Ғалымдар жылаудың денсаулыққа аса пайдалы екенiн анықтады
Жарияланған күні:
Ғалымдар жылаудың денсаулыққа аса пайдалы екенiн дәлелдеп отыр. Тiптi ашуланған жағдайда үнсiз отырып алатын адамдарға қарағанда бiр жылап алатын жандар өзiне ғана жақсылық жасамай, айналасына да жағымды әсер қалдырады екен деп жазады zhasalash.kz.
Ұлыбритания мен АҚШ ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулерiнен кейiн “жылаудың денсаулыққа пайдасы мол” деген тоқтамға келдi.
Өйткенi ғалымдар жылаған адамның күйзелiстен арылатынын анықтаған. Ланкастер және Миннесота университеттерiнiң мамандары жүргiзген зерттеуге мыңдаған адам қатысты.
Ал олардың 88 пайызының “тостағандарын жуғаннан” кейiн көңiл-күйi көтерiлген әрi денсаулығы да жақсарған.
Ғалымдар мұны былай түсiндiредi: жылаған кезде жастың неғұрлым көбiрек шыққаны жақсы.
Егер жас сыртқа шықпаса, ағзадан жүрек талмасын туындататын зиянды заттар бөлiнедi. Ал жанарыңыздан жас моншақтаған сәтте күйзелiс гармоны – картизолдың деңгейi төмендейдi.
Бiрақ жылаған осы екен деп болар-болмас нәрсеге еңiрей берудiң қажетi жоқ. Себебi кiрпiктен үзiлiп түсетiн жастың да сан түрi бар.
Ғалымдар оны бiрнеше топқа бөледi. Солардың iшiнде ең жиi кездесетiнi – эмоциялық жас пен физикалық жас.
Соңғысы адам қандай да бiр дене мүшесiн ауырсынғанда, оқыстан соққы алғанда, басы ауырғанда, тiсi қақсағанда т.б. шығуы мүмкiн.
Оның химиялық құрамы эмоциялық жастан өзгеше. Ал эмоциялық жас бөлiнгенде ағзадағы артериялық қысым ретке келедi.
Бiр ескеретiн мәселе, көңiл босағанда, жасты iркiп қалуға болмайды. Бұл – денсаулыққа зиян. Ал жылауды әлсiздiктiң белгiсi деп қана тану – қате.
Көне грек батырлары орайы келiп тұрғанда, бiр жылап алуды ұят санамаған. Өйткенi халық сол кездiң өзiнде жылаудың пайдалы екенiн ұғынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/945715-ghalymdar-zhylaudynh-densaulyqqa-asa-pa/