Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адам ағзасына пайдалы массаж түрлерін білесіз бе

Жарияланған күні:

Массаж жасатқан әйел
Массаж жасатып демалып жатқан әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Массаж мыңдаған жыл бойы денсаулықты жақсарту үшін жасалады. Массаж терапиясының 80-нен астам әдісі бар. Олардың техника, қозғалыс, әсер етуі және басқа да ерекшеліктері бар. Адамның ағзасына оң әсерін тигізетін массаж түрлері туралы дәрігерлер Мелинда Ратини, Дэн Бреннан және Тайлер Уиллер айтып берді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Дәрігерлер Мелинда Ратини, Дэн Бреннан және Тайлер Уиллер адам денсаулығына пайдалы массаж түрлерін атап өтті: швед массажы, тай массажы, лимфодренажды массаж, рефлексотерапия, бет және терең тіндер массажы.
  • Әр массаж түрінің өзіндік техникасы, пайдасы және қарсы көрсетілімдері бар. Мысалы швед массажы қан айналымын жақсартса, тай массажы буындарды созып, икемділікті арттырады.
  • Массаж - жарақат алғаннан кейін қалыпқа келуге, бұлшықеттер мен терінің жағдайын жақсартуға, релаксацияға және күйзелісті басуға көмектесетін тиімді әдіс, бірақ оны жасатпас бұрын дәрігермен кеңесу қажет.

Адам денсаулығына пайдасын тигізетін массаж түрлері: швед массажы, тай массажы, лимфодренажды массаж, рефлексотерапия, бет массажы және терең тіндер массажы.

Швед массажы

Швед массажы — бұл ең көп таралған массаж түрі, - дейді медицина докторы Мелинда Ратини. Ол бұлшықеттердің үстіңгі қабатында жұмсақ, ырғақты, тоқылдату қимылдары арқылы жасалады. Бұл қимылдар буын қозғалысымен үйлеседі. Швед массажының техникасын XIX ғасырда профессор Пер Линг ойлап тапты. Техниканың ерекшелігі ретінде массаждың тек бұлшықеттерге ғана емес, буындарға да бағытталатынын айтуға болады.

Бұлшықетті босаңсыту арқылы швед терапиясы бір мезгілде адамға күш-қуат береді және жарақаттан кейін қайта қалыпқа келуге көмектеседі.

Швед массажының пайдасы мынадай:

  • қан айналымын жақсартады;
  • тыртық тінін бұзады;
  • бұлшықеттердің серпімділігін қалпына келтіреді;
  • буындарға икемділік береді;
  • салмақ тастауға әсер етеді.

Швед массажын тромбофлебит, варикоз, гипертония, өт қабындағы тастар мен ісіктер секілді мәселесі бар адамдар жасатпауы керек. Қарсы көрсетілім ретінде беті ашық жараларды да айтамыз.

Терең тіндер массажы

Бұлшықетке тереңірек жасалатын массаж түрі қандай? Дәрігерлер Йогев Корен және Леонид Каличман терең тіндер массажының нақты анықтамасы жоқ дейді. Бұл емдік массаждың бір түрі. Техника денедегі белгілі бір ауырсынатын, қатты проблемалық нүктелерге назар аудару үшін жасалады.

Дәрігер Йогев Кореннің айтуынша, дененің қабаты және осы қабаттардағы тіндермен жұмыс жасап, оларды босаңсыту және ұстап тұрған құрылымды босату, терең тіндер массажы шеңберінде тиімді жүзеге асырылады.

Массаж жасайтын маман терең тіндерге бағытталған баяу әрі мақсатты қимылдарды жасайды, олар бұлшықеттерге, байламдарға немесе тері астындағы басқа тіндерге қысымды шоғырландырады. Терең тіндер массажының басқа массаж түрлерімен салыстырғанда динамикасы аз, бірақ ол созылмалы кернеуді жеңілдетіп, бұлшықет жарақаттарына, мысалы, арқа байламдарының созылуына көмектеседі. Бұл массаж қимыл-тірек аппаратының барлық функциясын қалыпқа келтіруге ықпал етеді, жүктемелер мен ауырсынуды жояды.

Бұл массаж түрі қимыл-тірек аппаратының жарақаттары, қан тамырлары аурулары, гипертония, дерматит сияқты дерт мазалаған жағдайда жасалмауы керек.

Массаж бөлмесі
Массаж жасайтын орын. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тай массажы

Тай массажы – бұл дәстүрлі массаждан айтарлықтай ерекшеленетін емдік тәсілдердің бірі. Медициналық ғылымдарының докторы Дэн Бреннан бұл массажда массаж үстелінің орнына едендегі кілемше пайдаланылады, ал дәрігер денені арнайы әдіспен иілтіп, сергіту, икемділікті арттыру мақсатында массаж жасайды, - деп түсіндіреді. Тай массажы тай медицинасының бір бөлігі болып саналады және Қытай медицинасы сияқты денедегі энергия арналарымен жұмыс істейді.

Тай массажының шеберлері қолымен буындарды созып, дененің маңызды бөліктерін жұмсақ етіп уқалайды. Бұл әдіс дәстүрлі тай медицинасының теориясына негізделген. Тай массажының пайдасы мынадай:

  • Қозғалысты көбейтеді;
  • Арқа ауруларын жеңілдетеді;
  • Күйзелісті басады;
  • Денені босаңсытады;
  • Ас қорытуды жақсартады;
  • Денсаулықты жақсартуға көмектеседі және ұйқының сапасын арттырады.

Алайда бұл массаждың кейбір ықтимал қауіптері де бар, мысалы, жүрек соғу жиілігіне әсер етуі мүмкін. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар үшін өте маңызды. Сондықтан осы массаж түрін жасатпастан бұрын денсаулық жағдайын ескеру қажет.

Рефлексотерапия

Рефлексология – бұл белгілі бір нүктелерге жұмсақ қысым жасау арқылы ағзаның жұмысын жақсартуға көмектесетін терапияның түрі. Бұл массаждың теориясы бойынша арнайы нүктелерге әсер ету арқылы күйзелісті жоюға және дене қызметін жақсартуға болады. Рефлексотерапия көбіне аймақтық терапия деп те аталады, - дейді медицина докторы Тайлер Уиллер.

Бұл процедура дәрі-дәрмекпен емдеуді толықтырады, бірақ оның орнын алмастырмайды. Рефлексологтар ауруға диагностика жасамайды және емдемейді.

Бұл массаж түрі мына жағдайларда жақсы әсер етеді:

  • Мазасыздық;
  • Босану кезіндегі ауырсыну;
  • Артрит кезіндегі ауырсыну;
  • Арқа аурулары;
  • Шаршау.

Рефлексотерапияның ерекшелігі тек физикалық ауырсынумен ғана емес, эмоциялармен де күресуге көмектесетіндігінде жатыр. Аяқ массажы күйзелісті жояды, адамды тыныштандырып, демалдырады.

Алайда подагра мен жарақат алғаннан кейінгі қалпына келу кезінде бұл массажды жасатуға болмайды. Сондай-ақ тромбофлебит кезінде және жүкті әйелдерге сақ болу керек.

Аяқ астындағы тастар
Аяқтың астында жатқан тастар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бет массажы

Бет массажы – бұл бет терісінің контурын қалпына келтіруге, оның тонусын, түсін жақсартуға арналған процедура. Бұл техника жасартуға арналған, - дейді дәрігерлер Нина Ххана және Сиддхартха Датта Гупта. Бет массажын үйде өзіңіз жасауға болады, себебі өте жеңіл жасалады.

Бет массажының пайдасы мынадай:

  • Қан айналымын жақсартады;
  • Ісінуді басады;
  • Контурды көтереді;
  • Беттің түсін ажарландырады;
  • Терінің серпімділігін арттырады;
  • Әжімдердің пайда болуын кешеуілдетеді.

Бет массажының техникасы бойынша жұмсақ сипау, уқалау және ысқылау сияқты қозғалыстар жасалады. Сондай-ақ тері түріне сәйкес косметикалық құралдарды қолдануға болады.

Бет массажының үш негізгі түрі бар:

  • Классикалық;
  • Пластикалық;
  • Шертпелі.

Бет массажын теріде жаралар мен күйік, бөртпелер мен тамырдың жарылуы секілді зақым келген жағдайлар болса жасатуға болмайды.

Бет массажы
Бет массажын жасатқан сәт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Лимфодренажды массаж

Лимфодренажды массаж – бұл денедегі лимфа сұйықтығының айналымын арттыруға бағытталған массаж түрі. Лимфа – ақуызға бай сұйықтық, ол ағзаның ішкі орта құрамдас бөлігі болып саналады және бүкіл денеде орналасады. Лимфа жүйесі – иммундық жүйенің бір бөлігі.

Массаж теріге жеңіл қысыммен, ұзын және жұмсақ қозғалыстармен жасалады. Бұл массажды жасаудағы негізгі мақсат – лимфа ағынын арттырып, оны түйіндер мен тіндер арқылы қозғауға көмектесу. Бұл техника лимфедема, ревматоидты артрит, созылмалы веноздық жеткіліксіздік, фибромиалгия ауруларын емдеуде әсер оң әсер етеді.

Массаж курсын алғанға дейін бұл техниканың емдеуге жарамды екенін тексеру маңызды.

Массаж — бұл жарақат алғаннан кейін қалыпқа келуге, бұлшықеттер мен терінің жағдайын жақсартуға, релаксацияға және күйзелісті басуға көмектесетін тиімді әдіс. Әр түрлі техникалар мен әдістер нақты мәселені шешу үшін ең тиімді нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді. Дұрыс таңдау жасау үшін дәрігермен кеңесіп, тек кәсіби массаж жасай алатын маманға бару қажет.

Назар аударыңыз! Бұл материал тек ақпараттық мақсатта жазылған. Мұндағы әдістерге дәрігермен алдын-ала кеңеспей жүгінуге болмайды.

Дереккөз:

  1. Dan Brennan. Benefits of Thai Massage // WebMD. — 2021. — 06 July. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/balance/benefits-of-thai-massage
  2. Melinda Ratini. Massage Therapy Styles and Health Benefits // WebMD. — 2020. — 10 September. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/balance/guide/massage-therapy-styles-and-health-benefits
  3. Neena Khanna, Siddhartha Datta Gupta. Rejuvenating facial massage--a bane or boon? // PubMed. — 2002. — Jule, 41 (7):407-10. — Кіру үшін: https://https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/12121555/
  4. Tyler Wheeler. Reflexology // WebMD. — 2021. — 25 August. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/balance/what-is-reflexology
  5. Yogev Koren, Leonid Kalichman. Deep tissue massage: What are we talking about? // PubMed. — 2018. — 22 (2):247–251. — Кіру үшін: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/29861215/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2193156-adam-agzasyna-paidaly-massazh-turlerin-bilesiz-be/