Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үнемі депрессияда жүреді": дәрігер Аида Мұхтарқызы қалқанша без жұмысының бұзылуы қандай қауіпке апаратынын айтты

Опубликовано:

Аида Мұхтарқызы
Аида Мұхтарқызы. Фото: жеке мұрағатынан

Қазақстан йод жетіспеушілігі қатты байқалатын әлемдегі 19 мемлекеттің қатарына енген. Бұл біздің елде қалқанша безі қызметінің бұзылуынан туындайтын ауруларға жол ашуда. Дәрігер Аида Мұхтарқызы ағзадағы ең маңызды қызметті атқаратын қалқанша безіне қатысты деректерді бөлісіп, халықты денсаулыққа салғырт қарамауға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қалқанша безі – формасы көбелек сияқты, бас бармақтың көлеміндей ғана болатын маңызды орган. Т3 және Т4 гармондарын бөледі. Қалқанша безі бөлетін гармондардың біздің ағзамыздағы қызметі орасан зор. Бұлар метаболизмді жақсартады, тіндік тыныс алуды реттейді, дене температуасын бірқалыпты ұстап, ақуыздың синтезделуін, майлардың ыдырауын қадағалайды. Глюкозаны түзіп, оның май тіндеріне түсу жолдарын тездетеді. Жалпы иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі. Яғни, қалқанша безі ағзамыздағы әрбір орган сияқты өте маңызды қызметтерді атқарады. Өкінішке қарай, адамдардың басым бөлігі дәл осы бездің жұмысын көп бағалай бермейді. Соның салдарынан екі үлкен сырқатқа жол ашылады. Қалқанша безі жұмысының бұзылуынан гипотириоз және гипертириоз аурулары туындайды. Өкініштісі сол, қазір қалқанша безінің сырқатына ересектер де, балалар да ұшырап жатыр. Егер әйелде гипотириоз болса, оның баласы да сол диагнозбен туылады. Мұндай мысалдар менде өте көп", - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, қалқанша безі аурулары йод жетіспеушілігімен тікелей байланысты.

"Біздің еліміз йод жетіспейтін аймаққа кіреді. Соңғы кезде бұл тенденция әлем бойынша жиі байқалуда және соның салдарынан гипотириоз, кретенизм, ақыл-ойы дамуының шектелуі сынды аурулар таралып жатыр. 2017 жылғы зерттеу бойынша, Қазақстан әлемдегі йод жетіспейтін 19 мемлекеттің қатарына енген. Бұл - өте қауіпті статистика. Сондықтан біз ағзамызға йодты тамақ арқылы сіңіруіміз қажет. Ересектердің 65 пайызында, кішкентай балалардың 95 пайызында йодтың тамақ арқылы түспеуі салдарынан қалқанша безінің жұмысы бұзылады. Жүкті әйелдерде йод жетіспесе, баланың түсіп қалуы немесе өлі туылуы, түрлі ақаулармен дүниеге келуі жиі кездеседі. Балалардағы йод жетіспеушілігі олардың дамуындағы тежелулер арқылы байқалады. Йод тек қалқанша безінде ғана емес, сүт безінде, аналық безде, қанда, сүйекте, жатыр мойынында, асқазанның шырышты қабығында, тоқішекте, теріде, қуықта, т.б. органдарда кездеседі және олардың әр органдағы көлемі әртүлі болады", - дейді Аида Мұхтарқызы.

Дәрігер көптеген адамның өздігінен тексеруден өтпейтініне қынжылады. Сол себепті қалқанша безі ауыратын адамда қандай белгілер болатынын атап өтті.

"Өкінішке қарай, өздігінен денсаулығын тексеруден өткізетін жандар өте сирек. Ал әрбір тұрғын жылына екі рет толық тексеруден өтіп, чекап тапсыруы қажет. Бұл қауіпті аурулардың алдын алуға көмектеседі. Қалқанша безінің жұмысы бұзылғанда адамның терісі құрғап кетеді, тіпті, өздігінен терлей алмайтын деңгейге жетуі мүмкін. Сүт безінде түрлі кисталар кездеседі, яғни, мастопатия дерті анықталады. Ауыз құрғап, бұлшықеттер әлсізденеді. Асқазанда тұз қышқылы төмендеп, тілде тістің іздері байқала бастайды. Мұндай адамдарда энергия өте төмен болатынын ескертемін. Мойында ауырсынулар байқалып, либидо төмендейді. Үнемі тоңып жүретін, үнемі депрессияға шалдығатын адамдар ең алдымен қалқанша безін тексерткені дұрыс. Сондай-ақ, аяғыңызда шұлық іздері қалып қойса, ісік байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз", - дейді маман.

Дәрігер қалқанша безінің ауыруына ең басты себептерді атап, сырқаттың алдын алу үшін не істеу қажеттігіне тоқталды.

"Қалқанша безінің жұмысы қашан бұзылады? Дұрыс тамақтанбағанда, тамақта йод жетіспегенде, яғни, бос көмірсулар көбейгенде, уақытылы ұйықтамағанда, ұзақ уақыт стрессте жүргенде, салауатты өмір салтын ұстанбағанда бұзылады. Сол үшін әрбір адам жылына екі рет тексеріліп, тексеру қорытындысы бойынша ағзаға жетіспейтін дәрумендерді тез толтырғаны жөн. Мысалы, біздегі адамдарда анемия байқалса, ол оны емдемей, жүре береді де, кейін қалқанша безінің қызметі бұзыла бастайды. Сол үшін денсаулыққа салғырт қарамау керек", - дейді Аида Мұхтарқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2059877-unemi-depressiyada-zuredi-dariger-aida-muxtarqyzy-qalqansa-bezi-buzyluynyn-qandai-qauipke-aparatynyn-aitty/

pixel