"Эпиджағдайды тұрақтандыру мүмкін болмай отыр": СЭБК қызылшаға байланысты ата-аналарға үндеу жасады
Опубликовано:
ДСМ-нің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Комитеттің мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға шалдығу деңгейі 85 пайызға төмендегеніне қарамастан, былтыр қарашадан бастап ауырғандар саны қайта өсе бастаған.
"Алаңдатарлық жайт – науқастардың басым бөлігі екпе алмаған балалар. Ауруға шалдыққандардың 79 пайызы қызылшаға қарсы мүлде вакцина алмаған, ал 8 пайыздан астамы вакцинацияның толық курсын өтпеген.
Сырқаттанған балалардың 59 пайызы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты егілмеген", - делінген үндеуде.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері індетке қарсы барлық қажетті шараны қабылдап жатқанын атап өтті.
"Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда инфекция таралуының негізгі себебі – ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуы.
Тек 2025 жылдың өзінде профилактикалық егулерден 19 мыңнан астам бас тарту жағдайы тіркелді. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың нашарлауына әкелді.
Құрметті ата-аналар, есте сақтаңыздар: қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін", - делінген комитет үндеуінде.
Комитет қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация екенін, қызылшаға қарсы екпе ұзақ, мерзімді иммунитет қалыптастыратынын және инфекцияның өзінен де, оның ауыр салдарларынан да тиімді қорғайтынын еске салды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2340543-epidzhagdaidy-turaqtandyru-mumkin-bolmai-otyr-sebk-qyzylsha-auruyna-bailanysty-ata-analarga-undeu-zhasady/