Қазақстанда қызылшадан екі бала көз жұмды
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін сенат кулуарында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда қызылша жұқтырған екі баланың көз жұмғанын растады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова жыл басынан бері Қазақстанда қызылшамен ауырған 28 мыңнан астам жағдай тіркелгенін хабарлады. Оның айтуынша, ауруды жұқтырғандардың 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде шамамен 80 пайызы - вакцина алмаған балалар.
"Астанада және Шығыс Қазақстан облысында қызылша бойынша екі өлім тіркелді. Бұл бір жасқа дейінгі сәбилер, яғни екпе жасына толмаған балалар. Ауру жұқтырған екінші бала мерзімінен бұрын туған, сәбиде туғаннан патология көп болды, кейін қызылша жұқтырғаны белгілі болды", - деді ол.
Журналистер Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерден аурудың өршуінің себебі неде деп сұрады.
"Қызылша – өте жұқпалы ауру, кез келген жұқпалы ауру цикл бойынша сипатталады, қызылшаның циклі шамамен 5-7 жылды құрайды. Бізде соңғы рет аурудың өршуі 2019 жылы байқалып, халықты жаппай иммундау жұмыстары да жүргізілді. Қазір ауру жұқтырғандардың 60 пайызы 5 жасқа дейінгі балалар, сондықтан дәл осы жас санатына қосымша жаппай иммундау қажет", - деп түйіндеді сөзін Айжан Есмағамбетова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2053072-qazaqstanda-qyzylsadan-eki-bala-koz-zumdy/