Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық сарапшылар сатылып жатқан сүт сусындарындағы таңбаны тексерді

Жарияланған күні:

Супермаркеттегі тауарлар
Супермаркеттегі тауарлар. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандық сарапшы-құқыққорғаушылар сүт сусынындағы таңбаны тексеріп, өнімдерді сатып алу кезінде сапасыз тауарға ұрынбаудың жолдарын айтты.

Тағам өнімдерін сатып алу біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады, дегенмен кейде, тіпті, әдеттегі тауарлардың өзі сұрақтар тудыруы мүмкін.

Қытайда шығарылған бананды сүт сусынын тексеру кезінде тұтынушылардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін бірнеше сәттерді анықтады.

2024 жылдың шілдесінде «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Семей қаласындағы супермаркеттердің бірінен жасырын сатып алушы әдісімен бананды сүт сусынын сатып алды. Қазақстан Республикасы заңнамасына және Кедендік одақтың техникалық регламенттеріне сәйкестігіне кешенді зерттеулер жүргізу үшін көлемі 220 г. болатын өнім Қазақстан

Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (ҚР ДСМ СЭБК) ШҚО бойынша ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына жолданды (09.07.2024 ж. №217/15222, 17.07.2024 ж. №54/15222 хаттамалары.).

Зерттеу нәтижелері таңбаламаның келесідегідей «ерекшеліктерін» көрсетті:

1. Мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттың болмауы: Қаптамада қазақ және орыс тілдерінде атауы, құрамы, саны, жарамдылық мерзімі, сақтау талаптары және тағамдық құндылығы туралы мәліметтер жоқ.

Тағамдық өнімнің атауының болмауына байланысты тауардың «сәйкестендіру белгілері» бойынша «бананды сүт сусыны» екенін анықтады, ал қатардағы тұтынушы мұны зертханалық зерттеусіз жасай алмайды.

ҚР Заңына сай, бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – ақпарат берілмеген болып есептеледі, өйткені тұтынушыларға өнімді дұрыс бағалауды қиындатады.

2. ЕАС белгісінің болмауы: Бұл белгі Кеден одағының талаптарына өнімнің сәйкестігін растайды және ЕАЭО шеңберіндегі нарыққа түсетін тауарлар үшін міндетті болып табылады.

3. Қаптаманың материалдарына қатысты мәліметтердің болмауы: Қаптама жасалған материалдың сандық коды немесе әріптік белгілері, сондай-ақ оның тағам өнімімен жанасуға арналғанын растайтын символдар жоқ.

Қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттың және ЕАС белгісінің болмауы өнімді түсінуде және қолдануда қиындықтар тудыруы мүмкін. Бұл өнімді дұрыс қолданбауға және тұтынушылардың денсаулығына елеулі теріс әсер ету тәуекелін ұлғайтуы мүмкін. Сондай-ақ қаптама материалдары туралы мәліметтердің жоқтығы – қауіпсіздіктің белгіленген стандарттарына қаптаманың сәйкессіздігін куәландыра алады, бұл денсаулыққа, әсіресе өнімнің қаптамамен ұзақ жанасуы кезінде әлеуетті проблемаларға әкелуі мүмкін.

Алия Алибекова, құқыққорғаушы: «Өнімнің дұрыс таңбалануы (заңнамаға сай келетін мысал) – тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі аспекті болып табылады: қаптамада қажетті мәліметтер болмағанда тұтынушы өнімнің сапасын және қауіпсіздігін толығымен бағалай алмайды. Біз сатып алу алдында қаптамада бүкіл қажетті ақпараттың бар-жоғын тексеруді және толық емес немесе түсініксіз таңбаламасы бар өнімдерді болдырмауды ұсынамыз. Егер бұзушылықтар табылса, сатып алудан бас тартып әрі құзырлы органдарға бұл мәселе туралы хабарлау керек».

Жанна Биятан, қоғамдық бірлестіктің сарапшысы: «Өнімдердің таңбаламасына және барлық қажетті мәліметтердің бар-жоғына назар аударыңыз. Егер қаптамада ақпарат тек шет тілінде болса немесе қандай да бір күмән тудырса, бұл өнімнің талаптарына сай келмейтінінің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда тәуекелге бармай, оны сатып алудан бас тартуды ұсынамыз».

Бананды сүт сусыны
Бананды сүт сусыны. Фото: Биятан Жанна

Өз құқығыңызды қалай қорғау керек?

1. Қаптаманы тексеріңіз: Қазақ және орыс тілдерінде берілген өнім туралы ақпараттың барына, сондай-ақ құрамы, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттарына қатысты мәліметтердің толық екеніне көз жеткізіңіз.

2. ЕАС белгісін іздеңіз: ол тауардың барлық қажетті сынақтан өткенін куәландырады, ЕАЭО қатаң талаптарына сай келетінін, сертификатталғанын білдіреді.

3. Қаптама материалдары туралы ақпаратты мұқият қараңыз: Қаптама материалдары мен оның тағам өнімімен жанасуға арналғанына көз жеткізіңіз.

4. Күмәнді тауарларды сатып алуды болдырмаңыз: Егер қаптама күмән тудырып немесе ондағы ақпараттар толық болмаса, онда бұл өнімнен бас тартқан дұрыс.

5. Проблемалар туралы хабарлаңыз: Таңбаламаға қатысты проблемаларды анықтау кезінде қажетті шараларды тексеру және қабылдау үшін құзырлы органдарға хабарлау ұсынылады.

Өнімнің қауіпсіздігі мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды ойлай отырып, өзіңіз бен жақындарыңызды да қауіп-қатерден сақтайсыз. Бұл ұсынымдарды қолдана отырып, ықтимал тәуекелдердің болуының алдын аласыз.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – «Маңғысау облыстық тұтынушылар құқықтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі дайындады. Жарияланатын ақпарат тұтынушылардың хабардарлығын арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға көмектесуге бағытталған.

«МОТҚҚҚ» ҚБ тарататын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі: 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2149048-qazaqstandyq-sarapshylar-satylyp-zhatqan-sut-susyndaryndagy-tangbany-tekserdi/