Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында ауруханада АИТВ жұқтырған бала көз жұмды

Опубликовано:

Дәрі тамызғыштан дәрі тамшылап тұр
Дәрі тамызғыш. Көрнекі фото: Bing Guan/Bloomberg/Getty Images

Алматы облысында АИТВ инфекциясын жұқтырған бала комаға түсіп, ауруханада көз жұмды. Ата-анасы ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдаудан бас тартқан, баласына да бермеген, деп жазады "Время" газеті.

Басылымда қайғылы жағдайды "Равный - равному ПЛЮС" қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері хабарлағаны айтылған.

Тоғыз жасар бала Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасына денсаулығының күрт нашарлауына байланысты 9 қаңтарда түскен. Баланы ауруханаға қабылдау кезінде ата-анасы АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жасырған. Бала комаға түскен. Қайтыс болған күні Қарасай аудандық ауруханасына ауыстырылған, сол медициналық мекемеде көз жұмған.

"2024 жылғы 27 қаңтарда бала сепсис пен пневмониядан, яғни АИТВ-мен байланысты аурулардан қайтыс болды", - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басылымның ақпаратынша, бұл отбасында қайтыс болған баладан бөлек анасы мен әкесі де АИВТ жұқтырған, десе де үлкен ұлы жұқтырмаған. Дәрігерлердің айтуынша, ерлі-зайыптыларға диаогноз 2016 жылы қойылған, олар бұған сенбеген. Олар тіпті тексеруден өту үшін Оңтүстік Кореяға да барған. Алайда отбасы антиретровирустық терапиядан бас тартқан.

"Олар диагнозын мойындамады. Динамикалық бақылауға келмеді. Оларға біздің қызметкерлер – дәрігерлер мен психологтар барып тұрды. Дәрі-дәрмек апарып беріп тұрды. Бұл парадокс, бірақ олар ретровирусқа қарсы терапияның препараттарын алып қалып жүрген, рецептке қол қойған. Бірақ олар оны өздері де қабылдамаған, балаға да бермеген. Вирус жүктемесіне талдауларды өте сирек тапсырған. Соңғы рет 2020 жылы тапсырылған. Соның қорытындысы бойынша баланың дәрі қабылдамағанын түсіндік", - дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының клиникалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Сайранкүл Қасымбекова.

Бес жыл бұрын отбасында тағы бір бала дүниеге келген. Басылым тілшісінің жазуынша, анасы жаңа туған нәрестені емізген, бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

"Әйелдің сөзінше, енесі оны баланы емізуге мәжбүрлеген. Дені сау немерелер керек деген. Анасы күйзеліске түскен шығар, қорқып қалған болуы керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген шығар", - деді "Равный - равному ПЛЮС" қоғамдық бірлестігінің осы отбасымен жұмыс істеген кеңесшісі Зульфия Сапарова.

Басылымның мәліметінше, Алматы облысы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары қамқоршылық органдарына тым болмағанда балалары ем алуы үшін ата-аналарға ықпал етуді сұрап жүгінген. Олар прокуратураға, ювеналдық полицияға, аудандық білім бөліміне, адам құқықтары жөніндегі уәкілге хат жазған. Бірақ нәтиже болмаған.

"Екінші бала мен анасы 2024 жылғы 26 қаңтардан бастап амбулаториялық негізде вирусқа қарсы ем қабылдауға кірісті. Әкесі әлі бас тартып жүр", - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2058609-almaty-oblysynda-auruxanada-aitv-zuqtyrgan-bala-koz-zumdy/

pixel