"Соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш": елімізде қызылша жұқтырғандар саны айтарлықтай өскен
Жарияланған күні:
2023 жылы Қазақстанда 29 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 80 пайызыы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министр келтірген мәлімет бойынша, 1 қаңтардан бері 1 674 адам қызылшамен ауырған.
"Жағдайды тұрақтандыру үшін өткен жылы жоспар бойынша вакциналау жүргізілді, нәтижесінде алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық бала екпе алды. Бүгінгі таңда қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам екпе алды, күн сайын 20 мыңнан астам адам вакцина алуда", - деді Ажар Ғиният.
Ал премьер-министр Әлихан Смайылов қызылша жұқтырғандардың көбі екпе алмағандар екенін атап өтті.
"Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.
"Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен", - деді премьер-министр.
Осыған байланысты Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыруды тапсырды.
Бұған қоса үкімет басшысы жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналауға жағдай жасауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2054543-songy-10-zylda-bolmagan-korsetkis-elimizde-qyzylsa-zuqtyrgandar-sany-aitarlyqtai-osken/