Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Марқұмның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу ұсынылды: бұған ҚМДБ пікірі қандай

Жарияланған күні:

ота
Ота. Көрнекі фото: pixabay.com

"Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Қазақстанда мәйіт донорлығына қатысты заңды өзгерту қажет деген ұсыныс айтқан болатын. Адам ағзасын ауыстыруға ислам рұқсат етілген бе, бұған қатысты ҚМДБ өкілі жауап берді, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл риуаяттан дерек айтты: "Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Алланың құлдары, ауырғанда емделіңдер! Себебі, Алла Тағала әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Шипасы жоқ дерт – өлім мен кәрілік" (Ахмад риуаяты)".

Оның сөзінше, осыған орай мұсылман ғалымдары адамның өмірін сақтау немесе ұзарту мақсатында бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі секілді ағза мүшелерін (ағзаның бөлігін), тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салуға (транспланттауға) рұқсат береді.

ҚМДБ өкілі Мысыр пәтуа орталығы, Ислам конференциясы ұйымы жанындағы Фиқһ академиясы және Кувейттің Дін істері министрлігі осы мәселеге қатысты пәтуа шығарғанын мынадай дәлелдермен келтірді, онда:

"Ағза мүшелерін ауыстыруға тірі адамнан да, өлген адамнан да рұқсат етіледі.

Қайтыс болған адамның ағзасын транспланттауға рұқсат беру үшін келесі шарттар орындалуы қажет:

  • Ағза мүшелерін ауыстыру - науқасты емдеудің жалғыз ғана жолы туралы білікті маманның шешімі болуы;
  • Транспланттау әдісі науқастың сауығуына кепіл беретіні туралы дәрігерлердің сенім білдіруі;
  • Донор болатын адамның қайтыс болғанға дейін рұқсат беруі;
  • Органдарын транспланттауға рұқсат берген донордың медициналық әрі діни тұрғыдан да қайтыс болды деп жариялануы;
  • Донорлық органдардың тауар секілді сатылуына тыйым салынуы;
  • Науқас адамның өз органын ауыстыруға келісім беруі.

Ал тірі адамның ағза мүшелерін транспланттау үшін қосымша келесі шарттар орындалуы керек:

  • Донордың органдарын алғанда оның денсаулығына зиян келмейтіні туралы білікті дәрігерлер шешім шығару қажет.
  • Донор болған адамның қандай да бір органын алу оның өміріне ешқандай қауіп төндірмеуі тиіс.

Адамның ағзасын сауда тауарына айналдырмау, одан бірер пайдакүнемдікті көздемеу шарт", делінген пәтуда.

Хасан Аманқұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесі де 2015 жылы бұл мәселе туралы осындай пәтуа қабылдағанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2055962-marqumnyn-agzasyn-tuystarynyn-ruqsatynsyz-alu-usynyldy-bugan-qmdb-pikiri-qandai/