Бір өліп, бір тірілдім: өзге жүрекпен өмір сүріп жатқан елорда тұрғыны ағынан жарылды
Жарияланған күні:

Гүлмира Смаилованың мамандығы педагог-психолог, қазір ол елордадағы жүрек орталығында жұмыс істейді. 36 жастағы Астана тұрғынының осыдан 10 жыл бұрын жүрегі ауыстырылды. Kazinform тілшісі өзге жүрек иесін әңгімеге тартқан еді.
"Биыл 1 маусымда жүрегімді ауыстырғанына 10 жыл болады. Менде жүрек ақауы 2010 жылы басталды, 2011 жылы Астана қаласына емделуге келдім, сол кезде дәрігерлер жүрек ауыстыру керек деп бірден айтты. Бірақ ол кезде Қазақстанда жүрек отасы жоқ және қашан болатынын білмедік. Сосын маған аппарат қойды, яғни жасанды жүрек, сонымен 3,5 жыл жүрдім, осы уақыт аралығында мені донор табылды деп төрт рет шақырды, бірақ жүректі салуға туыстары рұқсат бермей ота жасалмады. Жалпы донор табылғанда бір ғана емес, бірнеше адамды шақырады және жүректің кімге келетінін көреді. Әрине жүрек ауыстыру керек дегенде қорқыныш болды, сол үшін де елордаға көшіп келдік", - деді Гүлмира Смайылова.
Бірнеше жыл жасанды жүрекпен өмір сүрген Гүлмираға 2015 жылы жүрек доноры табылып, ота жасалды. Содан бері жаңа жүрекпен өмір сүріп жатыр.
"Донор Ақтөбе қаласынан, ер адам, әрине алдымен Аллаһтың жазуымен және донордың туыстарының рұқсат беруімен жаңа жүрекке ие болдым. Жарық өмірді отбасыммен бірге сүріп жатырмын. Ота елордадағы жүрек орталығында тегін жасалды. Ота қиын, бір өліп, бір тірілдім, көп дәрі ішеміз. Күтімге келсек, дұрыс тамақтану және спортпен шұғылданған абзал, жиі жаяу жүрген пайдалы. Жылына бір рет кардиологиялық ем алып тұрамын, жақында ғана кезекті ем алдым. Отбасым бар, жалғыз ұлымды тәрбиелеп отырмын", - дейді ол.
Гүлмира Смайыловаға "ер адамның жүрегімен өмір сүру қалай екен, қандай сезімдесіз?" деген сауал жиі қойылады екен.
"Бұл сұрақ жиі қойылады, яғни ер адамның жүрегі ғой, мүмкін ер адамның мінез-құлқы, қылықтары пайда болды ма дейді. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ, сол баяғы өз қалпым. Ендігі арманым, бір өліп-тірілгеннен кейін пайдалы, мағыналы өмір сүргім келеді. Донор мен оның жақындарын да ойлаймын. Себебі олар маған келісімін берді, мен жауаптымын", - деп толғанды жаңа жүрек иесі.
Айта кетсек, осы күнге дейін елімізде жүз адамға донорлық жүрек қойылды. Алғаш елімізде жүрек трансплантациясы 2012 жылы 38 жастағы пациентке жасалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2224754-bir-olip-bir-tirildim-ozge-zhurekpen-omir-surip-zhatqan-elorda-turgyny-agynan-zharyldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.