Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе тұрғыны қатерлі ісікке операция жасатар алдында қоларбадан құлап иығын сындырды

Жарияланған күні:

Айман Смағұлова
Айман Смағұлова. Фото: жеке мұрағатынан

Ақтөбелік әйел Айман Смағұлова М.Оспанов атындағы БҚМУ медицина орталығы дәрігерлерінің үстінен сотқа арыз түсіргенін айтты. Науқастың сөзінше, қатерлі ісікке операция жасататын күні медбикелер оны қоларбадан кереуетке ауыстырар кезде құлатып алған. Ал медицина орталығы өкілдері науқастың қоларбадан өзі құлағанын айтып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбелік тұрғын Айман Смағұлова 2023 жылдың жазынан бері қатерлі ісік дертіне ем алып жүр. 50 жастағы әйелге омыраудың қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Қолтық асты аймағындағы ісіктің пайда болуынан жүйелі түрде химиялық ем қабылдайды. Осы уақыт ішінде екі рет ота жасалған. Науқастың қызы ота жасалатын күні анасының қоларбадан құлап иығын сындырғанын айтады. Оның сөзінше, оқиғадан кейін анасының ауруы асқынып кеткен.

"Биыл 1 тамызда анама операция жасалды. Наркозға дейін операция кабинетінде медбикелер каталкадан операция үстеліне жатқызар кезде құлатып алады. Бұл М.Оспанов атындағы онкологиялық ауруханада болды. Құлаған кезде иығы сынады. Оған қарамастан операция жасалды. Сол кезде екі қолы да іске жарамай қиналды. Бір жағы операция, екіншіден – сынған иық. Сол кезде медициналық мекеме сынған қолына уақытында көмек көрсеткен жоқ. Рентген түсірмеген, қарамаған. Анам наркоздан тұрып, біз жағдайын көріп, талап еткеннен кейін ғана жарақат бөліміне ауыстырды. Анам құлаған кезде сынған иықтың екі сүйегі бітпеген. Енді сол жерге метастаза беріп жатыр. Омырауында болған қателі ісік тіндері қазір сынған иықта бар. Анам Астанаға барып толық тексерілді. Ондағы дәрігерлердің айтуынша, бітелмеген екі сүйектің арасында метастаз қалыптасқан", - дейді қызы Жазида Байзақова.

М.Оспанов атындағы БҚМУ медицина орталығының дәрігерлері операция күні науқастың қоларбадан құлағанын растайды. Бірақ оған медициналық орталық қызметкерлерінің қатысы жоқ дегенді алға тартты. Екінші тарап пікірінше, науқас өзі құлаған.

"Ол кісі бізде есепте тұрады. Былтырдан бастап емделіп жүр. Омыраудың қатерлі ісігі диагнозы қойылды. 1 тамызда операция болды. Көмек көрсетілді. Сыныққа шина ДЗ алып берді, киді.

Оқиға ота болатын күні болған. Қасында бір санитар қызметші тұрған, біреуі көмекке шақыруға жүгірген. Дәрігерлер келген, қараған. Бүгінгі таңда өкінішке қарай, қатерлі ісігі өршіп жатыр. Өзі құлаған. Бір жақ иығында дерт болған соң ол еркін қозғала алмаған. Ісік салдарынан. Қыздар көмектесейік дегенде "өзім бір кереуеттен екіншісіне ауысамын" деген. Қоларба тура кереуеттің жанына тоқтаған. Арасы 20 см болуы мүмкін. Сол кезде құлаған. Алғашқы көмек көрсетілді. Ол кісі сол сынықтан қатерлі ісік өршіп кетті деп ойлайды. Қатерлі ісік одан емес. Жыл басынан бастап ем алып жатыр. Қатерлі ісіктің жеңіл және ауыр түрі болады. Бірі химия алып жазылып кетеді. Кейбірі бірнеше жыл ем алады. Оның ауруы сыныққа байланысты емес", - деді М.Оспанов атындағы БҚМУ Медицина орталығының жетекшісі Елдос Смайылов.

Қызының айтуынша, Айман Смағұлова қазір Түркиядағы жеке клиникада ем алып жатыр. Медициналық мекемеден 20 млн теңге өтемақы талап етіп отыр. Ол қаражат анасының еміне жұмсалатынын айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2195984-qaterli-isikke-operatsiia-zhasatar-aldynda-qolarbadan-qulap-iygyn-syndyrgan-aqtobe-turgyny-darigerlerding-ustinen-aryzdandy/