RU
Денсаулық
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

Эндоскопия және онкология: қатерлі ісікті ерте анықтаудың жолы қандай

Жарияланған күні:

Қанат Батырбеков
Қанат Батырбеков. Фото: ННОЦ

Қатерлі ісікті ерте анықтау – онкологиялық аурулармен күрестегі ең маңызды қадам. Дәл диагноз қойылмайынша тиімді ем жүргізу мүмкін емес, ал эндоскопия – бұл саладағы негізгі әдістердің бірі. Ұлттық ғылыми онкология орталығының Эксперттік эндоскопия орталығының жетекшісі, жоғары санатты эндоскопист-дәрігер Қанат Батырбеков KAZ.NUR.KZ-ке сұхбатында эндоскопияның онкологиядағы маңызы, оның басқа диагностикалық әдістерден айырмашылығы, жаңа технологиялар мен Қазақстандағы қолжетімділігі туралы айтып берді.

- Эндоскопия онкологиялық ауруларды анықтауда қандай рөл атқарады?

- Эндоскопия – онкология саласында бұрыннан қолданылып келе жатқан маңызды әдістердің бірі, оның маңызы жылдан жылға артып келеді. Бұл тәсіл ісіктің морфологиялық түрін нақты анықтауға мүмкіндік береді, ал онкологиялық ауруларды тиімді емдеу үшін дәл диагноз қою өте маңызды.

Эндоскопиялық зерттеу кезінде дәрігер күдікті тіндерді көзбен қарап қана қоймай, олардан биопсия алып, гистологиялық талдау жүргізе алады. Осылайша, эндоскопия қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, оның түрін ажыратуға және емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Ал ерте кезеңде анықталған қатерлі ісік дер кезінде емделсе, науқастың өмірін сақтап қалуға немесе оның сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламалардың маңызы зор. Мәселен асқазан мен тоқ ішек обырын ерте анықтау үшін жүргізілетін тексерулер көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Қазіргі уақытта онкологиялық ауруларды анықтау үшін эндоскопиялық зерттеулердің толық спектрі қолданылады. Оның ішінде гастроскопия, колоноскопия, бронхоскопия, ларингоскопия, капсула эндоскопиясы, эндосонография және энтероскопия бар.

- Қандай қатерлі ісіктерді эндоскопиялық зерттеу арқылы анықтауға болады?

- Ең алдымен, эндоскопия асқазан-ішек жолдары мен тыныс алу жүйесіндегі қатерлі ісіктерді анықтауда аса тиімді. Бұл әдіспен көмей, өңеш, асқазан, тоқ ішек, бауыр мен өт жолдары, сондай-ақ өкпе ісіктерін диагностикалауға болады.

- Қазақстандағы медициналық мекемелерде эндоскопия қаншалықты қолжетімді?

- Бүгінде эндоскопиялық кабинеттер мен бөлімшелер еліміздің барлық дерлік қалалық және аудандық емханаcында, онкодиспансерлерде жұмыс істейді. Эндоскопиялық зерттеулер жеке медициналық орталықтарда да жүргізіледі. Науқастар бұл қызметті мемлекеттік медициналық мекемелерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін пайдалана алады немесе жеке клиникаларда ақылы тексеруден өте алады. Біздің клиникада да МӘМС арқылы немесе ақылы негізде емделу мүмкіндігі қарастырылған.

Қанат Батырбеков операция бөлмесінде әріптестерімен
Фото: ННОЦ

- Эндоскопиялық зерттеулердің МРТ немесе КТ сияқты басқа диагностикалық әдістерден қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?

- Классикалық эндоскопияның басты шектеуі – ол тек дене мүшесінің ішкі бетін көрсетіп, терең орналасқан тіндер туралы толық ақпарат бере алмайды. Ал МРТ мен КТ ағзаның құрылымын қабатты кескіндер арқылы жан-жақты көрсетеді.

Дегенмен эндоскопияның негізгі артықшылығы – зерттеуді нақты уақыт режимінде жүргізіп, бірден биопсия алу мүмкіндігі. Сонымен қатар эндоскопиялық әдістер арқылы кейбір ісікті (неоплазмаларды) бірден алып тастауға болады. Заманауи эндосонография (эндоскопиялық ультрадыбыстық зерттеу) субмукозальды түзілістер мен лимфа түйіндерін анық көруге мүмкіндік беріп, эндоскопияның диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

- Эндоскопия кезінде науқастарда жүрек айну рефлексі пайда болуы мүмкін. Осы зерттеу барысында олардың жайлылығын қамтамасыз ету және қауіп-қатерді азайту үшін қандай шаралар қолданылады?

- Эндоскопиялық зерттеу кезінде науқастың өзін жайлы сезінуі үшін көктамыр арқылы енгізілетін жеңіл ұйықтату (седация) әдісі кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл пациенттің ауырсыну мен жайсыздықты сезінуін барынша азайтады. Сонымен қатар седация дәрігерге зерттеуді асықпай, мұқият жүргізуге мүмкіндік береді, бұл диагноздың дәлдігін арттырады.

- Технологиялық жаңалықтар соңғы жылдары эндоскопияны қалай өзгертті?

- Соңғы жылдары эндоскопия қарқынды дамып, диагностикалық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Заманауи эндоскоптарда оптикалық және цифрлық технологиялар қолданылып, шырышты қабықтың жоғары ажыратымдылықтағы бейнесін алуға мүмкіндік берді. Үлкейтіп көрсету функциясы (zoom endoscop) енгізіліп, тіндердегі өзгерістерді жан-жақты зерттеуге жағдай жасады.

Сонымен қатар Қазақстанда оперативті эндоскопия белсенді дамып келеді. Бұрын тек хирургиялық араласуды қажет ететін кейбір оталар (пероральді миотомия, эндоскопиялық дивертикулотомия, шырышасты диссекциясы, толық қабырғалы резекциялар, эндоскопиялық гастропластика) бүгінде эндоскопиялық әдіспен сәтті орындалып жүр.

- Онкологиялық ауруларды диагностикалауда эндоскопист-дәрігерлер қандай қиындықтарға тап болады?

- Көп жағдайда қиындықтар техникалық себептерге байланысты. Мысалы, кейбір ісіктердің орналасқан жеріне байланысты оларға жету қиын болуы мүмкін. Сондай-ақ ісік тінінің қатты болуы биопсия алуға әсер етіп, қосымша зерттеулерді қажет етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда эндосонография мен арнайы аспаптар көмегімен биопсия алу әдістері қолданылады.

- Сіздің ойыңызша, қатерлі ісіктерді диагностикалауда эндоскопияны кеңінен қолдануға не ықпал етеді?

- Заманауи технологиялар мен жаңа медициналық құрал-жабдықтардың дамуы эндоскопияның мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда эндоскопияда жасанды интеллект элементтері қолданылып, кескіндерді өңдеу, патологиялық өзгерістерді анықтау ісін жеңілдетуде. Болашақта жасанды интеллект дәрігерлерге диагноз қоюды жетілдіруге және қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауға айтарлықтай көмек көрсетеді деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2218493-endoskopiia-zhane-onkologiia-qaterli-isikti-erte-anyqtaudyng-zholy-qandai/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif