Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы жазаны қатаңдату туралы ұсынысты қолдады
Опубликовано:
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы жазаны қатаңдату туралы ұсынысты қолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды.
Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек.
Президент үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады", - деп жазды Руслан Желдібай Telegram-дағы арнасында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарағанды мен Қостанайда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандықтарға үндеу жасап, адам өмірін арашалап жүрген жандарға қарсы қатыгездікті тоқтатуға шақырған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2267946-meditsina-qyzmetkerlerine-zhasalgan-shabuyl-toqaev-ukimetke-tiisti-zangnamalyq-tuzetuler-azirleudi-tapsyrdy/