"Ана ретінде, дәрігер ретінде": денсаулық сақтау министрі қызылшаға байланысты ата-аналарға үндеу жасады
Опубликовано:
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда қызылшамен ауырғандар санының өсуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті ата-аналар! Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық – баласының қауіпсіздігі екенін жақсы білемін.
Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркелуде. Бұл "қарапайым балалар инфекциясы" емес. Қызылша – асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді", - деді министр.
Ведомство басшысы Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.
"6-10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қазіргі таңда сырқаттанушылықтың өсу қарқынының төмендеуі байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді.
Сенімді қорғанудың жалғыз жолы – вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген.
Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз", - деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі ата-аналарды балалардың денсаулығына бейжай қарамай, екпені уақытылы алуға шақырды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2349573-ana-retinde-dariger-retinde-densaulyq-saqtau-ministri-qyzylshaga-bailanysty-ata-analarga-undeu-zhasady/