RU
Денсаулық
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

Әділбек Мұқажанов: Ұлттық ғылыми онкология орталығы шетелдік клиникалардан кем емес

Жарияланған күні:

Әділбек Мұқажанов
Әділбек Мұқажанов. Фото: ННОЦ

Қатерлі ісікпен күресте отандық медицина әлемдік емдеу стандартына сай болуға және олардан қалыспауға ұмтылады. Онкологиялық ауруды анықтау мен емдеуде инновациялық технологиялар кеңінен қолданылып, алдын алу шараларының тиімділігі артып келеді. Осы ретте Ұлттық ғылыми онкология орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Мұқажанов NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, елдегі онкология саласындағы өзгерістер мен ерте диагностика әдістерінің маңыздылығы жайлы айтты.

- Ұлттық ғылыми онкология орталығы – елдегі қатерлі ісіктерді диагностикалау және емдеу саласындағы жетекші мекемелердің бірі. Қазіргі уақытта орталықта онкологиялық ауруларды анықтаудың қандай заманауи әдістері қолданылады?

- Иә, Ұлттық ғылыми онкология орталығы – қатерлі ісіктерді анықтау мен емдеуде өзіндік орны бар, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған медициналық мекеме. Біз өткен жылдың соңында ел президентінің тапсырмасымен бой көтерген, жаңа ғимаратқа көштік.

Сұрағыңызға келер болсақ, біздің орталық диагностика саласында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), цифрлық маммография және рентген аппараттарын кеңінен қолданады. Бұл диагностикалық жабдықтар еліміздің әр өңірінде бар болғанымен, біздегі құрылғылар – соңғы үлгідегі, жоғары дәлдіктегі заманауи қондырғылар.

Сонымен қатар мекемеде эксперттік эндоскопиялық орталық жұмыс істейді. Онда фиброгастродуоденоскопия, бронхоскопия, колоноскопия, энтероскопия сынды эндоскопиялық зерттеулер жүргізіледі. Орталықтағы жаңашылдықтардың бірі – ультрадыбыстық зерттеу датчигі бар эндосонография аппараттары. Бұл технология эндоскопия мен ультрадыбыстық зерттеуді біріктіріп, ісіктерді анықтауға және көздеп биопсия алуға мүмкіндік береді. Мұндай аппараттар Қазақстанда екі онкология орталығында ғана бар.

Тағы бір маңызды аппараттардың бірі – гибридтік операция бөлмелерінде орналасқан екі ангиограф. Бұл аппараттар қан тамырлары арқылы ісікті диагностикалауға көмектеседі және оны жергілікті түрде емдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, замануи ангиографтың көмегімен химиоэмболизация жасауға болады, яғни біз химиопрепаратты қатерлі ісіктің ішіне қан тамыры арқылы дәл енгізе аламыз. Осы құралмен біз Қазақстанда алғаш болып радиоэмболизация тәсілін енгізуге жоспарлап отырмыз.

Орталықта позитрондық эмиссиялық компьютерлік томография (ПЭТ-КТ), бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография (ОФЭТ-КТ) және позитрондық эмиссиялық магниттірезонанстық томография (ПЭТ-МРТ) сияқты ең жаңа диагностикалық әдістер қолданылады. Мысалы, ПЭТ-КТ – радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық ауруларды дәл диагностикалауға мүмкіндік беретін аппарат. Ол ісіктің орналасқан жерін, метастаздардың таралуын көрсетіп қана қоймай, емдеу динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. ОФЭТ-КТ сүйек тіндеріндегі метастаздарды анықтайтын болса, ал ПЭТ-МРТ жұмсақ тіндерді диагностикалауда жоғары дәлдікке ие заманауи құрылғы. Айта кету керек, аталмыш аппараттар арнайы радиофармпрепараттар арқылы жұмыс істейді. Сол себеппен біздің орталықта 11 түрлі радиофармпрепарат өндіріп шығаратын, циклотондық өндірістік кешен іске қосылмақшы. Бұл кешен осы жылдың наурыз-сәуір айларында жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.

Диагностиканың жаңа деңгейі – жасанды интеллект технологияларын енгізу. Қазіргі уақытта орталықтағы аппараттарды жасанды интеллект көмегімен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар онкологиялық ауруларды анықтауда зертханалық зерттеулердің маңызы зор. Біз иммуногистологиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулерге арналған зертханаларды кеңейтіп жатырмыз. Бұл науқастарға нақты әрі толық диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы онкологиялық ауруларды ерте анықтау мен тиімді емдеуге қажетті барлық заманауи құралдармен жабдықталған, әрі жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Әділбек Қайырбекұлы, ауруды ерте кезеңде анықтау қаншалықты маңызды?

- Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтаудың маңызы зор. Егер ауру алғашқы сатыларында, яғни бірінші немесе екінші кезеңінде анықталса, науқастың толық сауығып кету мүмкіндігі 95-100 пайызға дейін жетеді. Сонымен қатар емдеу мерзімі де қысқарады. Мәселен қатерлі ісік бастапқы кезеңде анықталса, емдеу тек хирургиялық операциямен немесе сәулелік терапиямен шектелуі мүмкін. Мұндай жағдайда науқас 1-2 айдың ішінде сауығып кетуі ықтимал. Ал егер науқас үшінші немесе төртінші сатыда дәрігердің көмегіне жүгінсе, толық жазылу мүмкіндігі күрт төмендейді. Мысалы, асқазан қатерлі ісігі бірінші сатысында анықталған жағдайда, науқастың толық жазылу ықтималдығы 100 пайызға жуық болады. Бірақ ауру төртінші сатыда анықталған жағдайда, бұл көрсеткіш 10-15 пайызға дейін төмендейді, кейбір жағдайларда ем мүлде нәтиже бермеуі мүмкін. Сондай-ақ ауру асқынған сайын емдеу процесі ұзаққа созылады. Ісіктің орналасуына байланысты емдеу мерзімі 4 айдан 1 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Бұл тек адамның денсаулығына ғана емес, өмір сапасына да әсер етеді. Сонымен қатар науқас жұмысқа жарамсыз болып, табысынан айырылуы мүмкін, ал кейбірі 1-2 жылға дейін мүгедектікке шалдығады.

Қатерлі ісік алғашқы сатыларында білінбеуі мүмкін. Сондықтан адамдар тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп тұруы керек. Скринингтік бағдарламаларға қатысу немесе денсаулығында қандай да бір өзгеріс байқалса, дереу дәрігерге қаралу – аурудың алдын-алудың ең тиімді жолы.

- Бұрындары көп адам өз денсаулығына немқұрайлы қарап, тексеруден өтпейтін еді. Қазіргі уақытта адамдар жыл сайынғы медициналық тексерістен өз қалауы бойынша өте ме? Тенденция өзгерді ме?

- Қазіргі уақытта бұл мәселеде оң өзгерістер бар. Адамдар ақпаратты көбірек оқып, денсаулығына мән бере бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының, ғаламтордың ықпалымен халықтың онкологиялық аурулар туралы сауаттылығы артып келеді. Жастар да өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарай бастады.

Дегенмен жағдай түбегейлі өзгерді деп айтуға әлі ерте. Көпшілік әлі де тексерістен өтуге асықпайды. Статистикаға сүйенсек, былтыр елімізде 40 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылды. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді, бұл – жаһандық тенденция. Дегенмен, оң өзгерістер де бар: ерте кезеңде (1-2 саты) анықталған жағдайлар саны жыл сайын өсіп келеді, ал 4-сатысында анықталған ісіктердің үлесі азайып барады. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ дамыған елдермен салыстырғанда біздің көрсеткіштер әлі де төмен.

Қазіргі таңда медициналық орталықтарға келіп, тексерілетін адамдардың саны артып келеді. Бұған ерте диагностиканың дамуы, заманауи жоғары технологиялық аппараттардың қолжетімді болуы әсер етіп жатыр. Дегенмен қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бес жылдық және одан ұзақ өмір сүру көрсеткіші дамыған елдерге қарағанда бізде әлі де төмен. Бірақ бұл көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді және қазір 60пайызға жуықтады. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60 пайыздан жоғары.

Бұл бір жылда өзгере салатын мәселе емес. Бұл үрдіске ерте диагностика, 4-сатыдағы науқастардың санын азайту, өмір сүру ұзақтығын арттыру сияқты факторлар әсер етеді. Сондай-ақ диагноз қойылғаннан кейінгі адамның өмір салты да маңызды рөл атқарады. Кейбір науқастар емделіп шыққан соң, толық жазылдым деп ойлап, денсаулығына тиісті күтім жасамайды. Бірақ онкологиялық диагноз қойылған сәттен бастап, науқас өз денсаулығына мұқият қарауы қажет. Емнен кейін де тұрақты түрде онколог-дәрігерге қаралып, барлық медициналық ұсыныстарды орындағаны жөн.

- Орталықта қатерлі ісікті емдеудің қандай заманауи әдістері қолданылады?

- Біздің орталықта қатерлі ісікті емдеудің заманауи үш негізгі әдісі қолданылады, оның ішінде хирургиялық, сәулелік және дәрілік емдеу. Енді жаңа корпустың іске қосылуына байланысты сәулелік терапияның жаңа бағыттарын іске қосып жатырмыз.

Қазір төрт заманауи сызықтық үдеткіш іске қосылды. Бұл құрылғылардың басты ерекшелігі – жасанды интеллект жүйесімен жабдықталғаны. Олар ісіктің өзгеру үдерісін бірнеше минут ішінде талдап, қажет болған жағдайда емдеу жоспарын автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек протондық терапия орталығы іске қосылмақ. Бұл – Қазақстандағы және Орта Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы болмақ. Қазіргі таңда оны іске қосу жұмыстары жүргізілуде, сәуір айында толық іске қосу жоспарланып отыр. Әлемде бар болғаны 70-ке жуық мемлекетте ғана осындай орталық бар, сондықтан бұл – еліміз үшін үлкен жаңалық.

Протондық терапияның артықшылығы – оның дәстүрлі сәулелік терапиямен салыстырғанда жанама әсері әлдеқайда аз. Себебі протондық терапия тек қатерлі ісік жасушаларын нысанаға алып, сау тіндерге барынша аз әсер етеді. Осы ерекшелігінің арқасында ол балалар онкологиясында өте маңызды рөл атқарады. Мысалы миға жақын орналасқан ісіктерді емдеу кезінде (мысалы, көз маңында) дәстүрлі сәулелік терапияны қолдансақ, науқас көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Ал протондық терапияның қоршаған тіндерге әсері аз болғандықтан, мұндай қауіп мейлінше төмендейді.

Сондай-ақы протондық терапия бүлдіршіндердің болашақ денсаулығына да оң әсер етеді. Дәстүрлі радиациялық емдеу кейде екінші рет қатерлі ісіктің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Ал протондық терапияның мұндай жанама әсерлері жоқ, сондықтан бала есейген кезде денсаулығына зиян келтірмейді.

Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін біз қазақстандық балаларды протондық терапиямен емдеуді бастаймыз, бұл – отандық медицинадағы үлкен қадам.

- Жаңа ғимараттың ашылуы көптен күткен оқиғалардың бірі болды. Сіз бұл мекемеде жаңа бағыттар мен заманауи талаптарға сай диагностика мен емдеу тәсілдерінің біртіндеп енгізіліп жатқаның сөзге тиек еттіңіз. Ал енді науқастардың жайлылығы үшін қандай жағдайлар қарастырылған?

- Ең алдымен жаңа ғимарат науқастардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында салынды. Әр палата науқастың ыңғайына сай жабдықталған, әрқайсысында жайлы кереуеттер, жеке дәретхана және теледидар бар.

Сонымен қатар диагностика бөлімінің барлығы осы ғимараттың ішінде орналасқан, сондықтан науқастарға басқа жерге барудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта біз екінші ғимаратымызды да күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаңартылған екі ғимарат жерасты өткелі арқылы бір-бірімен байланысады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде науқастар үшін өте ыңғайлы болады, себебі далаға шығудың қажеті болмайды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барлық қажетті жағдай қарастырылған: ғимарат лифттермен, пандустармен жабдықталған, сондай-ақ арнайы бейімделген санитарлық-гигиена орындары бар.

Жаңа корпуста жалпы 210 жатын орын, оның ішінде 24 реанимациялық төсек орны және 8 радиотерапиялық палата қарастырылған. Радиойодтерапия бөліміндегі жатын орындар – біздің орталық үшін жаңа тәжірибе. Бұған дейін елімізде радиойодтерапиялық емдеу палаталары тек Семей қаласында ғана болған. Енді біздің орталықта қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарға радиойодтерапиялық ем жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл – онкологиялық науқастар үшін маңызды жаңалық. Өйткені радиойодтерапияға кезек күткен адамдар көп, ал біз осы кезекті қысқартуды көздеп отырмыз.

Жалпы, біздің жаңа ғимаратымыз шетелдік клиникалардан асып түспесе кем емес.

- Онкологиялық аурулары бар науқастар үшін жеке емдеу жоспары қалай жүзеге асады? Әр пациенттің генетикалық ерекшеліктерін ескеру не үшін маңызды?

- Заманауи медицина, оның ішінде онкология бір орында тұрмайды, медициналық білім-ғылым күн санап дамып келеді. Қазір емдеу әдістері көбейіп, әрбір науқасқа жеке емдеу жоспарын жасауға мүмкіндік туып отыр. Себебі қатерлі ісік бір диагноз болғанымен, әр адамның емдеу сезімталдығы әртүрлі болады. Сондықтан жоғарыда айтып кеткен молекулярлық-генетикалық және иммуногистохимиялық зерттеулердің маңызы зор. Бұл зерттеулер арқылы адамның ағзасындағы мутацияларды анықтауға, оның белгілі бір дәрілік препараттарға сезімталдығын бағалауға көмектеседі. Яғни әр адамға ең тиімді жеке емдеу тактикасын жасауға мүмкіндік береді.

Молекулярлық-генетикалық зерттеулер тек емдеуге ғана емес, сонымен қатар науқаста тұқым қуалайтын онкологиялық қауіптің бар-жоғын анықтауға да көмектеседі. Бұл ақпарат отбасындағы басқа мүшелердің дер кезінде тексеруден өтуіне және алдын-алу шараларын қабылдауына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта емдеу жоспары мультидисциплинарлық топтың шешімімен бекітіледі. Бұл комиссия құрамына онколог-хирург, химиотерапевт, радиолог, патоморфолог және басқа да мамандар кіреді. Олар науқастың жағдайын жан-жақты зерттеп, ең тиімді емдеу жоспарын жасайды. Яғни, науқастың диагнозы мен алдағы емі бір ғана дәрігердің емес, бірнеше маманның талқылауынан кейін анықталады.

- Заманауи емдеу әдістерінің арқасында науқастардың өмір сүру сапасы қаншалықты жақсарды?

- Қазіргі заманғы емдеу әдістерінің арқасында науқастардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарды. Ең алдымен адамның өмір сүру ұзақтығы артып келеді, бұл – қатерлі ісіктерді ерте анықтау мен заманауи емдеу әдістерін қолданудың бірден бір нәтижесі.

Хирургиялық оталардың минималды инвазивті әдістері науқастардың тез сауығып, ауруханада ұзақ жатпауына мүмкіндік береді. Мұндай операциялардан кейін науқастардың қалыпты өмірге оралу уақыты қысқарады.

Сонымен қатар химиотерапия барысында ауырсынуды азайтатын заманауи препараттар қолданылуда. Бұл науқастардың емдеу процесінен жайлы өтуіне көмектеседі және олардың өмір сүру сапасын арттырады.

Жалпы онкологиялық ауруларды емдеу тәсілдерінің жетілдірілуі пациенттердің өмір сапасын жақсартуға, олардың күнделікті белсенділігін сақтауға және толыққанды өмір сүруіне ықпал етеді.

- Әділбек Қайырбекұлы, сіздің ойыңызша алдағы 10-20 жылда қатерлі ісікті анықтау мен емдеуде қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Айтып кеткенімдей, онкология саласы қарқынды дамып келеді, алдағы онжылдықта бұл өзгеріс одан әрі үдей түседі деп ойлаймын. Себебі қатерлі ісікке шалдығу жағдайлары экологиялық өзгерістер, өмір сүру салты және өндірістік даму факторларына байланысты көбейіп келеді.

Бірақ диагностиканың жетілдірілуі мен жаңа емдеу әдістерінің пайда болуы қатерлі ісікпен күресуде үлкен жетістіктерге әкеледі. Жасанды интеллект көмегімен ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артады, бұл науқастардың толық сауығу ықтималдығын жоғарлатады. Сондай-ақ иммунотерапия, таргеттік және протондық терапия секілді жаңа буын емдеу әдістері кеңінен қолданылып, ісікті неғұрлым тиімді әрі аз мөлшерде зиянмен емдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан да медициналық технологияларды дамытуды басты назарда ұстап келеді. Алдағы жылдары елімізде жоғары технологиялық әдістер енгізіледі деп сенемін. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктер ашып, қатерлі ісікке қарсы күресте маңызды жетістіктерге жетуге септігін тигізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2223284-adilbek-muqazhanov-ulttyq-gylymi-onkologiia-ortalygy-sheteldik-klinikalardan-kem-emes/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif