Қазақстанда марқұм болған адамның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу ұсынылды
Жарияланған күні:
"Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Қазақстанда мәйіт донорлығына қатысты заңды өзгерту қажет деп санайды. Бұл жөнінде КТК телеарнасы хабарлады.
Қазір мыңдаған қазақстандық ағза алмастыру операциясын күтіп, кезекте тұр. Олардың көбі тек шетелден келетін, атап айтқанда, қайтыс болған адамның туыстарының рұқсатын қажет етпейтін елдерден әкелінетін ағзаларға үміт артып отыр.
"Дәрігерлер қордан ақша қажет емес, елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту керек дейді. Конференция өткіздік.
Үкіметті және қоғамды трансплантация және мәйіт донорлығы туралы заңды өзгертуге әлі де ынталандыруды көздеп, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге осы конференцияға қатыстық", - деді "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Шетелде қандай да бір ағзаны сатып алу үшін ақы төлеу туралы өтініштерді қабылдайтын "Қазақстан халқына" қоры. Өте қымбат болғандықтан, ақша барлығына бірдей жете бермейді. Елімізде қайтыс болған азаматтардың ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алуға заң рұқсат етсе, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болар еді, деп түсіндірді қор.
Телеарнаның мәліметінше, қазір 4 мыңға жуық қазақстандық трансплантация кезегін күтіп тұр, оның 90-ы бала.
Дереккөз: КТК телеарнасы
"Электронды үкімет" сайтында ағзаларды трансплантаттау – ағзаларды (ағзаның бөлігін) және тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу екені айтылған.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі (тірі кезіндегі донор) және қайтыс болған адам (қайтыс болғаннан кейін донор) донор бола алады.
Төмендегі талаптарға сәйкес тұлға ағза мен тіндердің тірі кезіндегі доноры бола алады:
- 18 жастағы және одан үлкен;
- әрекетке қабілетті;
- ағзасын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) одан әрі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген;
- ағзасын (ағзасының бөлігін) алу денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтінін растайтын жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өткен.
Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.
Қайтыс болғаннан кейінгі донор – 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіні (тінінің бөлігі) реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін, бас миының біржола семуі расталған адам бола алады. Қайтыс болғаннан кейінгі бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2055668-qazaqstanda-marqum-bolgan-adamnyn-agzasyn-tuystarynyn-ruqsatynsyz-alu-usynyldy/