Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сұлулық индустриясында заңсыз жұмыс істеп жатқан дәрігерлерді бақылау күшейтілуі мүмкін

Опубликовано:

Дәрігер
Дәрігер. Көрнекі фото: pexels.com

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттардың Қазақстанда лицензиясыз жұмыс істеп жатқан жалған дәрігерлер мен косметологтардың қызметін реттеуге қатысты сауалына жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары үкіметке Қазақстандағы заңсыз медициналық қызмет мәселелеріне қатысты сауал жолдаған.

"Қазір әлеуметтік желілерде медицина саласында арнайы білімі жоқ кез келген адам өзін кез келген саланың маманымын, тіпті дәрігермін деп жарнамалап, жариялай алады. Адамдар осындай жарнамалардың құрбанына айналып отыр.

Жалған дәрігерлер өз қызметінде балғалар мен басқа да оғаш құралдарды, тіркелмеген, құрамы белгісіз дәрі-дәрмектерді пайдаланады", – дейді мәжілісмендер.

Олар сондай-ақ біліксіз "мамандар" жасаған косметикалық процедуралар клиенттерді реанимациядан бір-ақ шығарған жағдайларды еске салып өтті.

Депутаттардың сауалына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді.

Ол 2023 жылы заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет үшін 674 әкімшілік хаттама жасалғанын айтқан. 2022 жылы 284 хаттама толтырылған.

Алайда, оның айтуынша, медициналық қызмет көрсетуде мемлекеттік бақылау тек нақты негіздер, соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іске асырылады.

"Жалпы 2023 жылы сапасыз косметикалық манипуляциялар мен пластикалық операцияларға 68 шағым түсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп (37).

Тексерулер 33 жағдайда жүргізілді, оның ішінде жиырмасында (61 пайыз) сертификатсыз, лицензиясыз заңсыз медициналық қызмет анықталды: үй-жайлар мен жабдықтардың бекітілген талаптарға сәйкес келмеуі, медициналық көмек көрсетудің ережелері мен стандарттарын өрескел бұзу", – деді ол.

Бұған қоса Роман Скляр қазір уәкілетті органдар нормативті-құқықтық базаны реттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

"Сәндік шаралардың қаупі жоғары екенін, заңсыз медициналық қызметтерді іске асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтардың денсаулығы мен өміріне келтіріп жатқан зиянының ауқымын, заңнамада көзделген шаралардың тиімділігінің төмендігін ескере отырып, уәкілетті органдар медициналық қызмет көрсетуде мемлекеттік органға қадағалау функциясын беру мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар бұл мәселе Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына енгізіледі", –деді премьер-министрдің орынбасары.

Бұдан бөлек өткен аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев лицензиясыз медициналық қызмет көрсететін сұлулық салондарының мәселесін қозғады. Ол қазақстандықтарды лицензиясыз жұмыс істеп жатқан косметологтардың үстінен шағым түсіруге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2070684-qazaqstanda-sululyq-industriyasynda-zansyz-zumys-istep-zatqan-darigerlerdi-baqylau-kuseitilui-mumkin/

pixel