Шудағы аяғы ауыр әйелдің өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі тексеруді бастады
Жарияланған күні:

Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы Шу аудандық ауруханасында аяғы ауыр әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша тексеруді бастады. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жамбыл облысы Шу ауданындағы ана өлімі фактісі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шу ауданының емханасы мен ауданаралық орталық ауруханасына қатысты тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, тексеруді бастады.
Тексеру жүргізу кезеңінде Шу ауданының ауданаралық орталық ауруханасының бас дәрігері мен перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі атқаратын лауазымдарынан шеттетілді.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е. Мұсабаев тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс жарияланды.
Медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен қағидаларын бұзуға жол берген басқа адамдарға қатысты да жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданатын болады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Жамбыл облысының әкімімен өңірлік босандыру қызметі жұмысының сапасын жақсарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын талқылаған.
Жамбыл облысында медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында ведомство басшысы Тараз қаласында вице-министр Е.Нұрлыбаевтың төрағалығымен ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын өткізуді тапсырған. Оның шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша жедел шаралар әзірлеу жоспарланып жатыр.
"Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзушылықтарды жою мақсатында Жамбыл облысының барлық босандыру ұйымдарына мониторинг жүргізуге бастамашылық жасады.
Бұдан басқа, Шу көпбейінді орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесінің төсектерін акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді өңірлендірудің II деңгейіне сәйкес келетін аудандық орталық аурухана деңгейіне ауыстыру жоспарлануда", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасында 26 жастағы аяғы ауыр келіншектің көз жұмғанын, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2232414-shu-audandyq-auruhanasynda-aiagy-auyr-aielding-qaitys-boluyna-bailanysty-tekseris-bastaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.