Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ДСМ өкілдері жедел жәрдем қызметіне енгізілетін өзгерістерге пікір білдірді

Жарияланған күні:

Жедел жәрдем
Жедел жәрдем. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер жобасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, азаматтардың жедел жәрдемнің келуінің кешігуі туралы көптеген шағымына жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі талдау жүргізіп, жағдайды жақсарту мақсатында шешімдер ұсынып отыр.

"Талдау нәтижелері шақыртулардың 50 пайыздан астамы шұғылдықтың төртінші санатына жататынын көрсетті, бұл емханаларды қоса алғанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының (МСАК) бақылауындағы созылмалы аурулары бар пациенттерге қызмет көрсетуді білдіреді", - деп түсіндірді ведомстводағылар.

Осыған байланысты министрлік медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірлеген.

"Өзгерістер кейбір БАҚ дұрыс жеткізбегендей, үйде қызмет көрсетуді тоқтатады дегенді білдірмейді, керісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.

Дәрігерді үйге шақыртуларды тіркеуге және үйдегі стационарларды ұйымдастыруға қатысты тармақтар құжаттың құрылымын жақсарту үшін жобаның басқа бөліміне ауыстырылды, бірақ олар күшінде қалады. МСАК-тың медицина қызметкерлері алдыңғы стандарттың шеңберінде үйде көмек көрсетуді жалғастырады", - дейді министрлік өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігі қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың қанағаттанушылығын арттыру үшін медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыратынын мәлім етті.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобасын әзірлеген болатын. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2165902-uide-qyzmet-korsetudi-toqtatady-degendi-bildirmeidi-dsm-okilderi-zhedel-zhardem-qyzmetindegi-ozgeristerge-pikir-bildirdi/