Алматы әуежайында Нипах вирусы анықталған жағдайда әрекет ету шаралары пысықталды
Опубликовано:
Алматы әуежайында аса қауіпті инфекцияларды, оның ішінде Нипах вирусын анықтау және оқшаулау бойынша дайындықты тексеруге бағытталған оқу-жаттығу өтті. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Оқу-жаттығуға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің, жедел медициналық жәрдемнің, инфекциялық стационардың мамандары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, кеден қызметі, полиция департаменті, сондай-ақ Алматы қаласының халықаралық әуежайының өкілдері қатысқан.
Сценарийге сәйкес, Нипах вирусын жұқтыруы мүмкін жолаушы анықталған. Барлық қызмет әрекеттердің толық алгоритмін – бастапқы санитариялық-карантиндік бақылау мен оқшаулаудан бастап, науқасты ауруханаға жатқызу, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуге дейін пысықтаған.
"Оқу-жаттығулардың қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейдегі дайындығы мен үйлесімділігі расталды.
Қолданыстағы алгоритмдердің әлеуетті биологиялық қатерлерге жедел ден қоюға және халық үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Іс-шара соңында өткізілген жұмыс кеңесінде атқарылған жұмыстар талданып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу мемлекеттік шекараның санитариялық қорғау жүйесінің маңызды элементі болып табылады және елдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады", - делінген хабарламада.
Айта кетелік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеген еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2337651-almaty-auezhaiynda-nipah-virusy-anyqtalgan-zhagdaida-areket-etu-sharalary-pysyqtaldy/