп қатарынан болғаны үшін, оны кез келген уақытта жұлуға болмайтынын жазылған. Адыраспанды толық гүлдеп бітіп, қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлуға болады екен. Тіпті адыраспанды жұлуға тек ер адамдарға рұқсат етілген деген болжам бар. Жұлған күннің өзінде ер адамның үсті-басы таза, дәреті алынған болуы тиіс екен.

Бір есте ұстайтын жайт, адыраспан улы өсімдіктер қатарына жатады. Шөпті шамадан көп қолдану тыныс алудың тарылуына, жүрек айнуға, ұйқы басып тұруына, елес көру, сілекей ағу, қан қысымының көтерілуі және т.б. қолайсыз жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін.

Адыраспан - шығыс халықтары үшін шипалы әрі дәрілі өсімдік болып қала бермек. Өсімдікке қатысты көптеген мифтердің болуына қарамастан, адыраспан ғасырлар бойы халық арасында тек қасиетті, үйге береке әкелетін, жаман әдеттен сақтайтын өсімдік болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2040937-adyraspan-sobinin-qasieti-nede-senim-nanymdar-men-tabigi-erekseligi/

pixel