Әлназарова кейбір аурулар Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен МӘМС пакетіне көшірілуі мүмкін екенін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомМәжіліс кулуарында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейбір аурулар Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшірілетінін айтты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство басшысы ауру түрлерінің тізімі әлі де қарастырылып жатқанын атап өтті.
"Көшіру үшін заңнамалық өзгерістер қажет етіледі, сондықтан тізімді қосымша хабарлаймыз. Негізі анықтап қойдық. Негізгі міндет – ешкімді медициналық көмектен тыс қалдырмау, екінші міндет – денсаулығы алдында қандай да бір міндеттемелер алуы үшін халықты барынша медициналық сақтандыру жүйесіне тарту", - деп түсіндірді ол.
Министр кейбір аурулар бойынша жыныс және жас топтары бойынша талдау жүргізілгенін тілге тиек етті.
"Бұл аурулардан 18 жасқа дейінгі балалар да зардап шегеді, олар бүгінде мемлекет тарапынан априори 100 пайыз сақтандырылған. Біз оларды міндетті медициналық сақтандыру пакетіне кезең-кезеңімен көшіреміз. Оған қоса, біз онкологиялық скринингтерді көшіріп жатқанымызды айтып отырмыз – бұған Республикалық бюджеттік комиссия мен парламент тарабынан да қолдау бар. Сақтандырылмағандар үшін 22 млрд теңгеге жуық қаражат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетіне қосымша аударылады, онкологиялық скринингтік қызметтер қолжетімді болады", - деді Әлназарова.
Оның деректері бойынша, бүгінде халықтың 87 пайызы сақтандырылған, оның 12 миллионы немесе 70 пайыздан астамы мемлекет есебінен сақтандырылған.
"Бұл 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, сонымен қатар көп балалылар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, әскери қызметшілер мен студенттер", - деп түсіндірді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2180772-alnazarova-keibir-aurular-tegin-meditsinalyq-komekting-kepildendirilgen-koleminen-mams-paketine-koshirilui-mumkin-ekenin-aitty/