Денсаулық сақтау министрі: Қазақстанда тұмау желтоқсанның ортасына дейін өршуі мүмкін
Опубликовано:
Читать на русском
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сенат кулуарында тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың өршуіне байланысты үкіметте қабылданғалы отырған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақмарал Әлназарова ел көлемінде ұсынымдар әзірленетінін айтты.
"Кеше үкімет отырысында барлық облыс әкімдеріне Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің тиісті қаулысымен жергілікті аумақтық басқармаларға осындай қаулылар қабылдауға рұқсат берілгені айтылды. Бүгінде 11 облыста мектептерде шектеулер енгізіліп, 220-ға жуық сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды. Ең алдымен бұл – бастауыш сынып оқушылары, 1-сыныптан бастап 5-ші сыныпқа дейін", - деді ол.
Министр "Гонконг" тұмауының қаншалықты қауіпті екеніне де тоқталды.
"Гонконг тұмауы Қазақстанда 2001 жылдан бері белгілі. Бұл бүгінгі таңда жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау тудыратын көптеген вирустардың бірі. Әрине, адамның жасы ұлғайған сайын вирустық инфекция соғұрлым ауыр өтеді. Елде осы апта мен келесі аптада жылы ауа райы сақталады. Біздің болжам бойынша, желтоқсанның ортасына дейін вирустық инфекциялардың өсімі тіркелуі мүмкін. Сол себепті адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болған жөн. Қолды жиі жуу, бөлмені желдету керек, маска тағып жүру де артық болмайды. Жалпы халық үшін маска тағу міндетті емес. Бірақ медицина қызметкерлеріне бұл талап міндетті", - деді Ақмарал Әлназарова.
Министр күн суытса, ауру көрсеткіші бәсеңдейді деген пікірде.
"Тұмаудың таралуын тоқтату үшін, ең кемі екі-үш апта суық ауа райы қажет. Сонда вирустың айналымы да азаяды, халықтың сыртта және қоғамдық орындарда жүруі де қысқарады. Егер аяз болса, жағдай тұрақталады. Бірақ алдын ала болжам бойынша, бұл процесс желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін. Биыл тұмау маусымы былтырғыға қарағанда 3-4 апта ерте басталды. Өздеріңіз көріп отырсыздар, биыл күн райы өте жылы. Жалпы жылыну құбылысы барлық жерде байқалады. Сондықтан бұл жағдай тұмау мен ЖРВИ-дің әдеттегіден ертерек өршуіне әсер етіп отыр", - деді Ақмарал Әлназарова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2311274-densaulyq-saqtau-ministri-qazaqstanda-tumau-zheltoqsannyng-ortasyna-deiin-orshui-mumkin/