RU

Жүктіліктің алғашқы кезеңінде болатын түсіктің 10 себебі

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өкінішке қарай, барлық жүктіліктің 15-20%-ы түсік тастаумен аяқталады деп жазады anabol.kz.

Сондай-ақ олардың көп бөлігі жүктіліктің алғашқы кезеңінде орын алатын көрінеді. Кейбір жағдайларда келіншектер құрсағына шарана біткенін де білмей қалады екен.

Ал жарық дүниеге бала әкелетініне іштей қуанып, сол қуанышты сәтті тебірене күтіп жүрген жан үшін түсік тастаудан артық қасірет-қайғы жоқ.

Жүктіліктің алғашқы кезеңінде түсік тастаудық негізгі себептері қандай? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік.

Ұрықта генетикалық ауытқулардың болуы

Бұл – түсік тастаудың негізі себептерінің бірі. Статистика түсік тастаушылардың 73%-ында дәл генетикалық ауытқудың болғанын көрсетіп отыр. Генетикалық ауытқулар тұқым қуалаушылыққа қатысты емес.

Ол – сыртқы жағдайдың (радиация, адамдардың айналысатын кәсібіне байланысты өндірістік зияндылық, вирустар, т.б.) әсерінен болатын ата-ананың жыныс клеткаларындағы бір реттік өзгерістің нәтижесі. Осы себепті түсіктің орын алуы – табиғи жағдай, яғни өмір сүруге қауқарсыз ұрықтан арылу.

Гормондық ауытқулар

Әйел ағзасындағы гормондар жұмысының бұзылуы жүктіліктің ерте кезеңінде түсік тастауға себепші болады. Көп жағдайда жүктіліктің басты гормоны – прогестеронның жетіспеушілігінен болады.

Егер оның қажетті мөлшерде емес екенін уақытылы анықтайтын болса, прогестерон препараты арқылы түсіктің алдын алуға болады. Сондай-ақ ерте түсік аталық жыныс гормондары – андрогендердің аздығынан да болады.

Иммунологиялық себептер

Демек, әйел ағзасында ер адамның сперматозоидтарына қарсы антиспермальді антиденелердің түзілуі. Бұл антиденелер сперматозоидтарды жатыр мойнында, жатыр бұлшықетінде, жатыр түтікшелерінде фагацитозға ұшыратып, жойып жібереді.

Жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялар

Яғни трихомониаз, токсоплазмоз, сифилис, хламидиоз, сондай-ақұшық және т.б. инфекциялары жүктіліктің алғашқы кезеңінде түсіктің себепшісі болады.

Сондықтан жүктілікке дейінинфекцияны емдеуді қолға алу керек.

Инфекциялық және жалпы ішкі органдардың аурулары

Улану мен дене қызуының көтерілуімен көрініс табатын кез келген ауру түсікке себепші болады. Ол аурулардың ішінде қызылша, вирусты гепатит, тұмау алдыңғы орында тұр.

Сонымен қатар қарапайым баспаның (ангина) жүктіліктің 4-10 апта кезеңінде өте қауіпті екенін естеріңізде ұстаңыздар.

Ал пневмония, пиелонефрит, аппендициттің жүкті әйелдер мен жатырындағы ұрық үшін қаншалықты қатерлі екені айтпаса да түсінікті.

Сондықтан баланы жоспарламас бұрын толық медициналық тексеруден өтіп, бойыңызда қандай да бір созылмалы ауру болса, алдымен соны емдетіп алған жөн.

Жасанды түсік жасату

Түсік – жай ғана медициналық манипуляция емес, ол ең алдымен әйел адамның ағзасы үшін, әсіресе, аналық жыныс безі, бүйрек безі үшін үлкен соққы.

Сондай-ақ жасанды түсік жыныс органдарының жұмысын бұзып, түрлі созылмалы аурулардың тууына әкеліп соқтырады. Осылайша ол бедеулік пен үнемі түсік тастаудың себепшісі болады.

Дәрілер мен шөптер

Жүктіліктің алғашқы кезеңінде дәрі-дәрмекке мүлде жоламаған дұрыс. Өйткені олардың көпшілігі ерте түсік тастауға немесе ұрықтың дұрыс дамуына кедергі болады.

Түрлі қоспалы дәрілер ғана емес, халықтық медицинада қолданатын шөптердің де кері әсерлері болып жататынын ескеріңіз.

Күйзеліс

Қорқыныш, уайым, өкпе-реніш пен күйзеліс жатырдағы кішкентай өмір иесіне көп күш салады. Сондықтан жүктілік кезінде уайымға салынбаңыз.

Әрдайым көтеріңкі көңіл күймен жүру керек. Ал тағдырдың жазуымен үлкен қайғы-қасіретке тап болсаңыз, міндетті түрде дәрігеріңізбен осы жайында әңгімелесіп, кеңесін алыңыз.

Салауатты өмір салтын ұстанбау

Арақ-шарап, темекі мен есірткі, кофені шамадан тыс қолдану, дұрыс тамақтанбау – мұның бәрі түсік тастаудың себепшісі. Сондықтан жаман дағдылардан аулақ болыңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.

Биіктен құлау, ауыр көтеру, жыныстық қатынас

Құрсақ көтерген соң әр әйел өзінің ғана емес, болашақ баласының да денсаулығы мен өміріне жауапты. Сондықтан құрсағындағы шарананың өміріне қауіп төндіретін кез келген жағдайдан аулақ болуы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/932585-zhuktiliktinh-alghashqy-kezenhinde-bolat/