Астаналық дәрігерлер 11-13 жас аралығындағы қыздардың ата-аналарына үндеу жасады
Опубликовано:
Елордалық дәрігерлер жыл сайын қалада жатыр мойны обырының 120-дан астам жаңа дерегі тіркелетінін мәлім етті. Олардың айтуынша, бұл дерт көбінесе адам папилломасы вирусын жұқтыру салдарынан пайда болады. Медицина мамандары 11-13 жас аралығындағы қыздардың ата-аналарына осыған байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева, және акушер-гинеколог дәрігер, профессор әрі №13 қалалық емхананың директоры Жанерке Әжетова адам папилломасы вирусына қарсы иммундау науқаны туралы баяндады. Мамандар бұл онкологиялық аурудың алдын алуға уақытылы вакцинация көмектесетінін айтады.
Астанада 2024 жылдың 20 қыркүйегінен бастап 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. Иммундау үшін АҚШ-та өндірілген төрт валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Ол АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен, оның ішінде ең қауіпті онкогенді 16 және 18 типтерінен қорғайды. Вакцина екі кезеңмен, алты айлық аралықпен салынады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша вакцинаның бірінші дозасын 7 094 қыз алған, бұл мақсатты топтың 47,18 пайызын құрайды. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша екінші дозамен 8 035 қыз қамтылып, вакцинация деңгейі 42,8 пайызға жеткен.
Мамандардың айтуынша, "Гардасил" вакцинасы қауіпсіз, оның құрамында тірі вирус немесе оның ДНҚ-сы жоқ, сондықтан АПВ-инфекциясын немесе онкологиялық ауруды тудырмайды. Вакцинадан кейінгі ықтимал реакциялар қысқа мерзімді болып, екпе салынған жерде қызару немесе дене қызуының сәл көтерілуімен ғана шектеледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізуді ұсынады. Қазақстанда бұл вакцина Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және 11 жастағы қыз балаларға тегін, екі рет салынады.
"Ата-аналарға, педагогтерге, медицина қызметкерлеріне және қоғам белсенділеріне профилактиканы қолдап, дәлелді медицинаға сенуге шақырамыз. Астанада вакцинация барлық емханада 11 жастан 13 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларға дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін тегін жүргізіледі. АПВ-ға қарсы вакцинация – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған стратегиялық инвестиция әрі онкологиялық аурулар жүгін азайтудың тиімді жолы. Астана бұл бағытта бүкіл елге үлгі бола алады", - деді спикерлер.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2339778-astanalyq-darigerler-11-13-zhas-aralygyndagy-qyz-balalardyng-ata-analaryna-undeu-zhasady/