"Ешқандай кедергі жоқ": денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем жұмысына нақты қандай өзгеріс енгізілетінін айтты
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы жедел жәрдем қызметі қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін қаулы жобасын түсіндірді. Министрлік басшысының айтуынша, бұл қызмет тәулік бойы қолжетімді болып қала бермек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
"Жедел жәрдем қызметінің қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін жобада халыққа тәулік бойы көрсетілетін жедел жәрдем қызметтерін шектеу туралы норма жоқ.
Халық үшін жедел жәрдем 24/7 режимінде 103 нөмірі бойынша қолжетімді болып қала беретінін айта кеткен жөн.
Өзгерістер шақыртуларға қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын арттыру мақсатында емханалардың жанынан құрылатын бригадаларға қатысты. Мобилдік бригадалардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, балаларға медициналық көмек қажет болған жағдайда, шығу педиатрдың, ал ересек тұрғындарға - бейінді мамандардың (кардиолог, невропатолог және т.б.) қатысуымен жүзеге асырылады", - деді Ақмарал Әлназарова.
Ведомство басшысы бұған дейін бір бригада 35 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа қағида бойынша 25 мың адамды қамтитынын атап өтті. Мобилдік бригаданың жұмысы емхана ұйымдарының жұмыс уақытымен үйлестіріледі.
"Сағат 20.00-ден кейін және демалыс күндері шақыртуларға қызмет көрсетуді жедел жәрдем бригадалары жүргізеді. Бұл норма жедел жәрдем қызметін ұзақ күтудің төмендеуіне ықпал етеді және тұрғындарға 103 нөмірі бойынша жедел жәрдемді шақырту үшін ешқандай кедергі жоқ", - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобасын әзірлегенін жазған едік. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Кейін жедел жәрдем қызметіне қатысты халық арасында түсінпеушілік туғандықтан, ДСМ өкілдері жедел жәрдем қызметіне енгізілетін өзгерістерге пікір білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2166225-eshqandai-kedergi-zhoq-densaulyq-saqtau-ministri-qazaqstandagy-zhedel-zhardem-zhumysy-turaly-pikir-bildirdi/