Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

16 мың адам тіркелген: Астанада қайтыс болғандар мен көшіп кеткен пациенттер жеке емхана қызметін "қолданған"

Жарияланған күні:

Аурухана дәлізі
Аурухана іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Астанада жекеменшік емханалардың бірінде дәрігерлер 16 мың азаматты заңсыз тіркеуге қойып, құны 100 миллион теңгеден асатын қызметтерді өздеріне тіркеген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ресми сайтында хабарлады.

ӘМСҚ ақпаратынша, сарапшылар мониторинг барысында МӘМС және ТМККК қаражаттарын пайдалануда бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Мәселен, қаладағы емханалардың бірі 16 мың азаматты, оның 13 мыңнан астамы – балалар, өзіне заңсыз тіркеп қойған.

Азаматтарды тіркеу Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыруға қол жеткізу үшін осы аталған тұлғалардың немесе олардың заңды өкілдерінің келісімінсіз жасалған.

"Мұның себебі, барлық емханаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қаражатынан оларға бекітілген әрбір тұрғын үшін айына 1 617,64 теңге мөлшерінде базалық төлем есептеледі. Бекітілген халықтың жас коэффициенті бойынша сома әрбір емхана бойынша жеке реттеледі. Нәтижесінде аталған клиника мемлекеттен әрбір тіркелген тұрғын үшін айына шамамен 1 800 теңге алып отырған", - делінген хабарда.

Бұл емханаға шетелге тұрақты немесе уақытша тұруға кеткен адамдар тіркелген. Сонымен қатар Қазақстанның басқа өңірлерінде тұратын азаматтар да болды. Тұрғындардың елордалық емханаға ешқашан жүгінбегені, алайда медициналық қызмет алғаны туралы 1414-тен хабарлама алғаны туралы шағымдар түскен.

"Кепілдік берілген төлемнен бөлек, емхана 16 мың азамат үшін нақты көрсетілмеген қызметтерге МӘМС жүйесінде төлем ұсынған. Сонымен бірге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 5-10 жыл бұрын қайтыс болғаны тіркелген балаларға медициналық қызмет "көрсету" фактісін анықтады.

Нәтижесінде елордалық емхана жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 33 мыңнан астам қызметті "қосып жазған", - деді қор өкілдері.

Аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді.

"Қазіргі уақытта Астана қаласының мамандандырылған экономикалық сотында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен елордалық емхана арасында бұзушылық үшін айыппұлды қоса заңсыз алынған соманы қайтару жөнінде сот талқылауы жүріп жатыр", - делінген хабарда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2070507-astanada-16-myn-qaitys-bolgandar-men-kosip-ketken-pacientter-zeke-emxana-qyzmetin-qoldangan/