Балаларға МӘМС есебінен брекеттер тегін қойылатыны рас па: Медициналық сақтандыру қоры жауап берді
Опубликовано:
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әлеуметтік желілерде балаларға МӘМС есебінен брекеттерді тегін қоюға қатысты тараған ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қордың мәліметінше, ақпараттық кеңістікте Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және бірқатар облыста 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМС аясында брекеттер мен импланттар қою бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны туралы хабарлама тараған.
"Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазіргі уақытта мұндай жоба іске қосылмағанын ресми түрде хабарлайды. МӘМС жүйесінде балаларға тек жедел және жоспарлы түрде бірқатар стоматологиялық қызмет, соның ішінде ортодонтиялық көмек қана қарастырылған", - делінген хабарламада.
Қор өкілдері МӘМС есебінен халықтың белгілі бір санаттары тіс тегін емдете алатынын еске салды.
Соның ішінде балалар жедел және жоспарлы стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Оларға күрделі тісжегіні, пульпитті және периодонтитті емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцессті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау, сондай-ақ алдын алу шаралары – фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және басқа да қызметтер кіреді.
Сондай-ақ балалар МӘМС жүйесі бойынша ортодонтиялық көмекті де ала алады.
"Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Аталған қызмет тізіміне ортодонт кеңесі, туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар үшін ортодонтиялық пластинканы қолдана отырып тіс-жақ аномалияларын түзету, ортодонтиялық коррекция, кешенді бастапқы тексеру, тіс қалыбын алу, сүт және тұрақты тістерді тегістеу, сонымен қатар ортопантомография кіреді.
Туа бітті және жүре пайда болған жақ-бет аймағының деформациялары бар балаларға медициналық көмек стоматолог дәрігердің көрсетілімдері бойынша амбулаториялық жағдайда немесе стоматологиялық және жақ-бет хирургиясы қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдарда бет-жақ хирург-дәрігері тарапынан көрсетіледі. Барлық аталған қызмет МӘМС аясында ұсынылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз