Ажар Ғинияттың отставкаға кетуін талап еткен петицияны Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігі министр Ажар Ғинияттың отставкаға кетуін талап етіп жарияланған петицияны жоққа шығарды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Денсаулық сақтау министрінің отставкаға кетуі туралы петицияның ведомствоның телеграм арнасында қателесіп жариялануына қатысты жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мынаны түсіндіреді: бұл жарияланым осы петицияны жоққа шығаратын материалды жариялау кезінде болған ақау салдарынан шығып кеткен", - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі петицияның мазмұны шындыққа жанаспайтынын және халықты жалған ақпаратпен шатастырып отырғанын мәлім етті.
"Біріншіден, МӘМС жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты айта кететін жайт, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласының бюджеті соңғы үш жылда 1,7 есеге – 1,1 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сақтандыру қаражаты есебінен еліміздің бір тұрғынының денсаулығына жұмсалатын шығын 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін артты", - деді министрлік өкілдері.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері "бюджеттің 48 миллиард теңгесіне көтеріңкі бағаға медициналық бұйымдар сатып алады" деген ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын баса айтты.
"Медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу рәсімі "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторына жүктелген, ал қаржыландыру көзі – жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша өңірлік бюджеттер", - делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Денсаулық сақтау министрлігі алдымен әлеуметтік желідегі парақшаларда репост жасауды ұсынатын бұл петицияға қол қою механизмі азаматтар үшін ашық дауыс беру жүйесін қамтамасыз етпейтінін мәлімдеді. Министрлік өкілдері петицияға қол қоюдың бұл әдісі азаматтардың еркін білдірудің мөлдірлігі және ашықтық қағидаттарын бұзу болып саналатынын баса айтты.
"Денсаулық сақтау министрлігі осымен бірнеше рет ойдан шығарылған ақпараттық себептер, тексерелмеген ақпарат көздері пайдаланылған ақпараттық шабуылдың нысанына айналып отыр, енді ашық арандату басталды. БАҚ арқылы беделге нұқсан келтіру әрекеттеріне қарамастан, министрлік мемлекеттік орган ретінде әрқашан ашықтық пен мөлдірлік саясатын ұстанады, сындарлы диалог пен пайдалы пікірталасқа әрқашан дайын", - дейді ведомство өкілдері.
Еске сал кетсек, 2022 жылғы 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ажар Ғиниятты денсаулық сақтау министрі етіп тағайындады.
2023 жылғы 4 сәуірде Ажар Ғиният денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалды.
2023 жылғы 10 маусымда мемлекет басшысының әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру туралы тапсырмаларының шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп медициналық көмекті қаржыландырумен байланысты жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар шешім қабылдағанын хабарлады.
Ведомство басшысы Ажар Ғиният жалпы халыққа медициналық көмек көрсетуге бағытталған қаржы қаражатының пайдаланылуын, оның сапасы мен тиімділігін Медициналық сақтандыру қорының сараптамасы тарапынан да, мониторингтің цифрлық құралдарының көмегімен де бақылау күшейтілетінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2054955-azar-giniyattyn-otstavkaga-ketuin-talap-etken-peticiyany-densaulyq-saqtau-ministrligi-zoqqa-sygardy/