Онкологиялық ауруларға бөлінетін бюджет қаржысы қысқара ма: вице-министр жауап берді
Жарияланған күні:
Үкімет үйінде өткен отырыста денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев онкологиялық ауруы бар адамдарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Вице-министрдің сөзінше, мәселе өте өзекті. Ол тіркеуде тұрған науқастардан бөлек жаңадан қосылатын науқастардың нақты санын анықтау қиын екенін мәлімдеді.
"Дәрі-дәрмекке деген өтінім бізде диспансерлік есепте тұрған пациенттердің тізіміне қарай қалыптасады. Бірақ оған қоса басқа да науқастардың қосылатынына байланысты қосымша мөлшерге өтінім беру керек болады. Қазақстанда жылына онкологиялық ауруы бар науқастар саны 20 мың адамға өседі. Сол себепті бұл айтарлықтай күрделі мәселе", - дейді Ержан Нұрлыбаев.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда "СҚ-Фармация" компаниясы онкологиялық ауру кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектің қоры таусылмайтындай мөлшерде болуы үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамту үшін бір диспансерден екіншісіне тез жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.
"Әр пациентке ем-дом әртүрлі тағайындалады. Сол себепті белгілі бір диспансерге қажетті дәрі-дәрмектің тура қанша қажет болатынын алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан дәрі-дәрмек препараттарын бір диспансерден екіншісіне көшіру тәжірибесі қолданылады. Мұның оң әсері байқалады деп ойлаймыз. Ал келесі жылы қанша препарат сатып алынатыны туралы толық ақпаратты кейін береміз", - деді ол.
Дегенмен вице-министр келесі жылы бөлінетін қаржы биылғыдан қысқармайтынын мәлімдеді.
"Онкологиялық ауруы бар адамдарға бөлінетін бюджет қаражаты қысқармайды", - деді ол.
Журналистер "жылына 20 мың адам осындай ауруларға шалдықса бюджеттен қаражатты көбірек алу қажеттілігі туындамай ма?" деп сұрады.
"2025 жылы бізде Қаржы министрлігіне бюджеттен қаражат сұрау мүмкіндігі бар. Бюджетті нақтылау кезінде науқастардың саны артуына байланысты сұрай аламыз. Біз ол мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамыз", - деді Ержан Нұрлыбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2186255-onkologiialyq-aurularga-bolinetin-biudzhet-qarzhysy-qysqara-ma-vitse-ministr-zhauap-berdi/