Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қауіпті май: Қырғызстанннан келген өнімнен ішек таяқшасы табылды

Жарияланған күні:

Азық-түлік салынған сөмке
Азық-түлік салынған сөмке. Фото: pixabay.com

«Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалаудың қаншалықты маңызды екенін айтып берді.

Жуырда Қырғыз Республикасында өндіріліп шыққан майлылық үлесі 82,5%, таза салмағы 500 г. құрайтын «Сливочное традиционное» майына қатысты оқиға тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын сарапшылардың алаңдауын туғызды.

Биыл маусым айында сарапшы Жанна Биятан Талдыкорған қаласындағы дүкендердің бірінен сатып алған өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жетісу облысы бойынша ҚСЭК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген санитарлық-гигиеналық зертханасына тапсырылған болатын. Өнімді кешенді зерттеу кезінде одан ішек таяқшасы тобының бактериялары (ІТТБ) табылды. Әсіресе ішек инфекциясын жұқтыру ауыр зардаптарға апарып соғатынын ескерсек, бұл бактерия адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Сары май
Сары май. Фото: Биятан Жанна

Анықтама үшін: ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар (ІТТБ) әдетте адамдар мен жануарлардың ішектерінде өмір сүретін микроағзалардың алуан түрлі топтарынан құралады. Олардың көптеген түрлері бар, әрі көпшілігі зиян тигізбейді. Дегенмен, олардың арасында улануға апарып соғуы ықтимал қауіпті уларды шығаратындары да бар.

Ішек таяқшасы бактериялары әртүрлі жағдайларда өмір сүре алатынымен қатар қоршаған орта объектілерінде, топырақта және суда ұзақ уақыт сақталады. Әсіресе олар 37°C температурасында белсенділік танытады, ал бұл адам денесінің температурасы болып табылатынын ескерейік, бірақ бөлме температурасында да көбейе береді. Ал +60°С температурасында бұл бактериялар 15 минут ішінде өледі.

ІТТБ шығаратын уларға әсіресе балалар, қарттар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдардың ағзалары төтеп бере алмайды. Осы бактериялар туындатқан инфекциялар асқазан-ішек жолдарының бұзылуы ретінде көрініс табуы мүмкін және көбінесе ағзаның жалпы улануын туындатады.

Бұдан бөлек, зерттеу хаттамасында майдың Кеден одағының «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (ТР КО 021/2011) талаптарына сай келмейтіні айқындалды. Атап айтқанда, өнімнің қаптамасында оның өндірілген күні туралы ақпарат жоқ, ал бұл «Тағамдық өнімдердің таңбалануы бойынша қауіпсіздігі» КО ТР 022/2011 талаптарына сәйкес келмейді. Бұл деректер өнімдерді қадағалау және олардың қауіпсіздігін растау үшін қажет. Таңбалау талаптарын бұзу тұтынушылар үшін күтпеген қателіктерді туғызуы ықтимал, оның үстіне толық ақпаратсыз өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін емес.

Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан әлеуметтік жоба аясында зерттеу жүргізіп, өрескел заңбұзушылықтардың бар екенін растады. Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24-бабына сәйкес, сатушы тауар туралы толық ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті. Мұндай ақпараттың болмауы тұтынушылардың құқықтарын бұзып қана қоймайды, сонымен қатар ол сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болады. Техникалық регламенттердің қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін өнімдер айналымнан алынуы тиіс.

«Азық-түлік өнімдерін дұрыс және толық таңбалау тек ресми талап емес, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды аспектісі», – деп түйіндеді сарапшы.

Зерттеу материалдары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес шара қолдану үшін тиісті органдарға жолданды.

Тұтынушыларға арналған жадынама:

● Өнімнің қаптамасындағы таңбаламаны мұқият оқып шығыңыз.

● Тұтынушылар тауарды сатып алғанын растайтын және оның бағасы мен сатушысы

туралы ақпараты бар құжатты сұрауына құқылы.

● Ондай құжаттың болмауы өнімнің ақауы анықталған жағдайда тұтынушыны талап қою,

ақшаны қайтару немесе өнімді алмастыру мүмкіндігінен айырады.

● Сатушыға өнімнің және дүкеннің фотосуретін/бейнетүсірілімін дәлел ретінде пайдалануға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі дайындады. «МОТҚҚҚ» ҚБ-нің тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы таратқан ақпараты, сондай-ақ басқа да ақпараты жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас фактілер бойынша байланыс нөмірі: 8 705 422 27 39, Instagram парақшасы: instagram.com/ozpp.kz.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2144109-qauipti-mai-qyrgyzstannnan-kelgen-onimnen-ishek-taiaqshasy-tabyldy/